Таным • 02 Ақпан, 2021

Қаллекидің таяғы

724 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бұл сүйектен жасалып, күміс жалатылған таяқ маған тапсырылған үлкен аманат еді. Бұйым актер, сахна өнерінің қара нары, қазақ ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевқа тиесілі. Өмірден өтерінен жарты жыл бұрын актердің жерлес қарындасы, ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова болашақта ашылса деп армандайтын қазақ театр өнерін құрушы жеті ақсақалға арналған мұражайға тапсыруымды өтініп еді.

Қаллекидің таяғы

Қазақ сахнасына ең алғаш Абай бей­не­сін алып шыққан аңыз тұлғаның бүгінде келер ұрпақ үшін өшпес өнері, айтқан әрбір сөзі, тіпті күнделікті өмірде тұтынған затына дейін тағылым болып тарих парақтарында жазылды. «Қаллеки айтыпты» деген шаншар әзілдер мен ойлы афоризмдер де сахна саңлағының көзін көрген іні буын әріптестері аузынан аңыз болып төгіліп, көкірегіне құрмет болып құйылады. Қаллеки қартқа тиесілі әрбір жәдігер театр әлемін танығысы келетін әр өренге өмірлік өнеге, ғұмырлық тағылым.

Соның әсері болса керек, ғасыр ғұ­мыр сүрген актриса Хабиба Елебекова кәнігі шебердің қолынан шыққан қызыл ағаштан аса бір талғампаздықпен қаша­лып, күміс жалатылып жасалған ерекше өрнекті әсем таяқты қолымызға ұста­тып тұрып, құнды жәдігерді келешекке аманаттағанда толқыныспен қатар қорқыныштың да қатар бойды билегені рас. Өйткені, аманаттың жауапкершілігі үлкен. Оған немқұрайды қарау – театрды құрған аға-апалар өнеріне, қала берді күллі тарихқа қиянат жасаумен пара-пар еді.

Актрисаның сезімтал жүрегі соны сезе қойды білем, аманатты табыстап тұрып, іле әңгімесін жалғады: «Қасиетті Қарқаралы топырағында туып, өнерін күллі әлемге паш еткен қайталанбас Қаллеки мен үшін тек жерлес ағам ғана емес, үлкен өнердегі жолымды ашып беріп, тіпті өмірлік серігім Жүсіпбек Еле­бековпен табысуыма себепкер болған аяулы жан. Сонау ашаршылық жылдарында күллі туғанымнан айырылып, әулеттен жалғыз өзім тірі қалып, қайғы­дан қан жұтып, қиналып жүргенімде Қарқаралыға гастрольдік сапармен ке­л­­­ген пікірі мен өнері қатар жарасқан қасиетті топырақтың қос перзенті сахнаға жергілікті халық өнерпаздары арасында өнер көрсетіп шыққан мені көріп, жөн сұрасты. Ол кезде жасым небәрі 17-де болатын. Мән-жайға қаныққан Қаллеки мені Алматыға өзімен бірге ертіп әкетті. Сол күннен бастап өмірінің соңына дейін туған ағамдай болып, қамқорлығын аяған емес. Сондықтан да мен үшін Қалибек Қуанышбаевқа тиесілі әрбір дүние аса қымбат. Бұл таяқтың менде сақтаулы тұрғанына біршама жыл болды. Астанамыздың төрінде қазақ театрын құрушы жеті ақсақалға арналған музей ашылса деген үлкен арманым бар. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздескенімде де айтқан болатынмын. Ол кісі ұсынысымды қолдады. Алайда, біз енді жас емеспіз, ол музей ашылған күні бұл өмірде боламыз ба, жоқ па, ол бір Аллаға ғана аян дүние. Сондықтан да мен үшін құнды осы затты өзіңе аманаттағым келеді. Сендердің өмірлерің алда ғой, оның үстіне астанада жүрсің. Музей ашылған күні Қаллекиге тиесілі мына таяқты сонда табыстарсың», деді.

1

Алдын ала сезгендей содан көп уақыт өтпей Жүсіпбек Елебековтей ән арысына өмірлік серік болған актриса 101 жасқа қараған шығында өмірден өтті. Ал өнер иесі аманаттаған жәдігер сол күйі менде қалып қойды. Одан бері арада 5 жылға жуық уақыт зымырап өте шығыпты. Актриса армандаған театр музейі әлі ашылмауы себепті де қазақ өнерінің қара нары Қалибек Қуанышбаевқа тиесілі ол таяқ өзінің «тұғырына қонар» тарихи сәтін күтіп әлі күнге дейін менде сақтаулы тұр.

Сыры да, сыны да кетпеген сұлу дүние шынымен көрсе көз тоятындай. Заман­дастарының естеліктеріне сүйенсек, өз за­манында Қалибек Қуанышбаев екі иы­ғына екі кісі мінгендей денелі, бойы сұңғақ, ірі адам болған деседі. Ол ерек­шелігін актерге тиесілі мына таяқ та дәлел­деп беріп тұрғандай. Одан бөлек, Қарқаралы ауданының актердің туған жері М.Мамыраев ауылындағы мұражай төрінен көрген шапан мен актерге тиесілі басқа да заттар аңыз адамның бар болмысын көз алдымызға алып келгендей болды. Көзбен көрмесек те, актер әле­мін көңілге тоқығандай ерекше әсерге бө­ленгеніміз әлі есте.

Әйтсе де сахна саңлағының таяқ ұстау мәдениетіне қатысты деректерді тағы да молынан білгіміз келіп, Алматыға жолымыз түскенде бүгінгі қазақ театрының ақсақалы, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевқа арнайы сәлем бере барып, Қалибек Қуанышбаевтың таяқ­тарына қатысты біраз мәліметке қанығып қайтқан болатынбыз:

– Біз театрға алғаш қадам басқан кезде Қаллеки бастаған бір топ аға буын театрдың абыз ақсақалдары болатын. Өте дана адам еді, жарықтық. Көзіне қара көзәйнегін киіп, қолына таяғын ұстап асықпай театрға қарай аяңдап келе жатар жарқын бейнесі әлі көз алдымда. Рас, ол кісі таяққа ерекше әуес болды. Бастапқыда сән үшін ұстаса, кейінірек денсаулығына байланысты қажеттілігіне айналды. Ол кезде біз жаспыз. Сырлы таяқтың сырын сұрап, тарихына аса мән беріп қарамағанымызбен, бірақ Қаллеки таяқтарының ерекше әсем өрнегі, қызыл ағаш пен сүйектен қашалып, күміспен бедерленген айрықша айшықты пошымы еріксіз назарымызды аудартып, сұлулығына сұқтандыратын. Қалибек Қуанышбаевтың таяқтары дегенде менің есімде ерекше қалғаны – ол кісінің қо­лынан тастамайтын бір тамаша таяғы болды. Тарихын сұрастырсақ, ол таяқ­ты кезінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Шәкен Аймановқа беріпті. Кейінірек оны режиссер Қаллекиге сыйлаған екен. Сол таяқты абыз аға қолынан тастамаушы еді», деп абзал ағаға деген сағыныш­қа толы естелігімен бөлісті актер Сәбит Оразбаев.

1

Аталған деректі дәйектеу үшін Қар­қаралының М.Мамыраев ауылындағы актер атындағы мұражайға да бардық. Бүгінде музей төрінде тұрған күміс таяқ шынымен ұлылардың саусақ табы қалған құнды жәдігер екен. Яғни актер Сәбит Оразбаев айтқан тарихы тағылымды тамаша таяқ бүгінде Қарқаралыдағы Қалле­ки музейінде сақтаулы тұр. Одан бөлек, музей қорындағы жәдігерлер қатарында 1960 жылы Қалибек Қуанышбаев зей­нетке шыққанда қаламгер Сәбит Мұқа­нов иығына жапқан шапан, 1940 жылы Абай рөлін сомдағанда киген тақия мен күртеше, өзбек ағайындар тарту еткен ала шапан да бар. Мұражайдың бұл құнды мұралары бүгінде жерлестері үшін ғана емес, күлі театр өнері үшін құнды заттарға айналған.

– Қасиетті Қарқаралы топырағынан елімізге бел­гілі танымал тұлғалар көп шыққан. Солардың бірі – Қалибек Қуа­нышбаев. Бір жылдары Қаллекидің шапандарын елордадағы Ұлттық музейге әкетеміз дегенде, сол кезде аудан­дық музей басшысы бол­ған Мейірхан Қасым­жанов ағамыз алып қалды. Қазір жас ұрпақ музейге келіп, әр заттың тарихын қызы­ға тыңдайды. Кеуделерін мақтаныш кернейді. Му­зей қорындағы құнды жәді­герлер қатарында Қаллеки пайдаланған күміс ыдыс-аяқтар да бар. Осыдан бір­неше жыл бұрын музейге арнайы келген Халық артисі Асанәлі Әшімов те Қаллеки туралы естеліктерін айтып, қуанып кеткен болатын, – дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің Мартбек Мамыраев ауылындағы фи­лиа­­лының меңгеруші Асхат Қасым.

Мамыраев ауылындағы музей мұра­сынан мол дерекке қанығып шыққаны­мызбен, бізге табысталған жәдігердің тарихын анықтай алмадық. Оны актердің көзін көрген әріптес інісі Сәбит Оразбаев та, музей қызметкерлері де тап басып айта алмады. Әйтсе де өнер иесіне тие­сілі бұл таяқтың да музей мұрағаты үшін бағалы болатыны анық. Өйткені Қалибек Қуанышбаев саусағының табы қалған кез келген дүние аңыз актерге тиесілі болуымен де бағалы, құнды. Бұл әсіресе Қаллеки мұрасын тануға, сахнада тудырған өрелі өнерін зерттеуге талпынған кез келген талапкер ғалым үшін таптырмас құнды дерек, бастысы – тағылымы мол тарих.

Ендеше, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова аманаттаған Қал­ле­кидің таяғы тарих үшін құнды жә­дігер екені сөзсіз. Осы орайда, тек актри­са армандап өткен тұңғыш қазақ теат­рының іргесін қалаушы – Қалибек Қуа­нышбаев, Серке Қожамқұлов, Әміре Қа­шаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жан­дарбеков, Елубай Өмірзақов, Қапан Ба­ды­ров бастаған жеті ақсақалға арналып ел­орда төрінен өнер музейі ашылса, бұл сөз­сіз, қазақ театр өнері үшін үлкен олжа бо­лары анық. Сол кезде актриса аманат­таған жәдігер де өз орнын табар еді.