Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 27 119 адам короновирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 6 492 пациент стационарда, 20 627 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Дертке шалдыққандардың арасында 266 адамның жағдайы ауыр, 39 пациенттің жағдайы өте ауыр, 38 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.
Жиын барысында вице-министр коронавирус вакцинасын сақтау үшін өңір әкімдіктері тоңазытқыш құрылғыларын алып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, вакцинаны жеткізу жұмысы негізгі 4 кезеңнен тұрады. Ең алдымен өндірушіден бірыңғай дистрибьютордың қоймасына жеткізіледі. Одан кейін бірыңғай дистрибьютордың қоймасынан өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының дәріхана қоймаларына әкелінеді. Осыдан кейін үшінші кезеңде өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары бұл вакциналарды қалалар мен аудандардағы медициналық ұйымдарға тасымалдайды. Төртінші кезеңде вакцина сол медициналық ұйымдарда сапалы күйде сақталуы керек.
«Вакциналау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде 0,5 мл мөлшерінде салынады. Осыдан кейін екінші кезеңде 21 күннен соң 0,5 мл мөлшерінде екінші компонент салынады. Вакцина бұлшық еттің ішіне жіберу арқылы ғана егілетінін атап өту керек. Оны бұлшық етке салады. Иықтың сыртқы бөлігіне егеді. Вакцинаны салмас бұрын вакцина флаконы бөлме температурасында сақталуы керек. 0,5 мл дозаны алатын бір реттік шприц қолданылады. Жылытылған флаконнан 3 мл-ға дейін дозаны алуға болады. Яғни бір флакон 5 адамға жетеді», деді М.Шоранов.
М.Шоранов коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының қандай жағдайда ем болмайтындығын айтып берді.
«Ең алдымен анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар, жүктілік және бала емізу кезеңдері, 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарттар. Қазіргі уақытта аталған санаттағы адамдарды вакциналау туралы деректердің аз болуынан, біз өндірушілер ұсынатын материалдарды үнемі зерттеп отырамыз және осы санаттарға вакциналарды қауіпсіз жүргізу туралы жаңа ақпарат түскен сайын көрсеткіштер кеңейтіліп отырады», деді ол. Вице-министр препаратты бауыр мен бүйректің созылмалы ауруы барларға, қант диабеті сынды эндокриндік жүйенің айқын бұзылысы байқалғандарға сақтықпен қолдану қажеттігін ескертті.
«Қан түзілу жүйесінің ауыр сырқаттарында, эпилепсия, инсульт және орталық жүйке жүйесінің басқа ауруларында, жүрек-қантамыр жүйесі дерттерінде, бастапқы және қайталама иммун тапшылығы мен аутоиммунды, сондай-ақ, демікпе және созылмалы обструктивті өкпе ауруларында сақтық таныту қажет. Диабетпен және метаболикалық синдром, атопия мен экзема аллергиялық реакциялары, сондай-ақ қатерлі ісік, қатерлі қан аурулары бар науқастарға вакцина саларда ағза жағдайын жекелей қарастыру керек. Яғни бұл жағдайлар абсолютті қарсы көрсетілімдерге жатпайды және вакциналау кезінде әр науқастың жалпы жағдайына байланысты дербес тағайындалуы тиіс», деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар вице-министр QazCovid-іn қазақстандық вакцинасын бірінші кезеңде шамамен 2 млн доза көлемінде өндіру жоспарланғанын жеткізді.
«Вакцина инактивирленген вирус пен зиянсыз адъювантқа негізделген, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және тағы басқа да бұрыннан қолданылып келе жатқан вакциналарды өндіруде қолданылады», деді М.Шоранов. QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижесі оның қауіпсіз екенін көрсеткен. Бірлі-жарым жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап күйдіру, шаншу әсерлері байқалған. Бұл ағзаның иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы. Аталмыш белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған.