Әуесқой өнертапқыш төл техникасын жазда бақша жұмыстарына, қыста қорадағы малға шөп тасу, қи шығару, ауланың қарын күреу сияқты үй шаруасына пайдаланады.
– Әуелі интернетті ақтарып отырып, қолдан құрастырылған техникалар туралы көптеген бейнематериалдарды сүзіп шықтым, неше түрлі форумдарға қатыстым. Одан кейін трактор эскиздерінің бірнеше үлгісін жасап көрдім. Ақыры біреуіне тоқтап, құрастыру жұмыстарын бастадым. Басында қиын болды, бір бөлшекті орнатып біткен соң, оған екіншісі сәйкес келмей қалады. Оны қайтадан шешіп, кейбіреуін өзгертіңкіреп, қырып, жонып, қиып, қайта кигізуге тура келді, – дейді өнертапқыш.
Трактор қуаты 15 аттың күшіне тең шағын ғана бензин қозғалтқышымен қозғалады. Жылдамдық ауыстырғыш қорабы 412-нші «Москвичтен», ал рульді басқару белдемесі «Volkswagen Golf II» көлігінен алыныпты. Шағын трактордың алдыңғы доңғалағы – жеңіл көліктікі, ал артында бидай себетін арнайы техниканың ескі доңғалағы тұр.
Үй шаруасына қолайлы әмбебап техниканың фаркопы, оған тіркейтін арбасы да бар. Онымен 800 килоға дейін жүк тасуға болады. Қажет болған жағдайда арбаны шешіп, оның орнына күрек тіркеледі. Бұл жағдайда трактор шағын бульдозердің шаруасын атқарады. Тіркеме күрек қи күреуге немесе қар тазалауға ыңғайлы. Александр тракторын көктемде жер жыртып, топырақ қопсытуға да пайдаланады.
Ауыл тұрмысына қолайлы әмбебап трактордың бәгіне 7 литр жанармай сыяды, бірақ осының өзі тракторды бірнеше сағат бойы тоқтаусыз жұмысқа жегуге жетіп жатыр. Өнертапқыш техникасын құрастырып шыққанша, сатып алған бөлшектері, темір жонушының еңбекақысы бар – барлығы 700 мың теңге шығындапты.
Қостанай облысы