Конференцияны ашық деп жариялаған «Манас» және Ш.Айтматов ұлттық академиясының президенті Топчубек Тұрғұналиев қырғыз бен қазақ халқының бауырлас ел болғаны мың жылдан артық тарихы бар «Манас» эпопеясында айтылып, манасшылар мен жыршы-жыраулардың тіліне тиек болып келе жатқанын, бүгінгі іс-шараның себепкері алып ақын Жамбыл Жабаев ондаған ғасыр бойы үзілмей келе жатқан сол жыршылық дәстүрді жалғастырған бірегей ақын екенін, егіз елдің арасындағы қарым-қатынас бүгінгі күнде де заңды жалғасын тапқанын, соның бір жарқын көрінісі осы басқосу болып отырғанын атап өтіп, сөз кезегін іс-шараны өткізудің ұйытқысы болған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге берді.
– Алатаудың бауырында ішкен суымыз да бір, жаугершілік заманда тіккен туымыз да бір біртуған халықпыз, сондықтан Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойы қырғыз жерінде басталып жатқаны жақсы нышан. Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды «Жамбыл жылы» деп жарияламақшы. Жамбылдың өзі «Сүйегім – қазақ, етім қырғыз» деп айтқан. Манас, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов – әрбірі қырғыз бен қазақтың ортасындағы рухани көпір. Іс-шарамыздың «Манас» және Ш.Айтматов ұлттық академиясында өтіп жатқаны символикалық мәнге ие үлкен оқиға. Жамбыл қырғыз ақындарымен тығыз байланыста болған. Солардың бірі Тоқтағұл Сібірден келе жатқанда Жамбыл досының ауылына арнайы тоқтаған.
Сонда Жамбыл үзеңгілес ақынның мерейін:
«Келдің бе, ақиығым, алыс жерден, Өтіпсің самғап ұшып асқар белден. «Алмас пышақ қап түбінде жатпас» деген, Хан-төре айналмай ма сендей ерден», деп асқақтатып, бірнеше күн қадірлі қонағы етіп, қырғыз жеріне шығарып салған.
Халықтық жырлардың ғұмыры қашанда ұзақ, елі барда ол мәңгі жасай береді, халықтың мұң-мұқтажын жырлап оны жұбатқан, мерейін жырлап қуантқан Жамбыл бабамыздың екі елге ортақтығына бүгін де куә болып отырмыз, – деп іс-шараны өткізу тізгінін қолға алған модератор сөз кезегін Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Нұржігіт Қадырбековқа берді.
– Ақтаңдай ақын Жамбыл атамыздың мерейтойы қырғыз елімізде өтіп жатқанына біз қуанамыз, – деп сөзін бастаған министр, – бұл мерекелі конференцияға қырғыз зиялы қауымының қалың тобының келуі ұлы жырауға көрсетілген құрмет деп білемін, – дей келе, Жамбыл Жабаевтың ақындық өмір жолына шолу жасап, ол жолдың ізі қырғыз жерінде де сайрап жатқанын, ұлы жыраудың шығармаларын қырғыз еліне танытуды министрлік те міндетіне аларын, «Жамбылды оқу сөзіміздің қазынасын, өзіміздің рухымызды байытады», – деп Нұржігіт Қадырбеков биылғы жылдың барысында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған барлық іс-шараларға белсенді қатысуға министрлік даяр екендігін жеткізді.
– Жамбыл мерейтойы қырғыз жерінде басталғаны әбден дұрыс. Жамбылдың жүрекке жетер жырларын оқығанда, біздің де күретамырдағы қанымыз қазақтардікімен бірдей соғады. Кезекті айтысты Жамбыл мен Тоқтағұлға арнап ұйымдастырсаңдар жақсы болар еді, – деп сөзін бастады, – Қырғыз Республикасының Жоғорку Кеңешиниң экс-спикери Медеткан Шерімқұлов дөңгелек үстелді жағалай отырған «Айтыш» қорының төрағасы Садық Шерниязға қолқа салып. Қадірлі ақсақалдың кеңесін дереу іліп алған Садық Шернияз: «Өткіземіз, өзіңізді жюри төрағасы етіп сайлайық», – деп жауап қайтарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, екі мемлекеттің арасындағы келісімге орай, биыл Қазақстанның мәдениет күндерін Қырғызстанда өткеруге қызу даярдық жүріп жатқанын конференцияның қатысушыларын онлайндық тікелей экраннан мерекелік іс-шарамен құттықтаған Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атап өтті. Эстафетаны 2022 жылы қырғыз жағы қолға алмақшы.
Сондай-ақ онлайн байланысы арқылы Қазақстанның М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов сөз алып, институттың дарабоз жыраудың 175 жылдығына орай атқарылатын іс-жоспарын таныстырып, Жамбыл феноменіне көңіл бұрған қырғыз жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясына қарасты Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик Абдылдажан Ақматалиев Жамбыл Жабаевтың жырлары мектептері оқулықтарында және жоғары оқу орындарының филология бағытындағы факультеттерінің бағдарламаларында кеңес дәуірі кезінен-ақ үздіксіз оқытылып келе жатса да, Жамбылдың бай мұрасын жариялау, зерттеу қырғыз мәдениеті үшін тың арна екеніне тоқталды. Қырғыз манабы, әскери қайраткер Шабдан батырдың асында (1912 жылы Қырғызстанның Чүй (Шу) аймағының Кіші Кемін өренінде өткен асқа Орта Азиядағы елдердің өкілдері де қатысқан. Аста 2500 киіз үй тігіліп, 2 мыңдай жылқы, 10 мыңдай қой сойылған деген сөз бар. Тарихшы С.Абрамзон асқа 50 мыңнан аса адам қатысқанын жазған) Жамбыл қазақтың «Қыз Жібек» жырын жырлағанын, ұзақ өмір сүрген айтулы ақын қырғыздағы өзіне замандас ақындармен қоян-қолтық араласқанын, ең көп араласқаны қырғыздың ақыны және сазгері Мұраталы Күреңкеев болғанын баяндап, институт биыл 175 жылдықтың аясында Жамбылдың жырларын қырғыз тілінде жинақ етіп шығаратынын мәлімдеді.
Жинақты институт пен Халықаралық Түркі академиясы бірігіп шығарайық деген ұсынысын ортаға салған академия басшысы алда атқарылатын істер туралы айтып берді. Академия Жамбыл Жабаевтың таңдамалы өлеңдері мен толғауларын және айтыстарын қырғызшалап Тоқтағұлдың мекендестеріне жеткізбекші. Қазақ-қырғыз зиялыларының кезектегі V форумы «Жамбыл және түркілердің жыршылық салты» атты айдарымен өтпекші. Оған қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, башқұрт және ноғай сияқты бауырлас елдердің жыршы-жыраулары шақырылады.
Қырғыз Республикасының Ұлттық жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков ә дегеннен-ақ әдебиет пен мәдениет мемлекеттің идеологиялық құралы болуы керектігіне залдағылардың назарын аударды. Кезінде Мұхтар Әуезов Жамбыл Жабаевты биікке көтерді, содан кейін барып, біздікілер онсыз да халықтық ақын – Тоқтағұл Сатылғановқа «демократ ақын» айдарын берді. Егемендік жылдарынан бастап, Қазақстан билігі әдебиет пен өнерді қолдап келеді, бізде әдебиет пен өнер адамдары өз күнін өзі көріп келді», – деді. Нұрлан Қалыбеков қазақ еліне белгілі әңгіме – Жамбыл Жабаевтың Мәскеуге өнер декадасына барғандағысын айтып берді.
Конференцияда келелі ой айтқандардың бірі «Манас» және Ш.Айтматов ұлттық академиясының бөлім басшысы, фольклоршы, филология және тарих ғылымдарының докторы, профессор Сулайман Қайыпов болды.
–1934 жылы Мәскеуде өткен КСРО жазушыларының бірінші съезінде Максим Горькийдің баяндамасынан кейін ел арасынан шыққан ақындар – Дағыстандағы лезгин мен авар халықтарынан Сулайман Стальский мен Расул Ғамзатовтың атасы – Ғамзат Цадаса, әзербайжаннан Бұлбұлоғлы, қазақтан Жамбыл Жабаев және басқалар одақтық, қала берді әлемдік әдебиет сахнасына шықты. Сондықтан ұлт ақыны Жамбылдың қырғыз елінде 175 жылдық мерейтойының басталуы қырғыз бен қазақтың төкпе ақындары шығармашылығының жүйелі түрде зерттелуіне жол ашып береді деген ойдамын. Рас, Жамбылдың ақындық шеберлігі әр тарапты қарастырылған, шығармаларының текстологиясы, жариялану библиографиясы, сөздігі, поэтикалық зерттемесі – бәрі бар. Дегенмен біз әдебиетті зерттеушілер әрбір поэтикалық сөзді химиктердің элементтерді миллиграмына дейін өлшеп анықтағанындай зерттей алмай келеміз. Бұл тұрғыдан алғанда, Орта Азияның, атап айтқанда, қазақтың атақты филолог-ғалымы Есмағамбет Ысмайыловтың сонау 1956 жылы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Ақындар», «Акыны» монографиясы жалғыз методологиялық жолкөрсеткіш болған. Ол тарих қойнауында қалып, ұмытылды. Менің ұсынысым – Халықаралық Түркі академиясы сол үлгіні жалғастырып, Жамбылдың 175 жылдығының аясында ауыз әдебиетін зерттеудің заманауи жаңа методологиясына жол ашып берсе, біз қырғыз оқымыстылары да сол жолмен жүрер едік. Басқа жаратылыстану ғылымдарындағыдай, әдебиеттану ғылымының да деректік негізін қалыптастыру ләзім. Бұл ғылымдағы үлкен секіріс болар еді, – деді біршама жыл Бішкектегі Қырғыз-Түрік «Манас» университетін басқарған ғалым.
Жарыссөзге шыққан қырғыздың белгілі кино-теле режиссёрі Замир Эралиев мектептегі жасөспірім кезінен Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңін жатқа білгенін еске алып, қазіргі таңда қырғыздың жас және орта буыны Жамбылды жақсы білмейтініне қынжылысын жеткізді. «Оның бір себебі ғасыр жасаған алып ақын Жамбыл туралы Қазақстаннан сыртқы елдерге тараған көрнекті фильм жоқ. Қырғыздың әйгілі кинорежиссері Болот Шамшиев манасшы Саяқбай Қаралаев туралы фильм түсіріп, оның есімін мәңгілік етті. Фильм елу жылдан бері үздіксіз қайталанып көрсетіліп, экраннан түспей келеді». Ұлттық салт-дәстүрге суғарылған өнер туындылары идеологияның өзегі болуы керек. Өкінішке қарай, бұған жете алмай келеміз. Менің тілегім «Жамбыл жылын» жариялағалы жатқан Халықаралық Түркі академиясы биыл Жамбыл мен Тоқтағұлды бас кейіпкерлер етіп, бауырлас екі елдің рухани жетістіктерін, суырып салма ақындардың талантын түркі әлеміне ғана емес, бүкіл дүниеге танытатын, оның үстіне қырғыз бен қазақтың біртұтастығын паш еткен көркем бе, әлде деректі ме фильм түсірсе құба-құп болар еді, қырғыз киношылары да құр қол қалмайды», – деген пікірін айтты.
Қырғызстанда төкпе ақындар айтысының және манасшы өнерінің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан қайраткер, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Садық Шернияз «Айтыс» қоры құрылған соң, көп ұзамай «Қырғыз-қазақ ақындарының айтысы» жыл сайын өткеріліп келе жатқанын, биыл 31 тамыздың алдында Қырғызстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Айтыс» қорының 20 жылдығына орай өткізілетін «Қырғыз-қазақ ақындарының айтысы» Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналатынын жариялады.
Қырғыз Республикасының халық әртісі, сазгер, публицист Қырғыз телерадио корпорациясының «Улутман» («Ұлтман») бейнепорталының жетекшісі, әрі жүргізушісі, 2016-2017 жылдары Мәдениет, ақпарат және туризм министрі болған Түгелбай Қазақов Қазақстанға барған бір сапарында Алматы облысындағы Жамбыл мұражайында болғанда таңғалғанын әңгімелеп берді.
– Заңғар тұлғаларға көзінің тірісінде сый-құрмет көрсеткенге не жетсін! – деп жалғады әңгімесін Түгелбай Қазақов. – Қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Жүз жыл жасаған жүрек» деген кітабы шыққан. Ондағы эпизодтардың қырғыз еліне де қатысы бар. Осы еңбек Жамбылдың 175 жылдығы шеңберінде қырғызшаланса деген тілегім бар.
Іс-шараның барысында Халықаралық Түркі академиясы мен «Манас» және Ш.Айтматов ұлттық академиясының арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды және Халықаралық Түркі академиясы шығарған кітаптардың – «Манас» эпосының, Абай Құнанбаевтың қырғыз тілінде жарық көрген «Таңдалма ырларынын академиялык жыйнағы» таныстырылды.
Алқалы жиын қырғыздың жас төкпе ақыны Ақматбек Сұлтанұлының Жамбыл Жабаевтың «Қырғыз ұлы, құлақ сал» өлеңін жырлаумен аяқталды.
– Қырғыз ұлы, құлақ сал,
Ежелден қимас бауырым.
Жайлап жүрдік саялап
Іле, Шу, Нарын бауырын.
Атамыз болған бал тату,
Анамыз болған жан тату,
Келін менен бозбала,
Ұлы менен қыз тату.
Басына басы қосылып,
Жанына жаны қосылып,
Араласқан ауылым,
Бірер ұрттам сүт тапса,
Бөліп ішкен қауымым,
Əлемге айғақ мен Жамбыл,
Ашық айтар ұл-қызға.
Қазақ бауыры қырғызды:
– Батырым! – деп мақтаған.
Бір қыңыр сөз айтпаған:
– Ақ қалпақты ер қырғыз,
Төрге шық! – деп сыйлаған.
Қазақ барса қырғызға:
– Кел, қазағым, кел! – деген,
Қимас бауырым сен, – деген,
Бала қайда? Малға бар,
Бағлан алып кел! – деген», – деп қырғыздың мақамымен төгіп-төгіп жырлаған Ақматбек, қомыз ұстаған ақынның үнін естігісі келіп отырған қатысушылардың айызын қандырды.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Қырғызстанның жалпыұлттық «Қырғыз туы» газетінің қызметкері,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін