Екпені ең бірінші болып облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов, аймақтың бас санитарлық дәрігері Ермұғанбет Дәулетбаев, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Айтбаев және облыстық жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері Ирина Штейгервальд салдырды.
Алғаш екпе алғандардың дені – емхана қызметкерлері. Вакцина салмас бұрын олардың әрқайсы терапевт дәрігердің тексеруінен өтіп, келісімін алды. Пациенттер екпеден шыққан соң, арнайы кабинетке кіріп, жарты сағат мамандардың бақылауында отырды.
Жалпы, екі апта бойы эпидемиялық жағдайы күрт төмендеп «қызылға» оранған Қостанай облысы ақпанның алғашқы күні әупірімдеп барып «жасыл» аймаққа қайта ауысқан. Өңірде пандемия басталғалы індет жұқтырған жұрттың саны 10 мыңнан асып кетті. Облыс әкімдігі жанынан жұмыс істеп жатқан жедел ақпарат орталығының мәліметінше, 2020 жылғы 03 сәуірден биылғы 31 қаңтарға дейінгі аралықта COVID-19-дың 10309 жағдайы тіркеліп, 8811 науқас емделіп шыққан.
Өткен аптаның аяғында Қостанайға короновирусқа қарсы 1200 екпе вакцина жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы келген жүкті қабылдап алып, өңірдегі екпе жұмыстарына тартылған барлық емханаларға таратып бергені туралы мәлім етті.
Аталған басқармаға қарасты дәрі саясаты бөлімінің жетекшісі Гүлнар Оспанованың айтуынша, аймақ тұрғындарына короновирусқа қарсы вакцина тегін әрі ерікті түрде егіледі. Екпе қабылдағысы келмегендер жазбаша түрде бас тартуы тиіс. Ал 18 жасқа толмаған жасөспірімдер мен 65 жастан асқан қарт адамдарға вакцина салынбайды.
Өңірдегі COVID-19-ға қарсы екпе жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Ақпанның алғашқы күні денсаулық сақтау саласының қызметкерлері екпе салдыра бастады. Одан кейін араға 21 күн салып наурыз айында мұғалімдерге кезек келеді. Ал сәуір айының басында жаппай тегін екпе басталады. Бұл кезеңде әркім өз қалауы бойынша вакцина салдырта алады. Ал короновирус жұқтырып, бір аунап шыққандар індеттен айыққан соң алты ай өткен соң ғана екпе жасата алады.