Қоғам • 29 Қаңтар, 2021

«Жайлы ел іздеп кетті деп...»

1315 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміздің батыс өңіріндегі мұнай компанияларының бірінде еңбек етіп жүрген жас маманға шетелдік бөлімшеге ауысу туралы ұсыныс түскен екен. Кетейін десе, елдегі қартайған ата-анасы мен бауырларын қимайды, қалайын десе мұндай мүмкіндік енді қашан туатыны белгісіз. Шетелге барып, бәсекелі ортада білімі мен біліктілігін шыңдағысы келеді-ақ, ұсынған жалақысы да қомақты, қалтасын теспейтіні анық...

«Жайлы ел іздеп кетті деп...»

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Еркебұланның отбасын Ұлыбританияның Рединг қаласында білім алып жүрген 2016 жылы кездестірдік. Өзге елге оқуға жаңадан келген бір топ қазақ студенті үшін шағын қалада өз отандастарын кездестірудің қандай бақыт екенін білсеңіз ғой. Дүкенде өзара қазақша сөйлесіп тұрған бізге қолында кішкентай баласы бар жасы 30-дар шамасындағы әйел келіп, өзінің Атыраудан екенін, осында төрт жылдан бері тұратынын айтып, үйіне қонақ болуға шақырды. Осылайша, шетелде қазақ көрсе туысын тапқандай қуанатын студенттер Англияның оңтүстігіндегі шағын қаланың жаңа үйлер салынған ауданына қарай беттедік. Екі қабатты кең пәтерде Еркебұлан мен Жансая екі ұлымен тұрады екен, арасында қонаққа Қазақстаннан немерелерін сағынған ата-әжесі де келіп кететін көрінеді. Әңгімелесе келе, жаңа танысымыздың британдық мұнай компанияларының бірінде қызмет ететінін, жұмыс берушісінің жергілікті өлшем бойынша мына зәулім пәтердің ақысын, ұлының жеке меншік мектептегі оқуын төлейтінін де айтты.

Бұл бір ғана қазақ отбасының басындағы жағдай емес екені белгілі. Шетелге қызметі бойынша қоныс аударатындардың көбі – жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол, бәсекеге қабілетті азаматтар. Ағылшынша «brain drain» деп аталып кеткен бұл құбылыс жаһандану ғасырымен қатар ілгерілей бастады. 1970 жылмен салыстырғанда туған жерінен жырақта өмір сүріп жатқан адамдардың саны үш есе өскен. Бұрындары өзге елге жұмыс істеуге кеткен бірлі-екілі адамды білсек, бүгінде әркімнің шетелге кеткен танысы бар. Біз мұны елдегі ақыл-ой капиталының сыртқа кетуі немесе ақыл-ой көші деп атайтын болдық.

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Елбасы Н.Назарбаев жастардың шетел асуына не себеп деген мәселені көтерді. Білікті мамандардың өз елінен жыраққа кетуі – жалғыз Қазақстанды ғана емес, көптеген дамушы елдерді алаңдататын өзекті мәселелердің бірі деген пікір бар. Десе де бұл Ұлыбритания секілді дамыған елдерде де жиі кездесетін көрінеді. Мәселен, Британ үкіметі қазір Brexit салдарынан Еуропалық одақ елдеріне ағылған мамандар туралы айта бастады. АҚШ, Канада секілді Батыс елдері білікті азаматтарды жұмысқа тарту бойынша арнайы саясат жүргізіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты мамандардың бар жағдайын жасап бағады. Ливанның белгілі саясаткері, Парламент спикері Набих Берри елдегі ақыл-ой эмиграциясын ең үлкен мәселелердің бірі деп атап өтіп, мұны жастар арасындағы жұқпалы індетке теңеген екен. Расында да,  ел ауыстыруға жас азаматтар бейім келеді. Статистикаға сүйенсек, дүние жүзі бойынша 300 миллионға жуық мигрант бар. Дүниежүзілік экономикалық форумы өзге елге қоныс аударуға елдегі саяси жағдай мен табиғи апаттардан бөлек, көп жағдайда жақсы жұмыс пен сапалы білімге деген сұраныс себеп болатынын айтады.

Қазақстаннан кеткен жоғары білімді отандастарымыз дәл осы мақсатта қоныс аударғанын айтады. Тілдескен азаматтарымыздың бірі білікті маман бола тұра елдегі күнкөріс көзіне көңілі толмай, АҚШ-та қызмет көрсету саласында еңбектенуге келісіп отыр. Елімізде мемлекеттік қызметте бірнеше жыл жұмыс істеп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білімін жетілдірген Мақсат Елубай елге қайта келгенде 110 мың теңге айлыққа күн көру мүмкін болмағанын айтады. Оның өзі қарапайым жас маманның емес, тәжірибелі, шетелде оқыған, бір мекемедегі бөлім меңгерушісінің жалақысы еді.

«Шетелден келген соң, жұмысқа орналастым. Айлығым – 110 мың теңге. Бұл қаржыға отбасыңды асырау мүмкін емес, күнделікті шығыннан да артылмайды. Жалақының жақында көтерілетін түрі жоқ, ертеңге сенім артатын перспектива да көрмедім. Күйбелең тіршіліктен шаршап, шарасыз шетелге кету туралы шешім қабылдадым», дейді Мақсат.

Қазір ол мамандығы бойынша емес, қызмет көрсету саласында қарапайым жұмысшы болып, адал еңбегіммен аптасына 8-9 мың доллар ақша табамын дейді. Өз елінде осындай мүмкіндіктің жоғына ашынған кейіпкеріміз елге қайтқысы жоқ. Тек жылына бір рет туған-туысын көріп, сағынышын басса жеткілікті көрінеді. Қазақстандағы білікті маманның өмір сүру деңгейінен АҚШ-та қатардағы еңбекқор тұрғынның жағдайы әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткізген Мақсаттың  әзірге елге оралғысы жоқ, оған  кәсіби маман ретінде елге шақырып жатқан құзырлы мекемелер де жоқ.

Расында елдегі төмен жалақы, әсіресе шетелде білім алып немесе жұмыс істеп келген адам үшін мардымсыз екені белгілі. Ұлттық статистика бюросы 2020 жылы Қазақстандағы орташа жалақыны 200 мың теңгеден жоғары деп белгіледі. Десе де 200 мың теңге еңбекақыны елде нақты қанша адам алатыны үлкен сұрақ тудырады. Қазақстанның білікті кадрларының дәл осы жалақы мәселесіне көңілі толмай ел асып кетуі Қазақстандағы әлеуметтік мәселенің өзекті екенін көрсетеді.

Бір қызығы, Қазақстанға жұмыс іздеп келетін шетелдік мамандар да көп екен. Миграция бойынша халықаралық ұйымның (IOM) есебіне сәйкес, 2019 жылы елімізде 3,7 млн шетелдік азамат өмір сүрген. Халықаралық ұйым Қазақстанға шетелдік білікті мамандар үшін тартымды елдердің бірі деген баға берген. Байқағанымыздай, еліміз өз азаматтарын басқа елдерге жібергенімен, олардың орнын шетелдік кадрлар толтырып жатыр екен. Бізге келген халықаралық мамандарға жұмыс берушілер әлдеқайда жоғары жалақы беруге дайын көрінеді. Бұған еліміздің кейбір аймақтарындағы өндіріс орындарындағы осы сипаттағы жанжалдар дәлел бола алады. «Қолдағы алтынның қадірі жоқ» секілді, жергілікті жоғары білімді əрі тəжірибелі қызметкерлердің еңбегі қашан лайықты бағаланады? Бүгінгінің басты сауалы – осы.

Шетелге кеткеніне он  жылдан астам уақыт өткен отандастарымыздың бірі Мадияр Нұрланов Германияда денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Ол шетелге көшудің бәрі ойлағандай оңай емес екенін айтады.

«Туған жеріңді, туыс-тумаңды тастап, сөзі бейтаныс, діні мен ділі басқа  елге көшу – өмірімде қабылдаған ең қиын шешімдердің бірі болды. Одан артыңнан ерген екі балаңды мектепке орналастыру, баспана, жұмыс табудың өзі оңай болған жоқ. Ойлап қарасаңыз, тіркеуі не азаматтығы жоқ адамды шетелге келгенде ешкім құшақ жайып қарсы алмайды. Амал жоқ. Жүгіңмен қоса, бар үмітіңді жинап келген елден түк бітірмей қайтсаң тағы болмайды», деп күрсінді он жыл бұрынғы оқиғаны есіне алған кейіпкеріміз.

Қазақстаннан көшуге не себеп болғаны туралы толғанған ол біраз мәселенің түйінін тарқатты. «Оның бәрін айта берсең, сонда қалған ағайын жақтырмай қалады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп сынаған қанша танысым бар. Өз басым, еріккеннен елден жырақта жүрген жоқпын. Сол кезде медициналық мекемеде алатын айлығым мардымсыз еді, баспана жоқ, алған ақша пәтер мен азық-түлікке әрең жететін. Балалар өсіп келе жатты. Әрине, ана тілін, мәдениетін ұмытпасын дейсің. Алайда сапалы өмір сүріп, жақсы білім алуын одан жоғары қоясың. Мұны адамның сапалы өмір деңгейіне, жақсы тұрмысқа ұмтылуы дер едім бір сөзбен. Бізге кінә тағатындар осыны түсінсе деймін», деп түйіндеді әңгімесін Мадияр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтырдың өзінде қараша айын қоса алғанда 26 мыңнан астам адам Қазақстаннан  шетелге кеткен. Олардың көбі – білімді, білікті жастар. Әрбір үшінші эмигранттың жоғары білімі, ал әрбір төртіншісінің орташа білімі бар. Қоныс аударғандардың төрттен бірі 28 жасқа дейінгі азаматтар екен. Дәл осы құбылысты мамандар «ақыл-ой көші» деп атайды.

Шетел асқан отандастарымыздың бір бөлігі күнкөріс мәселесін басты себеп десе, енді біреуі білімін шыңдап, біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибе жинау үшін қоныс аударуға мәжбүр. Солардың бірі – Айжан Данабекова Ирландиядағы Google компаниясына қызмет көрсететін ұйымдардың бірінен ұсыныс алған. «Болашақ» бағдарламасының түлегі бастапқыда тәжірибе жинау мақсатында елде тағы бір жыл қалуға шешім қабылдайды. Халықаралық бағдарламалар орталығынан рұқсат алған Айжанды келесі жылы Majorel Ireland Limited компаниясы аға контент-шолушы лауазымына шақырады. Алайда «Болашақ» бағдарламасы шетелде уақытша қалуға рұқсат бермейді. Айжанның алдында Дублинде қалып халықаралық тәжірибе жинау немесе елге оралып, осында қызмет ету таңдауы тұр. Шетелде өз мамандығы бойынша жұмыс істеу кез келгеннің бағына бұйырмайтынын білетін отандасымыз мемлекеттік стипендиядан бас тартып, қаражатты қайтару туралы ойланып жүргенін айтады. Бұл секілді қиын таңдауда оның шетелде озық компаниялардың бірінде еңбек етіп, бәсекелі ортада кәсіби біліктілігін арттырсам деген тілегі таразы басын тартып тұрғаны түсінікті. Интернет қауіпсіздігі саласында шыңдалған кадрдың болашақта ел пайдасына  кәдеге асары сөзсіз.  Қалай болғанда да, Айжан секілді елден көшіп кетуді емес, тәжірибе жинап келуді ойлап жүргені қаншама.

Жоғарыда тілдескен жандардың барлығы елден жыраққа өздерінің қарым-қабілетін тиісінше бағалайтын, өз мүмкіндіктерін мейлінше жүзеге асыратын орта іздеп кеткеніне көз жеткіздік. Бұл – көші-қон саласының мәселесі ғана емес, еліміздің экономикалық, әлеуметтік әл-ауқатымен, адами капиталдың бағасымен тікелей байланысты үлкен проблема. Шетелде өмір сүріп, қызмет етіп, білім алып жатқан азаматтарды «жайлы ел іздеп кетті деп» кінәлауға болмас. Оның орнына мәселенің мән-жайын зерттеп, шешу жолын іздегеніміз дұрыс. Іргелі ел боламыз десек, өркениет көшінің алдыңғы қатарында болуға ұмтылсақ, білікті кадрларымызды бағалай білгеніміз абзал. Ендеше, «Жайлы жер  іздеп кетті деп, Жазғыра көрме, қарттарым» деп кезінде ақын Сағи Жиенбаев жырлағандай, ендігі жерде «жайлы ел іздеп кетті деп...» білікті, интеллектуалды жастарды жазғырудың жөні жоқ!  Жазғырудың орнына  білікті мамандарға мемлекет тарапынан сергек көзқарасты қалыптастыру керек-ақ!