Саясат • 01 Ақпан, 2021

Адам мен бизнес құқығы – басты назарда

168 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жыл­дың қорытындысына арналған алқа отырысы өтті. Оған Прези­дент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері, агенттіктің және оның аумақтық органдарының басшылары мен жеке құрамы (онлайн режімде) қатысты.

Адам мен бизнес құқығы – басты назарда

Алқалы жиында Президент Әкім­шілігі Басшы­сының орынбасары Ержан Жиенбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басым­дық­тардың бірі екенін айта келіп: «Соңғы жылы бұл бағытта ат­қарылған жұмыс аз емес, ол жү­­йелі сипатқа ие болуда. Мем­лекет басшысының Жол­дауы арқылы жария еткен тапсыр­маларын орындау үшін қазір­дің өзінде құқық қорғау орган­дары қызметкерлерінің, судья­лардың, пара берушілер мен дел­далдардың жемқорлығы үшін жа­уапкершілік қатаңдатылды. Аса ауыр жемқорлық қылмыс үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату алынып тасталды. Қазақстан ГРЕКО халықаралық ұйымына қосылды. Мықты құ­қықтық іргетас қаланды және реформаларды табысты жүзеге асыру үшін жемқорлыққа қарсы шаралар мен бастамалардың барлық топтамаларының мүлтіксіз әрі шынайы орындалуына қол жет­кізу өте маңызды. Адам мен бизнес құқығын қорғау басты назарда қала береді», деді.

Жиында баяндама жасаған Сы­байлас жемқор­лыққа қар­сы іс-қи­мыл агенттігінің төр­аға­сы Алик Шпекбаев 2020 жы­лы қарама­ғын­дағы қызмет­кер­лердің сыбайлас жемқорлық әре­кеттері үшін 6 саяси қызметші отстав­каға жіберіліп, 9 саяси қыз­метші, әкімшілік мемле­кет­тік қызмет лауазымындағы 39 басшы және квазимемлекеттік сек­­тордың 5 топ-менеджері тәр­тіп­тік жауапкершілікке тартыл­ғанын жет­кізді. Осы орайда ол: «Барлығы басшы болуға ұмтылады, бірақ кез келгені қарамағындағы қызмет­кері үшін жауапкершілік алуға дайын емес. Осы тұрғыда біз кеңесіп, агент­тік қызметкері сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылыққа жол берсе, оның тікелей басшы­сын ат­қаратын лауазымынан бірден бо­сату туралы шешім қабыл­да­дық. Тек басшылар сыбайлас же­м­­қор­лық фактісін өз бетінше анық­тап, жолын кескен жағдайда ғана бұл шара қолданылмайды», деді. А.Шпекбаевтың айтуын­ша, Пре­зидент тапсырмасына сәйкес бар­лық өңір­де во­лон­­терлер мен қоғам бел­сен­ді­лерінің арнайы топтары 1,5 мың мониторинг жасап, 10 мың дәріхана, медициналық ме­ке­мелер мен қоймаларды қам­тыған, гуманитарлық көмекті соң­ғы алу­шыға дейін жеткізген. Пан­де­миямен байланысты 100 қыл­мыс­тық іс тіркелген, оның жартысына жуығы – дағда­рысқа қарсы бө­­лінген қаражатты жымқыру. ­2 млрд ­теңгеден астам сомаға қымбат бағаға 132 ӨЖТ аппаратын сатып алу фактілерінің жолы кесілген.

Жұмысы жандана түскен «Адал­­дық алаңы» жалпыұлттық қоз­ға­лысының арқасында 317 әкім­дік сервистік форматқа кө­шіп, бұл ба­ғытта аудандар мен об­лыстық маңызы бар қалалар 100 пайыз қамтылған. 2300-ден астам кедергісіз «фронт-кең­се» пен «опэнспейстің» ашылуы мем­лекеттік мекемелерде қыз­­мет алу процесін неғұрлым ыңғай­лы етуде. Жоба мемлекеттік қыз­­меттерді цифрландыруға айтар­­лықтай серпін берген. Ха­лық­аралық стандарт бойынша ол ке­мінде 90 пайыз болуы қажет болса, Қазақстанда цифрланды­ру 93 пайызға жетіп, осы салада­ғы тұрмыстық жемқорлық деңге­йін төмендеткен.

А.Шпекбаев кәсіпкерлер жем­­­қор­лық пен шенеу­ніктер қы­­сы­мынан толыққанды әрі шынайы қорғаныс­қа сенім арта алатынын жеткізді. «Transparency Kazakhstan зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қа­тысқан 5 кәсіп­кердің 4-і пара бер­мей, бизнес жүргізеді, – деген ол әлі де көп­теген проблема бар екен­дігін айтты. – Өкі­нішке қарай, биз­нес құқық қор­ғау және бақылау-қа­дағалау органдары тарапынан әлі де қысым көруде».

Былтыр Дүниежүзілік банктің Жемқорлықты бақылау индикаторы бойынша Қазақстан­ның пайыздық көрсеткіші екі есеге артқан және Transparency International-дың Сы­бай­лас жем­қорлықты қабылдау ин­дек­сінде (СЖҚИ) 38 балл иеле­ніп, соңғы екі жылда 124-орыннан 94-орын­ға көтерілген.

Сондай-ақ 2020 жылы түр­лі дәрежедегі 210 басшы қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылғаны бел­гілі болды. «Барлы­ғы 722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары, 5 вице-министр, 5 комитет төрағасы мен олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қа­­тысты қылмыстық істер тергелуде», деді А.Шпекбаев.

«Қылмыстық істер бойынша өтелген залал сомасы 50,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жыл­дың көрсеткішінен екі есе жо­ғары». Бұған қо­са, мемлекеттік сатып алуды мониторингілеу, сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін сыртқы талдау және жобалық қызмет бойын­ша жүйелі жұмыс бюджет қаражатын тағы 40,9 млрд теңгеге ұтымсыз пайдаланудың алдын алуға мүм­кін­дік берді. «Осылайша, агент­тік жұ­мы­сының 2020 жылғы эконо­ми­калық жиынтық тиімділігі 95,6 млрд теңгені құрады», деді агент­тік басшысы.

Алқалы жиында жемқор­лық­тың алдын алу шараларын қабылдамай отырған ми­нис­трліктер аталды. «2020 жыл­дың қорытындысы бойынша – бұл Ішкі істер және Ауыл ша­руашылығы министрліктері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер ко­митеті. Мұны Transparency Kazakhstan әлеуметтік зерттеуінің жә­не қылмыстық-тергеу практи­ка­сының нәтижелері растайды. Елба­сының «Адалдық алаңы» жоба­сын барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тарату туралы тіке­лей тапсырмасына қа­рамастан, ІІМ тұрмыстық жемқорлық ­проблемасы толық ше­шілгендей, жобалық кеңсенің ашылуы­на кедергі келтіруде. Сы­байлас жем­қорлық тәуекелдері­не сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз», деді Алик Шпекбаев. Агенттік бас­шысының айтуын­ша, АШМ жем­қорлыққа қарсы кешенді мониторингтің қорытындылары бо­йынша бұрынғыдай көштің артын­да қалып отыр. Ведомство әсі­ресе ауыл шаруашылығы тауарын өн­ді­рушілерді субсидиялау тәртібін же­тіл­діруге қатысты агенттік ұсы­ныс­тарын толық кө­лемде орындамайды.

Отырыста мектеп бағдарла­ма­сына «Адалдық әліппесін» ен­гізу мәселесі де сөз болды. «Біз қа­зіргі таңда Білім және ғылым ми­нистрлігімен негізгі мектеп пән­дерінің бағдарламасына пара­саттылық идеологиясын енгізуді пысықтадық. Осы ретте «Егемен Қазақстан» республикалық га­зеті» АҚ басқарма төрағасы, агент­тіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дархан Қыдырәлінің «Адалдық әліппесін» әзірлеу туралы бастамасы назар аударуға тұрарлық. Бұл қадам балаларды ерте жастан адал өмір сүруге бау­луға ықпал етеді», деді агенттік төрағасы.

Алқа отырысында агенттік­тің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 1-департаментінің бас­шысы Мұрат Ахметов Алматы мен Шымкент қалаларының мо­дуль­дік ауруханаларына жұм­салған қаржы тексеріліп жат­қанын айтты. Агенттіктің 2-де­партаменті­нің басшысы Сергей Перов: «СҚ-Фар­мация» бойынша іс аяқталып, танысуға берілді. Күдікті біреу ғана. Оның әрекеті салдарынан денсау­лық сақтау ұйымдарының қалыпты қызметі бұзылып, дәрігерлер вирус жұ­қ­тырды. Келісімшарт сомасы – 8 млрд теңге», деді.