Саясат • 02 Ақпан, 2021

Карантин кезіндегі жауынгерлік даярлық

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Қарулы Күштерінде жауынгерлік даярлық жос­пары бойынша іс-шаралар жалғасуда. Оның бәрі елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуалды ескере отырып, барынша ұрыс жағдайына жақындатылып жүргізілуде.

Карантин кезіндегі жауынгерлік даярлық

 

Сонымен қатар COVID-19 індетінің әрі қарай таралуын жою жөнінде шаралар қабыл­дануда. Қарулы Күштер­де сыр­қат­танудың өсуі төменде­гені байқалады. Қор­ғаныс ми­нистрі, генерал-лейтенант Нұр­лан Ер­мекбаев қор­ғаныс ведомствосында өткен аппарат кеңесінде Қарулы Күш­­тер­дегі эпидемияға қар­сы ахуал­ туралы Бас әскери-ме­дици­на­лық басқарманың ақ­паратын  тыңдады.

Соңғы жеті тәулікте әске­ри қызметшілер арасында COVID-19 вирусын жұқтыру жағдайы өткен аптаға қарағанда 16%-ға төмендеді. Қарулы Күштердің екі ПТР-зертханасы базасында 800-ден астам диагностикалық зерттеу жүргізілді. Ақтау мен Семейде тағы екі жаңа ме­ди­­циналық зертхана кеше­нін өрістету бойынша шаралар қа­былданды, оларды пайда­лануға беру үшін қажетті құ­жат­тар ресімделеді. «Қызыл ай­мақ­тағы» жеке құрамның кемінде 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу түріне ауыстырылатын болады, бұқаралық іс-шаралар мен топтық сабақтар өткізуге тыйым салынады. Келісімшарт қызметінің әскери қызметшілері үшін мамандық бойынша оқы­ту бағдарламалары және үй жағ­дайында орындауға арналған дене жаттығуларының кешені әзірленді. Карантиннен шығу бойынша әскери қызмет­ші­лердің дене даярлығы дең­гейін және оқу материалын мең­ге­ру сапасын тексеру ұйым­дас­тырылады.

Қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы Күштер мен әскери бөлімшелердің басшы­лы­ғына карантин режімін сақ­тау мәселелерін ерекше ба­қы­лауда ұстауды, сондай-ақ таяу­дағы тоқсан ішінде елдегі эпиде­миялық ахуалдың күрт шиеленісуіне жедел және барабар ден қоюды тапсырды.

Қорғаныс министрлігінде өткен аппараттық кеңесінде қыс­қы жағдай мен корона­ви­рустың таралуы жауынгерлік даярлықтың жоспарланған іс-шараларын іске асыру қа­жет­тілігін жоймайтынын, соны­мен қатар оның барысы ұдайы назарға алынатынын атап өтті. Қазіргі уақытта базалық әскери буын – бөлімшелерді даяр­лау нақты атыс міндеттерін шешу мен әртүрлі ұрыс түр­ле­рін­дегі іс-қимылдар кезін­де өзара іс-қимылдың үйле­сім­ділігін жетілдіруге, бөлім­шелер командирлерін өз ба­ғы­­ныс­тыларын басқаруға үй­ре­туге, жеке құрамның дала­лық дағдысын жетілдіруге бағыт­талған.

Әскери атыс алаңдары мен оқу-тактикалық полигондарда ағымдағы дайындықтың соңғы кезеңінде дәстүр бойынша оқытуда пайдаланылатын қару-жарақтың барлық түрлерінен жауынгерлік атыс өтеді. Бұл ретте атыстардың кем дегенде 30%-ын өткізу тәуліктің түнгі уақытында жоспарланған.

Құбылмалы әскери-такти­калық жағдайларды ескере оты­рып, Қорғаныс министрі фор­тификациялық құрылыстар мен инженерлік позицияларды жаб­дықтау, ұшқышсыз ұшу аппа­раттарына қарсы іс-қимыл элементтері бойынша сабақтар өткізу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Нұрлан Ермекбаев бар­лық деңгейдегі командалық құрамның назарын жаттығулар өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға аударды. «Дала сабақтарында жеке құрамның суық тигізіп алуы мен үсік шалу оқиғаларын болдырмау жайлы шаралар қабылдау қажет. Жылыну пункттерін ашып, әскери қызметшілерді жылы киім-кешекпен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету керек», деді ол.