“Chevrolet Niva” автокөлігін тізгіндеген Жамбыл ауданының 37 жастағы тұрғынын полицейлер аудан орталығы Пресновкада ұстаған. Жүргізушіден ішімдіктің иісі білініп тұрған. Медициналық куәландыру ер адамның масаң күйде болғанын растады.
Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды және аудандық сотқа жіберілді. Бап санкциясымен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу, сондай-ақ жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру көзделген. Соңғы бірнеше тәулікте аттас жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде облыс жолдарында бес мас жүргізуші ұсталды. СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов “Мас жүргізуші” операциясының алғашқы күнінде Жол қозғалысы ережелерінің 477 бұзушылығы анықталғанын атап өтті. Басқару құқығынан айырылған 24 жүргізуші, жылдамдықты асырған – 28 және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 13 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін 70 жүргізуші, рөлде телефонды пайдаланғаны үшін 52 жүргізуші жауапқа тартылды.
– Басты міндет – автомобиль апаттарына және жаяу жүргіншілерді соғып кетуге, балалардың жол-көлік жарақаттануына жол бермеу. Қаңтардың 21-і мен 31-і аралығында “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасымен бірге “Қауіпсіз мектеп автобусы” акциясы өткізіледі, оқушылармен Жол қозғалысы ережелері туралы, жолды кесіп өту, велосипедпен жүру ережелері туралы әңгіме жүргізілуде, – деді Айдын Байматов.
Жыл басынан СҚО жолдарында 30-дан астам мас жүргізуші ұсталды. Облыстық “Мас жүргізуші” операциясы 30 қаңтарға дейін жалғасады.