Руханият • 29 Қаңтар, 2021

70 млн теңге аударған белгісіз кәсіпкер кім?

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, соңғы уақытта обыр кеселі белең алып тұр. Қатерлі ісікке шалдыққандар арасында балалар да бар. Жыл сайын Қазақстанда 600-дей баладан қатерлі ісік табылады. Ал дертті балаларға тиімді ем-доммен қатар психологиялық тұрғыдағы көмектің өзі де – орасан демеу.

70 млн теңге аударған белгісіз кәсіпкер кім?

Осы аптада Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар онкология­сы орталығына Баян Мақсатқызы келіп, сауапты іске мұрындық болды. Ол балалар онкологиясы орталығына жаңа термопоттар, микротолқынды пештер, теледидар, көп функциялы құрылғы, әдемі төсек жапқыштар және емделіп жатқан балаларға басқа да қажетті және пайдалы сыйлықтарды сыйға тартты.

ҚазОжРҒЗИ балалар онкологиясы орталығында кішкентай пациенттер химия және сәулелік терапия алып емделеді. Бұл орталық ҚазОжРҒЗИ-да 1979 жылы ашылған және осы жылдар ішінде онда мыңдаған бала емделіп шықты.

Биыл балалар онкологиясы орталығы толық жөндеуден өтті. Онда жайлы және жарық палаталар жасалып, желдету жүйесі мен сантехника толығымен өзгертілді, қабырғалар мен едендер арнайы медициналық материалмен қапталды, балалар алаңы жабдықталды және орталықтың барлық жеріне аудиожүйе орнатылып, жаңа жиһаз сатып алынды, сонымен қатар мүгедектер арбаларын көтеру үшін арнайы лифт орнатылды.

Жөндеу жұмыстарына керекті 70 млн теңгені белгісіз болып қалуды қалаған алматылық кәсіпкер беріп отыр. Міне, осылай Алматыдағы балалар онкологиясы бөлімшесінде жан жылытар сауапты істер атқарылып жатқан жайы бар.

Сондай-ақ биыл аталмыш орталықта Samsung компания­сының атынан жасалған смарт-бөлме пайда болды. Онда балалар интернет арқылы роботтехникамен және басқа да қызықты нәрселермен айналыса алады.

Сонымен қатар ҚазОжРҒЗИ-дың балалар онкологиясы орталығына «Амила» қоғамдық қоры мен «Help Today» қоғамдық қорының еріктілері де көп жылдардан бері өз үлестерін қосып келеді.

 

АЛМАТЫ