Қазақстан • 29 Қаңтар, 2021

«Kazenergy» қауымдастығы жаңа жоспарларымен бөлісті

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Kazenergy» қауымдастығы ұйым кеңесінің 27-ші отырысын онлайн форматында өткізді. Жиынға қатысушылар 2020 жылды қорытындылап, осы жылғы жоспарларымен бөлісті. Қауымдастықтың жыл сайынғы шарасына ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев,  Парламент депутаттары, ірі халықаралық мұнай-газ компанияларының өкілдері мен қауымдастық мүшелері қатысты.

«Kazenergy» қауымдастығы жаңа жоспарларымен бөлісті

Жиынның ашылуында сөз алған «KAZENERGY» қауымдастығының Төрағасы Тимур Құлыбаев коронавирус пандемиясы, энергоресурстарға деген сұраныстың төмендеуі және өндіру деңгейінің шектелуі сияқты сұрақтар барлық мұнай-газ өндіруші отандық және әлемдік энергетикалық компаниялар тап болған, шешілуі тиіс өзекті мәселелердің тек бір бөлігі ғана екенін атап өтті.

Қазақстан Үкіметі әлеуметтік сектор мен ұлттық экономиканың сұраныстарына оңтайлы түрде сәйкес келетін дағдарысқа қарсы шараларды қабылдап, әлі де оларды қарастыруда.  «KAZENERGY» қауымдастығы Қазақстан Үкіметі, Парламенті, мұнай-газ және энергетика саласында жұмыс істеп жатқан компаниялар арасындағы ірі пікірталас алаңы ретінде бұл іске белсенді қатысып жатыр.

Отырыс барысында ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2020 жылы көптеген елдерде карантиннің енгізілуі салдарынан мұнай-газ өндіру секторы сұраныстың күрт төмендеуіне тап болып, әлемдік сұраныстан ұсыныстардың тым артық болуы  байқалатынын айтты.

Осы орайда ОПЕК+ қатысушылары бұрын соңды болмаған шараға барып, мұнай өндіруді 23% қысқартты. Осы шаралар өзінің оң әсерін беріп, нарықта сұраныс пен ұсыныс біртіндеп теңесе бастады. Бір баррельдің бағасы 18 доллардан 55-ке өсті.

Министр «Kazenergy» қауымдастығымен бірлескен жұмысты жоғары бағалады. Қауымдастық алаңындағы жан-жақты пікірталастың арқасында әкімшілік процедуралар мен фискалды режим тұрғысында энергетикалық сектор компанияларының қызметін қолдау мен ынталандыруға бағытталған бірқатар шара қабылданғанын ерекше атап өтті.

Ал экология министрі Мағзұм Мырзағалиев былтыр қабылданған жаңа Экологиялық кодекс қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алу шараларын қабылдауға септігін тигізетінін айтты. Биыл электроэнергетика, тау-кен өнеркәсібі, металлургия, мұнай өңдеу, химия және цемент саласындағы ірі кәсіпорындарға арналған жеті мейлінше қолжетімді технологияны жасау көзделіп отыр.

Елімізде 97 кәсіпорынға кешенді технологиялық аудит жасау жұмысы жалғасып жатыр. Оның ішінде 23 кәсіпорын энергетика, ал 21-і мұнай-газ секторында жұмыс істейді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев мемлекеттік органдар мен саланың ең ірі өкілдері арасындағы тығыз қарым-қатынасты қажет ететін бірнеше мәселені көтерді. Атап айтсақ, мұнай-газ-химия саласын дамыту, теңіз жобаларын іске асырудың жаңа шарттары мен оған қатысты салық заңнамаларын жетілдіру мәселелері.

Жиында «Шелл» концернінің төрағасы Оливье Лазар сөз алып, мұнай-газ секторын кем дегенде алдағы бірнеше онжылдық ішінде экономиканың маңызды саласы ретінде қолдау керектігін айтты.

Оның пікірінше энергетика саласында фискалды талаптарды ары қарай жақсарту, Қазақстанда жобалардың құнын төмендету, газ ресурстарын игеруге мүмкіндік беру және әкімшілік процедураларды жеңілдету қажет. Осылардың арқасында Қазақстанның мұнай-газ саласына тартылатын инвестициялардың анағұрлым төмендеуіне жол бермеуге болады.

Отырысты қорытындылаған Тимур Құлыбаев «Kazenergy» қауымдастығына геологиялық барлау, инвесторларды фискалды және реттеу шаралары арқылы ынталандыру, қайта қалпына келетін энергия көздерін өндіруді дамыту, еліміздің мұнай және энергетика мәртебесін нығайту мақсатында халықаралық энергетикалық ұйымдармен байланысқа басымдық бере отырып, мұнай-газ саласындағы инвестициялық климатты жетілдіру бойынша жұмыстарға назар аудар керектігін айтты.