Коронавирус • 02 Ақпан, 2021

Бірінші болып басшылар салдырды

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысына COVID-19 инфекциясына қарсы Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасының бірінші партиясы, яғни 1300 дозасы жеткізіліп, барлық аудандарға таратылды. Вакцинаның сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы 600 литрлік екі мұздатқыш камерасы бар. Бұдан бөлек ақпан айында сыйымдылығы 140 литр және 600 литрлік 20 мұздатқыш жеткізіледі.

Бірінші болып басшылар салдырды

Алғашқылардың бірі болып «Спутник V» вак­цинасын облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, қоғамдық денсаулық бас­қармасының басшысы Марат Пашимов, бас санитар дәрігер Нұрбек Нышанов салдырды. Түркістан қаласындағы орта­лық емханада алдымен дәрігерлердің тексеруінен өткен олар вакцина алғаннан кейін 30 минут бойы бақылауда болды. Облыста коронавирусқа қарсы вакцина егу жыл соңына дейін жалғасып, оған 950 мың адам қатысады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемінің, реани­мация бөлімшелерінің, қабылдау бөлім­дерінің медицина қызметкерлеріне вакцина егіледі. Облыстық қоғамдық ден­саулық басқармасының басшысы Марат Пашимов вакциналауға профилактика­лық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жі­берілетінін, алдымен азаматтар дәрі­гердің міндетті тексеруінен өтетінін айтады. Өңірде егу пункттерінің дайындығы тексеріліп, профилактикалық егулерді жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілген. Ме­ди­­цина қызметкерлері оқытылды. Жал­пы облысқа ақпан айының соңына де­йін тағы 180 мың вакцина дозасы жеткі­зіл­мек. Ал вакцинаның тасымалдануы негізгі 4 кезеңнен тұрады. Ең алдымен өндірушіден бірыңғай дистрибьютордың қоймасына жеткізіледі. Одан кейін ол қоймадан өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының дәріхана қоймаларына әкелінеді. Үшінші кезеңде бұл вакциналарды қалалар мен аудандардағы медициналық ұйымдарға тасымалдайды. Төртінші кезеңде вакцина сол медициналық ұйым­дарда сапалы күйде сақталуы керек.

Өңірде жыл басынан бері, яғни қаңтар­дың соңына дейін COVID-19 инфекция­сының 361 жағдай анықталған, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 17,8 болады. Оның ішінде симптомдармен – 62, симп­томдарсыз 299 жағдай тіркелген.

 

Түркістан облысы