Әлем • 02 Ақпан, 2021

Ғарышқа саяхаттау мүмкін бе?

1013 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда Гарвард университетінің астрономы Абрахам Лоэб жер шарына жат планеталықтар келіп кеткені туралы мәлімдеді. Ғалымның айтуынша, «Оумуамуа» деп аталатын аспан денесі – бөгде ғаламшарлықтар жасаған ғарыш кемесінің қалдығы. Гарвардтың профессоры қаншалықты біліп айтып отыр? Жалпы, келешекте басқа ғаламшарға саяхаттау мүмкін бе?

Ғарышқа саяхаттау мүмкін бе?

 

Астрономның мұндай пікір айтуы негіз­сіз емес. НАСА ғалымдары 2017 күн жүйе­сінен өзгеше аспан денесін байқады. Ғалым­дар оған Гавайи тілінде «Оумуамуа» (алыстан келген тыңшы) деген ат қойды.

Аспан денесінде кометаға да, астероидқа да тән құбылыс байқалмаған. Яғни, күнге жақындаған мұндай аспан денелері отқа айналып, артында газ қалдыруға тиіс. Алайда ерекше «Оумуамуада» оның бірі де болған жоқ. Оған қоса, пішіні де өзгеше. Басқа аспан денелері секілді дөңгелене бітпеген, ұзын­ша келген қызыл түсті. Осыдан кейін-ақ «Оумуамуа» бөгде планеталық ға­рыш кемесі деген қауесет шартарапты шар­лап кетті. Абрахам Лоэб секілді кей ғалым­дардың мұны қостауы отқа май құя түсті.

Рас, кейінірек ғалымдар аспан денесін тереңірек зерттей отырып, нақты шешімге келді. «Оумуамуа» ешқандай да өзге ғаламшарлық емес. Ол қарапайым астероид екен. Nature Astronomy журналында жарияланған мақалада зерттеушілер «Оумуамуаны» зерттей келе, табиғи аспан денесі деген қорытынды шығарды.

Дегенмен, ғалымдардың пікірі бөгде планеталықтар теориясына сенетіндерді тоқтата алған жоқ. Сондықтан араға уақыт салып «Оумуамуа» туралы жаңалық жаһандық желіні тағы бір шулатып алды. Бұл түсінікті де. «Қастандық теориясына» сенетіндер де, ғалымдар да жат жерлікпен байланысудан үмітін үзген емес.

1977 жылы НАСА аспан әлеміне «Вояджер-1» және «Вояджер-2» ғарыш зондын ұшырған-ды. «Вояджерлердің» негізгі мақсаты күн жүйесін суретке түсіріп, құнды мәліметтерді жерге жіберу-тұғын. Қазіргі таңда зондтар бұл міндетін адал атқарды. Енді, екеуі де күн жүйесінен шығып, түпсіз тұңғиық ғарышқа қарай зулап барады.

Бір қызығы, аталған зондтардың ішіне алтын пластинкалар орналастырылған. Онда 55 тілде сәлемдесу, әлемдегі үздік музы­калар, жердегі дыбыстар, суреттер мен фотолар жазылған. Сонымен қатар күн жү­йесі мен жердің ғарыштағы мекені де көр­сетілген. Осыдан-ақ ғалымдардың ғана емес, адамзаттың бөгде планеталықпен жолығу арманы анық аңғарылады.

Өкінішке қарай, мұндай арманға қол жеткізу әзірге мүмкін емес. Өйткені ғарыш саласында көптеген қиындық бар. Бірін­шіден, аспан әлеміне зымыран ұшырудың құны өте қымбат. Сондықтан НАСА секілді ғарыш орталықтары әзірге жер серіктерін ғана ұшырады. Бұрынғыдай айға адам жіберу де қымбатқа түседі.

Мәселен, 1967 жылы айға адам апарған Аполлон ғарыш кемесін көкке көтеру үшін «Сатурн V» зымыранына 770 тонна керосин, 1203 тонна сұйық оттегі қажет болған. Бұл – бірінші бөлікке құйылған жанармайдың көлемі. Ал жалпы Аполлонды ғарышқа шығаруға 3400 тонна жанармай жұмсалған. Осыдан-ақ ғарышқа ұшудың құнын есептей беріңіз.

Қазіргі таңда зымырандар жетілді, көптеген түрлері шықты. Солардың ішіндегі ең озығы саналатын SpaceX компаниясының Falcon 9 ракетасын бір мәрте ұшыру үшін шамамен 60 миллион доллар жұмсалады. Яғни, 9 тонна жүкті аспанға көтеру үшін осынша қаражат керек. Мұны кез келген мемлекеттің қалтасы көтере бермейді. Ал адам мінген ғарыш кемесін күн жүйесінен шығаруға қанша ақша кететінін есептеу қиын.

Екінші қиындық – ғарыштың аса кең­дігі. Былайғы жұрт үшін ғаламның үл­кен­дігін аңғару қиын. Оқырмандарға түсі­нікті болу үшін ғарышты күнделікті өлшемге салып көрейік. Егер жерді гольф добына тең деп алсақ, бізге ең жақын аспан дене­сі – Айға дейінгі қашықтық 1,3 метрді құ­рай­тын еді. Мұндай жағдайда Күннің диа­метрі 4,6 метрге дейін кішірейеді. Жер­мен арадағы қашықтық 500 метрге тең. Яғни «мәңгілік үйімізді» осыншалықты кішірейткеннің өзінде Күнге жету үшін 5 минуттай уақыт жұмсаймыз. Ал Күн жүйе­сіндегі ең шеткі планета Нептунға дейін­гі қашықтық 15 шақырымнан асады. Жаһанды осыншалықты сығымдағанның өзінде «Құс жолының» диаметрі 3,8 миллиард шақырымға жетіп жығылады.

Осыдан келіп үшінші мәселе туындайды. Жоғарыда аталған «Вояджерлер» 40 жылдан кейін ғана күн жүйесінен алшақтай бастады. 40 жыл дегеніміз – бір адамның ғұмыры. Егер 30 жастағы астроном ғарышты зерттеуге аттанса, түпсіз ғарышқа жеткенде ол қарияға айналады. Күн жүйесіне ең жақын жұлдыз Центавр Проксимасына дейінгі арақашықтық 40,208 триллион километр. Егер «Вояджер-1» қазіргі жылдамдықпен ұша берсе, Центавр Проксимасына 16 мың жылда әрең жетеді.

Бұдан бөлек, ғарыш сапарына қажетті азық-түлік, құрал-сайман секілді күнделікті тұрмысқа керек заттарды қосыңыз. Мұның бәрі басқа галактикалар былай тұрсын, «Құс жолына» саяхаттауды да қиындата түседі. Әзірге күн жүйесінен жыраққа кету оңайға соқпайды. Тіпті, мына тұрған Марсқа барудың өзі үлкен мәселеге айналып тұр. Әзірге жалғыз жұбанышымыз – Жер-Ана ғана.