Экономика • 02 Ақпан, 2021

Бағалы қағазын сәтті орналастырды

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

KEGOC компаниясы Қазақстан қор биржасына жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 8,9 млн дана облигациясын сәтті орналастырды. Оның жылдық орташа кірістілігі – 11,6161 пайыз.

Бағалы қағазын сәтті орналастырды

Құнды қағаздар KEGOC-тың жалпы көлемі 80 млрд теңге болатын екінші облигациялық бағдарламасы облигацияларының бірінші шыға­ры­­лымы аясында орналастырыл­ды. Өтеу мерзімі – 14,3 жыл. Сауда-саттық нәтижесінде тарту көле­мі бойынша облигациялардың 22,6 пайызын брокерлік-дилерлік ұйым­дар, 72,8 пайызын басқа институ­цио­налдық инвесторлар, 4,6 пайызын өзге де заңды тұлғалар сатып алды.

Тартылған қаражат «KEGOC» АҚ филиалдарының 220-500кВ әуе желілерін жаңғырту», «Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесі Батыс аймағының электр же­лі­сін күшейту» инвестициялық жо­ба­ларын іске асыруға бағыт­тала­ды.

«Әуелік электр жеткізу желілерін жаң­ғырту электр желілерінің сенім­ді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ электр энергиясын тұты­ну­шылар шығындарының көлемін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, KEGOC қызметінің тиімділігін арттырады. Жаңа электр желілік нысандарды салу есебінен Қазақстанның Біртұтас электр энер­гетикалық жүйесінің Батыс аймағындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігі артады», деп хабарлады компания.

Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде қосымша жұмыс орындары пайда болатындықтан, жобалардың әлеуметтік маңызы зор. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторының дамуына, халық­тың жұмыспен қамтылуының және әл-ауқатының жоғарылауына, бюджетке түсетін салықтық төлемдердің артуына оң әсер етеді.