Аймақтар • 29 Қаңтар, 2021

Тоқсанның төріндегі Төртүй

647 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Екібастұздық жас ақын Ерболат Әміренов Төртүй ауылының шежірелі өткеніне арнап «Тоқ­санның төріндегі ауылым» атты кітап шығарды. Естеліктер мен деректер негізінде жазылған бұл кітапта ауылдың әр кезеңдегі жылдары, өсіп-өркендеуі, ауылдықтар жайлы баяндалады.

Тоқсанның төріндегі Төртүй

 

– Ауылдың 90 жылдық тойына біз бірнеше ауқымды іс-шара жоспарладық, бәрі де жүзеге асырылды. Той дегенде тек дастарқан, аста-төк, шашылу емес, қайта жинақталу, әркімнің туған жерге деген сый-құрметі, ауылға деген қолдау, көмек бірге жүреді ғой. Ауыл тұрғындары белсенділік танытып, барлық іске бірге атсалысты. Мектептің 1989, 1982, 1984, 2007 жылғы түлектері демеушілік жасап, ауыл ішілік қажетті жұмыстарға көмектесті. Ерболат бауырымыз ауылымыз туралы жазған дүниесін сыйға тартты. Ағайынды Болат, Марат Құспековтер мектепті Teacher office құралдарымен жабдықтады. Ауылды қоқыстан тазалауға жастар қолғабыс етті. Көшелер тегістеліп, құм төселіп, сырланып, патриоттық тақы­рыптағы билбордтар қойылды, – дейді ауыл әкімі Жанат Ибраев.

Ж.Ибраевтың айтуынша, Екібастұз ауылдық аумағының тұрғындар саны – бар-жоғы 1 105 адам. Ауылдық аумақ­қа Төртүй, Тай, Мыңтомар, Ақши, Талды­қамыс, Көксиыр, Қаражар – жеті шағын ауыл қарайды. Барлығы бірігіп Екібастұз ауылдық аумағы деп аталады. Орталығы – Төртүй ауылы. Ақшиде – 47, Мыңтомарда – 132, Көксиырда – 106, Қаражарда – 78, Тайда – 283, Төртүйде 490 адам тұрып жатыр. Өткен бір қиын кездерде, 90-шы жылдары ауылдан тұрғындар көшіп кетті. Өзге ұлт өкілдері атамекендеріне кетті. Тай мен Төртүй ауылында қуғын-сүргін көрген неміс ұлтының өкілдері тұрған. Қазір енді осы ауылда қалған тұрғындар 90 жылдық мерейтойды көріп, болашаққа сеніммен қарап, әрі қарай да өмірін осы елмен, жермен жалғастыруда.

Төртүй, Тай, Көксиыр ауылдарын елім, жерім деп қалған 4 молдаван, 5 орыс, 3 украин, 2 башқұрт отбасылары бала-ша­ғаларымен тұрып жатыр. Тіпті, ауылдың 90 жылдық мерейтойына қазір Германияда тұратын, кезінде ауылдастары, көршілері болған Флора Функ, Ресейде тұратын Мария Роторлар отбасылармен келіпті. Ауылдастары барлығы бірігіп 90 жылдық құрметіне арнап, ауыл бағына 20 түп қарағай көшеттерін отырғызыпты.

Былтыр Төртүй мен Тай ауылдарында әр үйге орталықтандырылған су жүйесі тартылып, шағын ауылдарға КБМ орнатылған. Ауылдық аумаққа қарасты Ақши, Мыңтомар, Көксиыр, Қаражар, Талдықамыс ауылдары да қоқыстан тазаланыпты. Әр ауылға кіре­беріске тұрғындар демеушілігімен атауы жазылған стеллалар орнатылды. Дәрі­герлік қызмет көрсететін дәрігерлік амбулаторияда 3 медқызметкер және «Жедел жәрдем» автокөлігі жұмыс істейді. Дәріхана ашылды. Клуб, кітапхана, шағын футбол алаңы бар. Көкпар командасы құрылды, жігіттер өз қаражаттарына киімдерін тіккізіп, аттар сатып алуда. Барлығы 55 шақырым қашықтықты құрайтын 7 ауылдың арасындағы жолға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Жолдарды «Тұрсын-Групп» ЖШС жасады. Көктемде су тасқынынан бүлінген Қаражардағы көпір қалпына келтірілді. Енді Төртүйден Екібастұз қаласына дейінгі жолды жарқыратып жөндеп берсе, ауыл тұрғындары бір қуанар ма еді.

– Қазір ауыл мектебінде – 77 оқушы, 22 мұғалім, бюджеттік интернат, шағын орталық, Өлеңті негізгі мектебінде – 37 оқушы, 17 мұғалім, шағын орталық бар. Бұрынғыдай емес, бала саны азайды. Біздің басты мәселе – ауылды сақтау, тұрғындарды орнықты түрде осы жерде қалдыру, әлеуметтік жағдайларын жасау, оңтүстіктен, шеттен келем деген әрбір қазақ отбасын лайықты қарсы алу, қолдау. Қазір той емес, ойланатын кез келді. Осы 90 жылдық ауыл тойының шарапаты тиіп, ауылға қажетті біраз тірлікті жасап ал­ғаны­мызға қуаныштымыз, – дейді ауыл әкімі.

Оның айтуынша, былтыр осы аз қалған ауыл ортасын толтыру үшін Қытайдан Шаяхмет Халел, Нұрзат Өміржан, Нұрзат Қуандық, Тоқтаубек Бақытбек сияқты отбасылар бастап барлығы 61 адам, 12 оқу­шысы бар көшіп келіпті. Қазір бар­лығы үйлеріне орнығып, мал, несие алып, ауылдың ерулігінен дәм татып, тіршілік жасауда. Көшіп келген қандас­тарымызға қалалық мешіттің Зекет қорынан қайырымдылық шаралары барысында көмек көрсетіліпті.

– Жалпы, ауылдық аумақта 63 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мысалы, «Арнұр» шаруа қожалығы 80 бас асыл тұқымды мал, «Алексей» шаруа қожалығы 30 бас асыл тұқымды мал сатып алды. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға, көшіп келушілерге де 5 тоннадан көмір таратылды. Шаруа қожалықтары әр мерекеде, қарттар күнінде, жаңа жылда көп балалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуде, – дейді Ж.Ибраев.

Ал Төртүй ауылы Ақкөл-Жайылма өңірінде пайда болған алғашқы шаруашылық екен. Ерболат Әміренов ауылдың өткен жолын қалалық, облыстық архив қорларынан табылған зерттеу жазбалары арқылы мысалдар келтіріп берген. Сарғайған архив жазбаларында 1930 жылдан бастап совхоздың жыл сайынғы кезекті есеп беруі, жылдағы өсімдер мен тө­мендеуге байланысты барлық құжаты сақталған.

– Қазір Төртүй дейміз, ал бұрынғы «Екібастұз» совхозы аштықты да, соғысты да бастан өткерген. Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру саясатын өткізді. Сола­қай саясат салдарынан совхоздың егістік көлемі күрт азайып кетеді. Мал шаруашылығы күйзеліске ұшырайды. Мысалы, 1932 жылдың желтоқсанынан 1933 жылдың сәуір айына дейін жұмыс­керлердің еңбекақысы бидай және жармамен төленіп отырған. Соғыс жылдарында жауынгерлер майданда, совхозда еңбеккерлер еңбек еткен. Соғысқа аттанып, елге оралмағандардың да, елге оралып, еңбек еткендердің де аты-жөндерін бердік, – дейді Ерболат.

Облыстық архивтен Жоғарғы Кеңес Пре­зидиумының 1947 жылдың 16 қыр­­күйегіндегі Социалистік жарыста қол жеткізген табыстары үшін Асам­­­­баев Құр­маш, Төлеубаев Қаусын, Байма­ғам­бетов Байнияз, Алтыбаев Кусей­бек, Рахимов Мұхтар, Дүйсенов Теміржан, Әбдіхалықов Түйміш, Жолдасов Шакен, Біләлов Қадыр, Ақышев Әйтім, Жүнүсова Мәкіш, Сәрсенбинов Солтан тағы басқа да ауыл адамдары медальдармен ма­рапатталғандары жазылған тізім табылған.

Ал кітаптың негізгі тақырыбына ар­қау болған Екібастұздың Төртүй ауылы, шежірелі Ақкөл-Жайылма өңірі тегін жат­қан беймәлім жер емес. Екібастұз және Ақ­тоғай аудандарының аумағындағы бұл жер­ді жергілікті жұрт әулиелі Ақкөл-Жа­йылма, Өлеңті-Шідерті даласы деп те атайды.

Жалпы, ел аузында әулиелі Ақкөл-Жайылмасы туралы аңыз-әңгі­мелер де аз емес. Сонау бір кездері Жер­ұйығын іздеп жүрген Асан қайғы бабамыз Шідерті өзенін көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп койғанда тоқтайтын, жылқының қонысы екен» депті. Өлеңті өзенін көргенде тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы – май, Шідертінің шөбі – май» деп жүре беріпті. Ауыл ақсақалдары болса, Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында бұл өңірдің атауын ару қыз Баян сұлумен байланыстырғанын айтады. Сөйтсе, Өлеңті өзенінің төменгі ағысында Қара оба, Сары оба деген жерлер екі байдың қыстауы болған екен. Сарыбайдың ерке қызы Баян сұлу жиын жасап, өлең-жырмен думан қылған жер содан Өлеңті, сұлудың шідері түсіп қалған жер Шідерті деп аталып кеткен екен.

Тағы бір нұсқасы, осы жердің атауы жағрафиялық ерекшелігіне орай шыққан деседі. Көктемде Өлеңті өзені арнасынан асып, Әулиекөлді, Бәсентиін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы деп аталатын тоғыз көлді суға толтырады екен. Көлдердің суы жиектен аса жайылып барып, ақ сағымдай су толы аппақ көлге айналса керек. Осы керемет көрініске таңғалған ауылдықтар «Ақкөл жайылды» деп, содан жайылма атап кеткен. Бұл күндері, өкінішке қарай, аста-төк ақ көбік су толатын осы табиғат құдіреті экология құрбанына айналып кеткен де болар.

Ал жергілікті ғалымдар болса, бұл күндері археологиялық мұраға айналған Төртүй маңындағы Өлеңті жазулары қо­ла дәуірінде пайда болғанын зерттеді. Тастарға бұғылар, қарақұйрықтар, қа­бандар мен өзге де жабайы аңдардың бейнелері және адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру пәлсәфасынан хабар беретін суреттер қашалып жасалыпты. Сонау XVI-XVII ғасырларда Ақкөл-Жайылма қалмақтардың қолында қалып, елдің белгісіндей қалқиып тұрған кесенелердің қабырғаларын ат күшімен тартып құлатып жоқ етіпті деседі. Содан ба екен, қираған кесенелер мен қорғандардың орнын қазақтар бертінге дейін қалмақтардың обасы деп келгені де рас.

Жалпы, Шідерті, Өлеңті өзендерінің бойында орналасқан ерте темір дәуіріне (сақ кезеңіне) жататын ескерткіштерді 50-ші жылдары зерттеген атақты археолог Мир Қадырбаев еді. Тарихи әдебиетте шартты түрде «Мұртты қорғандар» деп аталатын осы дәуірдің ескерткіштерін М.Қадырбаев Төртүй ауылының маңынан тауып, «Тасмола мәдениеті» деп атағаны белгілі. Кейін «Тасмола мәдениетін» одан әрі ғылыми негізде жас ғалым, жергілікті археолог Айбар Қасенәлі өзінің зерттеу жазбасында ғылыми тұрғыда нақты деректермен толықтырды.

Өлеңті өзенінің жағалауындағы таң­балы балбал тастар, көне қорғандар, петроглиф таңбалары қорғауға алынуы тиіс. Ауыл тұрғындары «Жер бетінде жатқан көне ескерткіштерді музей-қорық­қа айналдырып, табиғи жәдігерлерді сақтап қалуымыз керек» дейді.

Ғалым Қайрат Батталовтың айтуынша, Ақкөл-Жайылма маңайындағы Төртүй, Тай ауылдарының жері неолит пен энео­лит дәуірінің мекені, қола дәуірінің жерлеу орны мен ежелгі темір дәуірінің, көшпенділердің қорғаны болған. Бірақ айдалада жатыр деген бе екен, күнбасты, мүйізді бұқаны соқаға жеккен адамдардың бейнелері анық көрінетін тастардың осы тұстарын қиып әкеткен де көрінеді.

Иә, әр ауылдың қазақ үшін қастерлі шежірелі өткені бар. Бойтұмарындай сақтайды, қадірлейді. Әр ауыл өзге жерден қызық іздемей, көшіп кетпей, қиындығы мен қызығын қатар көріп ауылдарына бауыр басып отырған халқымен қымбат. Төртүй ауылы да – осындай құнды ше­жірелі тарихтың иесі. Ерболат бауырымыз да өзінің туған ауылы туралы жазған, жинақтаған кітабын 90 жылдық атаулы күні ауылына апарып, таныстырып, таратты.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы,

Төртүй ауылы