Бірінші кезеңде екпе алушылардың алғашқылары болып қалалық ауруханалардың, қаланың жұқпалы аурулар орталығының медициналық қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері болды. Емхана бригадысының фельдшері вакцинация туралы пікірімен бөлісіп, вакцинациядан кейін өзін қалай сезінетінін айтты.
«Вакцинациядан кейін ешбір жерім мазалаған жоқ, бастың айналуы немесе жүрек айнуы байқалған жоқ. Мен өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Екпе салдыртуды шешкен себебім, өйткені мен пациенттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеймін, түрлі шақыртуларға шығамын», деді фельдшер Ерсұлтан Үсенұлы.
Қалалық №9 емхананың сүзгі-кабинетінің дәрігері күніне 250-ге дейін адам жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен суық тию белгілерімен келетінін және оларды қабылдайтынын айтты.
«Бірақ тест жүргізілгенге дейін, кейбіреулерінде коронавирустық инфекция жоқ деп нақты айту мүмкін емес. Вакцинация, ең алдымен, мені ауырып қалудан қорғайды. Қазір вакцинациядан кейін өзімді жақсы сезінемін», деді Қайнар Фархадұлы.
Айта кету керек, елордада 6300 медициналық қызметкер КВИ инфекциясына қарсы вакцинациядан өтеді. Тізімдер мамандардың ерікті келісімі бойынша жасалғанын атап өтеміз.