Қоғам • 29 Қаңтар, 2021

Жаңа графиканы енгізу – қазақ тілінің ауқымды реформасы

656 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ғалымдардың айтуынша, жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Жаңа әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.  Жетілдірілген әліпбидің ерекшеліктері мен оның емелесі, пернетақтада орналасу реті,  және өзге де мәселелер бойынша анық-қанығын жұртшылыққа жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабамен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

Жаңа графиканы енгізу – қазақ тілінің ауқымды реформасы

- Президент мақұлдаған латын графикасына негізделген әліпби жобасының алдыңғы акутты жобадан басты айырмашылығы неде?

– Алдыңғы бекітілген әліпби бір ғана диакритикалық таңба акут белгісіне негізделген болатын. Мәселен ол әліпбиде ә, ө, ү, ғ, ң, у дыбыстарының таңбаларына акут белгісі қойылған және екі дыбыстың (ш, ч) таңбасы диграфпен (қос әріп)  берілген. Мамандардың ұзақ та тыңғылықты  талқылауынан, сараптауынан кейін, диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан мүлде алынып тасталды да, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон дикритикалық белгілері алынды. Бұрынғы бекітілген әліпби мен Президент мақұлдаған жаңа жобадағы басты айырмашылықтар осы. 

– Мақұлданған әліпби жобасын кімдер дайындады?

– Үкімет жанынан құрылған 4 топтан тұратын, құрамында 70-тен астам ғалым бар Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары даярлады. Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» орталығының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары. Бекітілген әліпбиді жетілдіру барысында Орфографиялық жұмыс тобының 8 отырысы өтті. Кеңейтілген отырысқа техникалық топтың ІТ мамандары, сондай-ақ терминологиялық, әдістемелік  жұмыс тобының мүшелері де шақырылып, әліпбидегі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде бұл әліпбиді Орфографиялық жұмыс тобының 95% қолдады.

– Жаңа жоба мамандардың талқылауынан өткізілді ме?

– Президент мақұлдаған әліпби жобасы мамандар талқылауынан сонымен бірге Республикалық деңгейде апробациядан өтті. Мәселен Республикадағы барлық Тіл орталықтары бекітілген әліпбидегі өзгерістерді сол өңірдегі тіл мамандарының талқысына салды және студенттер мен оқытушылар арасында сынамадан өткізді. Нәтижесін Орфографиялық жұмыс тобына ұсынып, жұмыс тобы мүшелері сынама қорытындысы негізіндегі ескертпе мен ұсыныстарды мұқият талқылады. Бұған қоса бастауыш мектеп мұғалімдері мен әдіскерлер тарапынан да сарапталды.

– Латын әліпбиіне көшкенде сан ғасырлар бойы жинақталған мұра оқылмай қалмай ма?

– Бұлай қауіптенуге еш негіз жоқ. Себебі, қазіргі таңда цифрландыру үрдісі қарқынды түрде қолға алынып жаты әрі технологияның мүмкіндігі өте жоғары. Қағаз нұсқадағы кирилмен жазылған кез келген ақпаратты электронды нұсқаға және ол нұсқаны жаңа латын әліпбиіне аудара салуға көп уақыттың қажеті жоқ. Қазір барлық саланың базасы цифрландырылып жатқанын білесіздер, мысалы конвертер жүйесі кирилмен жазылған мәтінді минут емес, бірнеше секундтың ішінде-ақ жаңа латын әліпбиіне аударып береді. 

– Президент мақұлдаған әліпби қашан ресми түрде бекітіледі және ол қолданысқа қай кезде енгізіледі?

– Орфографиялық жұмыс тобы даярлаған әліпби жобасы 2019 жылдың қараша айында Президентке таныстырылғанын білесіздер. Президент ол әліпби жобасын мақұлдап, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына байланысты құрылған Ұлттық комиссияға жолдады. Ұлттық комиссия отырысын ақпан айында өткізу жоспарланып отыр. Егер Ұлттық комиссия мүшелері Президентке таныстырылған әліпбиді дұрыс деп мақұлдаса, онда бекітуге ұсынылады.

– Бекітілген әліпби нұсқасын кімдерден бастап оқытасыздар? Осы жөнінде толығырақ айтсаңыздар.

– Егер әліпбиді Ұлттық комиссия мақұлдап, Президент ресми түрде бекітсе, ең бірінші, оқытушылар даярланады. Яғни латын әліпбиін үйрететін оқытушыларды даярлау үшін, республика көлемінде оқыту курстары жүреді. Оқыту курстары 12 және 36 сағаттық болады. Ол курстың арнайы бағдарламасы мен оқыту құралы  дайындалып жатыр. Курсқа қатысушылар жаңа әліпби құрамы мен латын әліпбиіне негізделген емле ережелерін толықтай меңгеріп шығады. Осы курстан оқып шыққан оқытушылар өз өңірлеріне барып, латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін болады.

– Әліпби бекітілген соң, жалпыхалықтың өз бетінше үйренуіне арналған қолжетімді құралдар дайындала ма?

– Әрине, оқу құралдары дайындалады және латын әліпбиін үйретуге арналған оқу құралдарын республиканың кез келген тұрғыны  пайдаланып, курсқа қатыспай-ақ өз еркімен үйрене алады. Оқу құралдарының барлығы электронды форматта, арнайы сайттарда жарияланады. Латын әліпбиін үйретуге бағытталған нұсқаулықтар, кітапшалар балаларға, егде жастағы адамдарға немесе сала мамандарына лайықталып жасалатын болады.

  • Әліпби және оның емле ережелеріне арналған мобильдік қосымшалар дайындала ма?

– Мобильді қосымшалар дайындау биылғы жоспарда жоқ болғанымен, болашақта қолға алынады. Оның құрылымы, жүйесі, қолдану ерекшелігі қандай болатыны алдағы уақытта анықталатын болады. Ал мобильді қосымшаға енгізілетін мәтіндер, тапсырмалар, емле ережелеріне қатысты түсіндірмелерді Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары, мамандар даярлап береді. Мамандар даярлаған мәтінді немесе тапсырмалар топтамасын ІТ мамандары мобильді қосымшаға енгізеді.

– Қазір мұғалімдер мен әдіскерлердің бәрі кирилл әліпбиіне маманданған. Ал жаңа әліпбиге мамандарды дайындау қалай жүзеге асырылады?

– Халық кирилл әліпбиімен жазып маманданғанымен, латын әліпбиін білмейтін адам кемде-кем. Себебі, сонау кеңестік кезеңнің өзінде кез келген мектепте не ағылшын, не неміс тілі пән ретінде оқытылды. Егемендік алғаннан кейін мектептер мен ЖОО-да ағылшын тілі міндетті оқытылатын пән ретінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Яғни біздің қоғам 100 пайыз латын әліпбиімен жақсы таныс. Сондықтан латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ әліпбиін меңгеріп кету көп қиындық тудыра қоймайды. Дегенмен қазіргі қолданыстағы кирилл жазуы мен алдағы бекітілетін латын әліпбиінің арасында 11 таңбада айырмашылық бар. Соғын сәйкес емле ережелерінде де өзгерістер орын алады. Осыны меңгеріп шығу үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылатын болады. Оқыту курстарында ең алдымен тренерлер, яғни латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін мамандар даярланатын болады.  

Жаңа әліпби оқушыларға мектепте, студенттерге колледждер мен университеттерде оқытылады. Ал ересек адамдар жаңа әліпбимен жазуды қай жерде үйренеді?

– Ересек адамдарға латын әліпбиі мен емле ережелерін меңгертуге арналған кітапшалар, нұсқаулықтар даярланатын болады. Егер курсқа қатысып үйренгісі келсе, оған шектеу жоқ.

Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден қандай айырмашылықтары бар?

– Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден басты айырмашылығы – оның тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне, заңдылығына сүйеніп жасалуында. Алдыңғы ережелер қазақ тілінің грамматикасынан гөрі, орыс тілінің грамматикасына сәйкес келетін. Яғни, орыс тілінің төл дыбыстары сол қалпында сақталып жазылды, сол арқылы енген кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясына сәйкестендіріп айтатын болдық. Мәселен, о деп жазып, оны а деп оқитын күйге жеттік. Ал жаңа емле тек қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалды, яғни орыстың 8 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э) кездесетін дыбыстарды қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Сондай-ақ, бүгінде кейбір сөздердің жазылуында ала-құлалық болды, яғни бір модельдегі сөздер әртүрлі жазылып жүрді. Енді сол олқылықтардың бәрі жаңа емледе бірізденіп, өз шешімдерін тапты. Сонымен қатар алдыңғы ережелер 10-12 тараудан, 129 параграфтан тұрса,  жаңа емле 9 тараудан, 102 параграфтан тұрады. Жаңа емле жазу нормаларын тұрақтандыратын, жұртшылықтың жазу мәдениетін көтеретін бірден-бір көмекші нұсқаулық болмақ.

– Ғалымдардың айтуынша, кісі есімдерін, географиялық атауларды жаңа әліпбимен жазуда кейбір өзгерістер болмақ. Осылардың ережесі мен стандарты жасала ма? 

– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тарапынан кісі есімдерінің, географиялық атаулардың жаңа латын әліпбиіне сай дұрыс жазылуына байланысты ережелер  әзірленіп жатыр. Жаңа сөз басында айтып өткеніміздей, орыс тілінің 8 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э) әліпби құрамына алынбағандықтан, олардың кісі есімдерінде, географиялық атауларында кездескен жағдайда қалай жазылады деген сұрақтарға жауап боларлық ереже дайындалуда. Яғни, Ереже республиканың барлық құжаттаушы мекемелерінің күнделікті жұмысында,  түрлі құзырлы  органдардың, банк ісі, нотариус, білім беру және басқа да аты-жөндерді, географиялық атауларды дұрыс жазу талап етілетін мекемелерде басшылыққа алынатын нормативтік құжат және практикалық құрал болып табылады.

Жаңа әліпбиге байланысты ІТ жобалар дайындала ма және олармен қандай сайттар арқылы танысуға болады?

– Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл-Қазына» орталығы жылсайын жаңа әліпбиді меңгертуге арналған ІТ жобалар әзірлеуде. Атап айтар болсақ, 2018 жылы «Қазлатын.кз», «Сөздікқор.кз», балаларға арналған «Жасырын сөз», «Сөзді тап» сынды мобильдік қосымшалар мен телевизиялық жобалар, 2019 жылы «Тілтаным» ток-шоуы, конвертер жүйесін енгізген болатын. Биылғы жылы да бірнеше жобаларды әзірлеу жоспарланып отыр. Оларды алдағы уақытта «Қазлатын.кз», «Тіл әлемі.кз», «Емле.кз» сайттарынан көре аласыздар.

Осы күнге дейін қазақ тіліне терминдер орыс тілі арқылы еніп келді.  Жаңа әліпби бекітілгеннен кейін терминдерді түпнұсқа тілден алу үдерісіне көшеміз бе?

– Иә, дұрыс айтасыз, бұған дейінгі тілімізге енген кірме сөздердің көпшілігін біз орыс тілінің ықпалы арқылы алатынбыз. Ендігі кезекте жаңа емледе терминдерді түпнұсқадан алып және оны соған  ұқсас жазатын боламыз.  Мәселен, онлайн, маркер, модератор т.т.

– Латын әліпбиі қазақтілді азаматтарға арналған. Елімізде мемлекеттік тілді білмейтіндер әліпбиді қалай меңгермек?

Елімізде мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарға арнайы дәрістер ұйымдастыратын боламыз. Сондай-ақ, өз бетінше меңгеруге арналған қолжетімді оқулықтарды, сөздіктерді ұсынамыз. Сонымен қатар, жаңа әліпби негізінде дұрыс жазуға бағыттайтын, емле ережелерді түсіндіруге арналған арнайы бейнесабақтар түсіріп, оны әлеуметтік желілерге, «Youtube» телеарнасы арқылы тарататын боламыз.

Қазір қоғамда: «Егер латын әліпбиіне көшсек, балаларымызды орыс мектебіне береміз» деген пікір көптеп таралып жүр. Сіз осы мәселеге қалай қарайсыз?

– Қоғам арасында мұндай пікірдің туындауының басты себебі – жұртшылықтың латын әліпбиін әліпби емес, тіл деп қабылдауынан болар деп ойлаймын. Яғни қазіргі ата-ана балаларымыздың басын ауыртқымыз келмейді, одан да өзінің білетін орыстілді мектептерге ауыстыра салсам бәрі жеңіл болады деп ойлайды. Бұл негізі қате пікір. Бала қазақ мектебінде оқысын, орыс мектебінде жалпы қай мектепте оқыса да,  онда қазақ тілі пәні негізгі пән ретінде оқытылады. Бұл дегеніміз балаға латын әліпбиін меңгеруге тура келеді. Бүгінде мектеп табалдырығын аттаған балалардың барлығында дерлік латын таңбалары визуалды тұрғыдан саналарында әбден сіңісіп қалған. Яғни олардың латын таңбаларына деген көздағдысы теледидар, көшедегі жарнамалар, тіпті ішіп-жеп жүрген тағамдарының сыртындағы жапсырмалар арқылы әбден қалыптасты. Бұл дегеніңіз қазір жастар латын әліпбиіне меңгеруге психологиялық жағынан да,  рухани жағынан да толық дайын. Сондықтан мұндай ата-аналарға айтарымыз,  керісінше балаларыңызбен бірге елімізде жүріп жатқан жаңа реформаны жүзеге асыруға өз үлестеріңізді қосыңыздар дегім келеді.

Әліпби нұсқасын дайындауда халықаралық тәжірибелер, атап айтсақ, Әзербайжанның, Өзбекстанның, Түркіменстанның жалпы әлемдік тәжірибелер ескерілді ме?

– Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін түзуде және оның емле ережелерін әзірлеуде халықаралық тәжірибелер толығымен ескерілді. Әсіресе, латын әліпбиіне көшкен түркі халықтарынан ішінен Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан Республикасының ғалымдары біз ұйымдастырған ісшараларға қатысып,  өз тәжірибелерімен бөлісіп, баяндама жасаған болатын. Былтыр халықаралық деңгейде екі үлкен семинар ұйымдастырылды. Оған 9 мемлекеттен шетелдік ғалымдар мен әдіскерлер қатысты. Тәжірибе алмасу барысында әсіресе Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы И.Насими атындағы Тіл білім институтының Түркі тілдері бөлімінің директоры Елчин Ибрахимов мырзаның пікірі маңызды болды. Ғалым әліпбидің құрамы аралас графикадан түзілген жағдайда алда қандай қиындықтар кездесетінін атап көрсетті. Мәселен, әзербайжан халқы бүгінде өздерінің әліпби құрамындағы «Ә» таңбасы латын графикасына сай болмауына байланысты, оның көп бағдарламада оқылмай, танылмай жатқандығын ашып айтты.

  Елімізде жаңа әліпбиге көшу 2025 жылға дейін деп қарастырылған. Оның негізгі кезеңдері қандай?

– Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жоспарын сәйкестендіріліп, халыққа жеткізіледі. 2021 жылы жаңа әліпби және оның емле ережелер жобасы бекітілгеннен кейін, әліпбиді, емлесін үйрететін оқытушыларды дайындау,  оқыту кезеңі басталады.

Сондай-ақ, алдағы жылдарда латын графикасы негізіндегі жаңа ортологиялық құралдар, нұсқаулықтар, анықтамалықтар шығатын болады. Яғни, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар, және т.б. жаңа әліпбимен оқу құралдары әзірленіп, 2023 жылдан 1-ші сыныпқа баратын оқушылар жаңа әліпбимен мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ, кезең-кезеңмен Қазақстан Республикасы азаматының паспорттары мен жеке куәліктері және басқа да құжаттар латын графикасы негізіндегі берілуі, мемлекеттік БАҚ-ты және баспа басылымдарын латын графикасына көшіру жұмыстары басталады.