Аймақтар • 02 Ақпан, 2021

Елорда әкімі Сарыарқа ауданы тұрғындарымен кездесті

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр Сарыарқа ауданында 60-тан астам көше жөнделді, 40 аула мен 14 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов аудан тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорда әкімі Сарыарқа ауданы тұрғындарымен кездесті

«Сарыарқа - халық тығыз қоныстанған аудандардың бірі. Біз қаланы тұрғындардың пікірі мен мұқтаждықтарын ескере отырып, "Нұр-Сұлтан – жайлы қала" мастер-жоспары аясында дамытамыз. Халықпен қарым-қатынаста - есеп беру кездесулерін өткізу, азаматтарды қабылдау, аудандарды аралау және т.б. көмектеседі.

Бүгін саннормды сақтай отырып, Сарыарқа ауданының тұрғындарымен кездестім. Былтыр ауданда көп жұмыстар атқарылды. 19 үй салынып, пайдалануға берілді: бұл - құрылысы ұзаққа кеткен үйлерді аяқтауға, сондай-ақ, жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа әлеуметтік пәтер беруге мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, апатты жағдайдағы ескі үйлердің тұрғындары басқа үйлерге көшірілді. Биыл ауданда тағы 3 үйді, ал 2022 жылы 11 үйді сүруді жоспарлап отырмыз», - дейді қала әкімі.

Сондай-ақ, әкімнің айтуынша бірқатар мектептер салынып, 60-тан астам көше жөнделді, 40 аула мен 14 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттанды. Бұрын жабдықталмаған көшелерге жарық қосылып, ЖКУ шамдары (натрий шамы) энергия үнемдейтін заманауи шамдарға ауыстырылды. 2 700-ден астам ағаш отырғызылды, биыл бұл көрсеткіш 2 есеге артады.

«Ауданның ауқымды жобаларының бірі - газдандыру. Жеке ұйымдармен келіссөздердің арқасында үйлердің арасына газ өткізу құны орта есеппен 30% төмендеді. Бұл мәселе - ел басшылығының бақылауында.

Кездесуде тұрғындар - көшелерді асфальттау, кәріз жүргізу, ТКШ жаңғырту және ескі үйлерді сүру, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, әлеуметтік нысандар салу, ерекше қажеті бар адамдар үшін жағдай жасау және т.с.с. 80-нен астам мәселе көтерді. Мысалы, соңғы мәселе бойынша - осы ауданда көру қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақша құрылысын биыл аяқтаймыз», - деп жазды қала басшысы.

Тұрғындардың мәселесі бақылауға алынды. Мемлекет басшысының "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына көшу аясында кездесулерді тұрақты негізде өткіземіз (пандемия кезеңінде көп бөлігі онлайн режимге ауыстырылды).