Аймақтар • 02 Ақпан, 2021

Талдықорғанда аз қамтылған және көп балалы аналардың тігін цехы ашылады

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында көп балалы және тұрмысы төмен аналардың жұмыс істеуіне арналған арнайы тігін цехы ашылады. Оған қажетті ғимарат табу, тігін машинасы және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып әперу, тапсырыспен жұмыс істеуіне қолғабыс ету сияқты барлық іс-шараларға облыс әкімі Амандық Баталов толыққанды көмек көрсетеді. Бұл туралы бүгін облыс басшысының «Асыл аналар» қоғамдық қорының өкілдерін қабылдауы кезінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Талдықорғанда аз қамтылған және көп балалы аналардың тігін цехы ашылады

Амандық Баталовтың қабылдауына келген Талшын Туктынова екі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана, ал Айгерім Жоламанованың мүгедек баласы бар. Тұрмыс тауқыметін бір кісідей көрген аналар көмек сұрап әкімдікке бұған дейін де келген. Қала әкімдігінің кеңесімен «Асыл аналар» қоғамдық қорын құрып, өздері бас болып көмекке мұқтаж аналарды қатарларына тартқан. Өткен жылдың қараша айынан бері өз жұмысын бастаған қор қазір 300-ден астам аналармен қарым-қатынаста.

- Біз бүгінге дейін демеушілердің көмегімен 100-ге жуық отбасыға көмір-отын, азық-түлік, киім-кешек жағынан көмек көрсеттік. Бұл жұмысты одан әрі де жалғастыра береміз. Дегенмен біздің көп балалы аналарымыздың қолынан келмейтін іс жоқ, шетінен өнерлі. Сондықтан  біз «Қашанғы көмек сұрап өмір сүреміз. Қолымыздан келетін бір іс бастап, аналарды да сол шаруаға тартайық», - деп ақылдасқанда, әрбір әйел өзінің қолынан келетін өнерін ортаға салып жариялап көрсетті. Содан біз ақылдаса келе тігін цехын ашсақ деген қорытындыға келдік. Осы жағынан бізге қолдау білдірсеңіздер, деді Талшын Туктынова.

Ал Айгерім Жоламанова әкімдікке көмек сұрап келгеннен кейін жолдасы «Атамекен» кәсіпкерлер одағы арқылы жаңа мамандыққа оқып, 550 мың теңге грант ұтып алған. «Қазір автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін орын ашуға ниеттіп жатырмыз», деді ол.

Сол сияқты бұрын тұрақты табысы жоқтықтан мемлекеттік бағдарламамен үй алуға мүмкіндігі болмаған отбасы қазір «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізген.

- Қандай қындық көрсем де мойымай, алға қойған мақсаттарыма бірте-бірте қол жеткізіп келе жатқан менің жеке тәжірибем көптеген аналардың үмітін оятты. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға қол жеткізу жағынан кеңес сұрап, жол көрсетуімді өтініп жатады. Мүмкіндігінше мемлекеттік қолдау шараларын алуға бағыт-бағдар көрсетіп жүрмін, деді А.Жоламанова.

Облыс әкімі аналардың осындай ұсыныстары бойынша қабылдаса деп сұрағанын естігенде қуанғанын айтты.

- Сіздердің бастамаларыңызға, іс бастасақ деген талпыныстарыңызға риза болып отырмын. Мемлекет тарапынан біз көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларына әрқашан қолдау көрсетіп келеміз. Тігін цехын ашсақ деген ниеттеріңізге біз барлық жағынан жәрдем жасаймыз. Ең алдымен қалада бос тұрған ғимарат бар ма, сол жағын қарастыруымыз керек. Содан кейін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тігін машиналарын, басқа да қажетті құрал-жабдықтарды алып береміз. Кейін цехтың өнімдеріне тапсырыс беретін мекемелермен жұмысты үйлестіруге де қолғабыс жасаймыз. Ең бастысы, - ойға алған істеріңізді бастау. Бір басталғаннан кейін бірте-бірте іргесін кеңейтіп, қатарларыңызды көп балалы аналармен толықтыра бересіздер. Қажет болса, жұмыспен қамту орталықтары арқылы да мамандар алуларыңызға болады, - деген Амандық Баталов орынбасары Батыржан Байжұмановқа, «Жетісу» ӘКК басшысы Руслан Қожасбаевқа, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұратқа, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзабековға осы істі ерекше назарға алып, тиісті мәселелердің барлығын шешуді тапсырды. Аналардың бастамаларына, істеріне сәттілік тіледі.