Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақ өлеңіне алпысыншы жылдары келген таңдаулы ақындардың ішінде Кеңшілік Мырзабеков (1946-1989) алар орны тұғырлы, дара дарын болуымен тартады. Сыртын жылтыратып, уфілеп-суфілеп, шылғи өтірік қосып, жауырды жаба тоқып, жабыны тұлпарға қосақтай қоятын даңғаза мақтанға бұл ақын сыймайды. Кеңшілік әншейін көңіл жықпастықпен қара көбейте қоятын авторлардан емес. Ол қазақтың құнары күшті уыздай бал тілін құтты қалыбымен, алтынды топырағымен кейінгі буындарға жеткізуші анық елші, анық перзент, ұлтшыл, суреткер ақын.
Кеңшілік Мырзабеков «Өткел» атты өлеңінде туып-өскен Торғай өлкесінің географиялық дерегін келтірген:
Шалқардан Ырғыз арқылы
Торғайға тартсаң – Нұрамен.
Тосынның орғыл сар құмы
Томсарып жатқан бір әлем.
Кеңшіліктің кейіпкерлері – шығысы айлы-күнді Алтайға созылып, батысы Мұғалжар тауларына тіреліп, ортасы алтын Арқаның күдірейген жотасындай Ұлытау, Шыңғыстау, Баянтау сілемдері кенет жазық дала ойпаңға ауысқан қасиетті Торғай елінің өткен-кеткен адамдары. Ақын атамекенде іздері қалған соғыстан кейінгі балалық шағын өлеңмен жиі суреттейді. Бұл өліара мезгілге әкелері соғыста өлген жетім балалар мен жесір әйелдердің ащы тағдыры тұспа-тұс келді. Соның үшін шығар, Кеңшілік ақынның қыз баланы, әйел затын, ана тақырыбын асқан мейіріммен, жан шуағын төге ықтиярмен суреттеуге бейімділігі.
Кеңшілік – адамды хайуаннан бөліп тұратын құдіретті сезім – сүйіспеншілікті мәжнүн-жүрекпен жырлаған шынайы ақын. Кеңшілік ананы – («Апа, сен ерте қартайма, / Қарқара жаулық салынып»); «Сұлулықтың сиқырына сендегі / Сұқтанамын, сескенемін, мен қорқам» – бойжеткен қыздың («Күдік», «Анар», «Тобық», «Апам») және әйелдің сұлулығын, жаратылысын – «Жанарың жарқ еткенде айбалтадай / Жүрекке тие жаздап қалған талай» – («Көшу», «Мөр»); әрі ескі қазақтың мінезін, қыздарына қалай қарайтынын («Төлеутайдың төрт қызы», «Сол жылы саған біреу сөз салғанда, / Жер шұқып төмен қарап қалған әкем») дәл суреттейтін өлеңдері тас бұлақтың суындай таза әрі көркем болуымен баурайды.
Оның «Ақ келіншек киіпті қара көйлек» атты өлеңінде ұлттық дүниетаным өткір тұр. Қара жамылу – өлім, аза тұтудың белгісі. Бұл өлеңде ақын балауса жастық шағын қимаған жасы 40-қа таяған әйелдің өз әдемілігін елге даралап көрсету үшін қара көйлек киген жасанды қылығын жаратпауын жұмсақтап әрі эстеттік көзбен қадай айтады:
...Сұлулығың өзіңе... мәңгі аманат.
Сол сұлулық қайғыдан қара кисе,
Сонда обал-ақ, обал-ақ,
сонда обал-ақ...
Кеңшілік жырларына айнала дүниені дәл көру, тіршілік тамырын сезіну тән: «Тастағы қына, шөптегі шықтай дірілдеп» дейді «Әйелдің бар ғой, көрдің бе жақсы көргенін» атты өлеңінде.
Кеңшілік ақын жырларында адам бейнелері нақты және жазмыш арқылы суреттелген. Соғыстан жастай жесір қалған жеңешесі, сол уақыттағы жүз мыңдаған қазақ әйелдерінің басына түскен қасіретті астарлай бейнелейтін «Көшу» атты балладасы және «Әубәкір ұста туралы элегия» атты өлеңінде прозалық әрі драматургиялық элемент – адам тағдырын астарлы, бірақ бұлтартпас бояумен суреттеу күшті. «Төлеутайдың төрт қызы» атты өлеңнің драматургиялық нұсқасы бірден көзге елестейді, алғаш оқыған сәтте басымда қысқаметражды фильмге сценарий немесе театрға лайықтап жазу идеясы туғаны текке емес. Бұл балладаның сахналық мизансценаға сұранып тұрғаны Кеңшілік ақын өзі көзі көрген туыстарын, жақын тартқан жерлестерін – тірі адамдарды жаны сүйіп, кейіпкер қылудың, реалистік бейне сомдаудың артықшылығынан туды деп білемін.
Айта кетерге керек, әсіресе, біздің қазақ прозасының зейіні аздау, көп жұрт байқай бермейтін үлкен кемшілігі, мәтінді жалпақ қызыл сөздермен безендіруінде, түк өспеген шөл сияқты іліп аларлық деталь жоқтықтан. Үстірт қабылдайтын шалалықтың кесірі нашар шығарманың жымын білдірмей жібереді. Ал жалпақшешей проза байқаусызда жаңбырда қалып, суға малшынып, түсі шайылып кеткен фотосуретке ұқсас – оның сырт нобайы адам болса да бет жүзі, қасы-көзі, аузы-мұрны көрінбей қалған соң сиықсыз әрі мардымсыз әсер етеді.
Кеңшілік Мырзабеков жырларының лейтмотиві – мұң, өтіп бара жатқан адам өміріне бір басылмас сүйіспеншілік, сағыныш болып келеді («Бір мысқал»).
Бір мысқал мұңым,
Көрінбес көзге періштем,
Мәңгілік рух, мен тірі тұрсам –
сен үстем.
Сен үшін мен де адалдыққа әмен
тырысам,
Күрессем кілең,
жеңілсем дағы беріспен!
Ірі ақын-жазушылар өз өмірін ғана уайымдамайды, тұтас ұлтының тағдырын, келешегінің көкжиегін, тіпті адамзаттың бақытын тұтас ойлайды. Кеңшілік ақын тіршілік энергиясы біртұтас, адамзат бір-бірімен тығыз байланысты екенін білдіретін идеяны «Ақын болу Абай болу емес тек, / Ол – мұрамыз, мұрат емес теңеспек» деп басталатын өлеңінде берген:
Абай мұңы өз халқының мұңы еді,
Ал біздің мұң – адамзаттың тілегі.
Адамзаттың ақ тілегі сан рет
Қыл көпірде тұрған жоқ па
бір елі?!
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бері қазақ тілінің өзегіне құрт түскендей бейшара күйге ұрынды, қазақтың ауылдан жаппай кетуі – ақырындап урбандалудың салдарынан күнкөріс қамынан, тұрмыстың ырқына жығылудан аспады. Ал қазақ қаласын-қаламасын қалаға бейімделуін жаңа заман талап етті. Бұған көну керек, бірақ айналамыздағы өзге ұлттар сияқты рухани шығынсыз, күйзеліссіз көнген ақыл. Бізге басқа тілдерді білу мұқтаждығы тек зиянын тигізе берсе, өз тілімізді өлтіріп тынамыз. Онда бәрі бекер. Өзін өте сүйетін ақылды халық – мақтаулы ағылшындардан үлгі алып, әуелі өз тілімізді дәріптеп, таңғажайып ана тілімізді шұбарламай, ит рәсуа обал жасап, қинамай, сосын барып өзге тілдерді пайдасы үшін біліп жатсақ, ұтыла қоймаспыз! Ұлтты құрдымға жібермейтін анық құдірет – әдебиет, руханиятта. Құдайға шүкір, өз халқына еміреніп, жалғандағы жалғызым деп сүйінішпен тебіреніп, өлмейтін жырмен бата беру, дүние тұрғанша тұрсыншы деп жан-жүрегімен дұға қылу әдебиеттің еншісінде, жалғандағы ең қайырлы сөз өнерінің салты мен құзырында болмағы неткен керемет!
Абай тілі, сен де қоса зымыра,
Салқындама, солғындама, суыма!
Қашан, қайда туса да ақын
мас болсын
Ана тілі – алтынының буына!
Бұл өлеңде бата мен өсиет құстың қос қанатындай елдік рухты асырады. Ұлтшыл ақын Кеңшілік Мырзабеков шығармашылығына арналған «Боз бие немесе тың көтерген жыл. Кеңшілік ақынның бір өлеңі хақында» атты эссем (“Жас қазақ” газеті №43. 3.11.2006) аттай 14 жыл бұрын жарық көріпті. Бұл ақ патша дәуірінен бері жалғасқан, әр дәуірге сай құбылып, қой терісін жамыла беруге мығым отарлау саясатына қарсылық жыры болатын.
Өз уақытындағы қоғамның сананы тұмшалау саясатына наразылығы мен азаматтық үнін ашық білдіре алмауын Кеңшілік ақын «Айтатын кезде айта алмай» атты өлеңінде астарлай берген.
Кімде жоқ дейсің бұл арман,
Менде де болды бір арман,
Сенде де болды бір арман,
Ащы ішек болып шұбалған
Ащы көліміз суалған.
Аңқамыз кепкен күндерде,
Ашыған көже секілді
Арылтып еді құмардан.
Арқамыз қозып жүргенде
Алқамыз сөзін бергенде,
Табысып едік дуаннан.
Ақсорпа болып алшы аттай
Тайпалып келіп тамсатпай,
Буыны кеткен саусақтай,
Сүйріктей сөздің саласын
Салалап тұрып самсатпай,
Айтылмай қалған кеудемде
Менде бар еді бір арман,
Сенде бар еді бір арман.
Меселімізді қайтармай,
Айтатын кезде айта алмай,
Өрмектің құры секілді
Сезімдеріміз шайқалды-ай…
Кеулеген арман кеудемді,
Тұла бойымның тұрғынын –
Толғайын десем енді-енді,
Сенде де бар ғой бір арман,
Менде де бар ғой бір арман.
Жанығып кетіп бір-бірін
Жандырып жібереді де,
Қанамыз-дағы құмардан…
Қаламыз бірақ айта алмай.
Бұл монолог пішінді жан сыры шер тарқату-исповедь сияқты стильмен, ескі мақамдағы толғау жанрында берілген. Толғау – бағзы ноғайлы жыраулардан мұраға қалған кескекті жанр. Толғау ғадетте елдік мүддеден туады. Бұл жырдың астары және жарға соққан толқындардай қуат-күші, яғни энергетикасы түсінген адамға тұңғиықтан шымырлай білінеді.
Қысқасы, Кеңшілік Мырзабеков кешегі күні ішкі арманымызды айтуға тілі жетсе, бүгінгі тәуелсіздігімізге тілегі жеткен ақын деп білдік.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА