Аймақтар • 01 Ақпан, 2021

Солтүстік Қазақстанның 17 егу тірегінде вакцина салуда

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында да бүгін Мемлекет Басшысы Қысым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жаман індетке қарсы еріктілерге Ресейде шыққан «Спутник V» вакцинасын егу басталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Солтүстік Қазақстанның 17 егу тірегінде вакцина салуда

Бүгінгі таңда 17 егу тірегінде осы жұмыс басталып кетті, ал жалпы екпеге жататын адамдар саны облыста 115 мың.

Ал сәуір айынан бастап отандық QazCovid-in вакцинасы егіле бастайтын болады. Бұған дейін айтылғанындай вакцина алдымен медицина мен полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге егіле бастайды. Алайда адамның вакцинаға төзімділігі сынақ арқылы алдымен тексеріледі, сонымен қатар дәрігердің бақылауынан өтеді.

Медициналық бикелердің бәрі бұрыннан екпе жұмыстарын жүргізіп келе жатса да бұл жолы олардың 2 мыңдай медбикеге қосымша нұсқаулықтар беріп, арнайы қысқа дайындықтан өткізілген.

Барлық елдердің мамандары дәлелдегеніндей жаман індеттің жайылуын тек вакцинациялау арқылы тоқтатуға болады. Тек оның сапасы жақсы болсын деңіз.

Вакцинация инфекциядан тиімді қорғау және жаппай иммундау нәтижесінде халықтың инфекция мен аурушаңдық қаупін азайтатын нақты иммундық жауапты ынталандырады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 20 жылда вакцинациялаудың арқасында мынанша аурулар азайған:
- қызамық - 56 еседен астам;
- эпидемиялық паротит - 119 еседен астам;
- халық арасында вирусты «В» гепатиті 34,7 есе, ал осы инфекцияға қарсы вакцинацияланған балалар арасында 262 ретке ауру азайды (ВГВ-ға қарсы вакцинация 1998 жылдан бастап енгізілген).

Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда қазір облысқа «Спутник V» вакцинасының 1200 дозасы келіп түскен.

Жоғарыда айтқанымыздай бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, қабылдау бөлмелерінің, жан сақтау және қарқынды терапия бөлімшелерінің, емханалар «сүзгілерінің» медициналық қызметкерлері, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері егіледі.

Алғашқылардың бірі болып вакцинаны Солтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығының орынбасары Нұрлан Айманов салдырды.

«Кәдімгі екпе сияқты, ешқандай ауыртқаны да сезілмеді. Масаның шаққанындай ғана әсері болды. Бәріміз де аман болайық», деді ол екпе салдырып шыққан соң.