Оның айтуынша, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаладағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 7 негізгі бөлімнен тұрады: су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экоқұрылым және экологиялық мәдениетті арттыру. Бұл Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Шымкент қалаларында экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді», деп хабарлады министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, 2025 жылға қарай ағын суларды төгу көлемін төмендетуге қол жеткізу, қалдықтарды өңдеу үлесін 18% - дан 35%-ға дейін арттыру, сондай-ақ елдің ЖІӨ энергия сыйымдылығын төмендету жоспарлануда.
«Орман қорында 2 млрд. ағаш отырғызу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігіне қоғамдық мониторинг жүргізу үшін Экология министрлігінің қолданыстағы геопорталының базасында интерактивті картаны құру ұсынылады. Қазір осы геопорталда орман өрттері мен заңсыз ағаш кесу мониторингі онлайн режимде жүргізілуде», деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Екінші ұлттық жоба үшін бұрын әзірленген су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын қайта құру жоспарлануда.
«Біз су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын әзірледік. Бүгінде аталған мемлекеттік бағдарламаны ұлттық жобаға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Су дипломатиясын нығайту үшін мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіруді, цифрландыруды, су ресурстарын есепке алу мен мониторингілеуді, су үнемдеуді, ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды қалпына келтіруді қамтитын 6 негізгі бағыт айқындалды», - деп хабарлады министр. Аталған тармақтардан басқа, құқықтық базаны жаңарту, жаңа редакциядағы Су кодексін әзірлеу, сондай-ақ су саласының мамандарын даярлау жөніндегі жұмысты күшейту жоспарлануда.
«Нәтижесінде 119 арнаны цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, өзен ағысының ресурстарын анықтайтын ақпараттық жүйе құрылады. Бұдан басқа, қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің алаңы 221 мың гектардан 420 мың гектарға дейін ұлғайтылатын болады», - деп айта кетті Мағзұм Мырзағалиев.
Бұдан басқа, ұлттық жоба аясында 2 мың км-ге жуық магистральдық арналарды қайта жаңарту, жалпы көлемі 885 млн.м3 болатын 8 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда.
«Жаңа су қоймалары Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында салынады. 2025-2030 жылдар аралығында тағы 31 жаңа су қоймасы салынады», деп түйіндеді министр.
Ұлттық жобаларды әзірлеу бойынша жұмысты биылғы жылдың 1 шілдесінде аяқтау жоспарланып отыр.