Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Төлеген Бәстеновтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Бұған дейін бірқатар беделді қызметтерді атқарған экс-шенеунік ірі көлемде пара алу сәтінде құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түсті. Ол мердігер компаниядан мектеп құрылысына бөлінген қаржыдан 8 млн. 700 мың теңге беруін талап еткен. Қазір оның осы әрекетіне қатысты «аса ірі көлемде пара алу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу абақтысына қамалды.
Т. Бәстенов Кереку өңірі жұртшылығына жақсы таныс. Павлодар ауданына екі рет әкім болған екен. Аймақ басшысының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып та қызмет атқарды. «Т. Бәстенов 13-ші желтоқсанда сот санкциясымен қамауға алынды. Қазір оның қылмысына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде»,-дейді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы.