Қоғам • 02 Ақпан, 2021

Көпбалалы отбасынан шыққан балалар қандай үйірмелерге тегін қатыса алады?

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шыңға өрлеу» қоғамдық қоры жыл соңына дейін 200 баланы клубқа қабылдайды, деп хабарлайды Egemen.kz 

Көпбалалы отбасынан шыққан балалар қандай үйірмелерге тегін қатыса алады?

Бұл туралы «Шыңға өрлеу» қоғамдық қоры директорының орынбасары Назыкүль Исабекова «Алматы» телеарнасындағы «Басты назарда» бағдарламасында айтты.

«Шыңға өрлеу» жобасы аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған. Клубта балалар өз қалауы бойынша түрлі үйірмеге тегін қатыса алады. Олардың қатарында домбыра, шахмат, вокал, қолөнер, хореография сабақтары бар. Сондай-ақ дене шынықтыру және өзіндік дайындық сағаттары бар. Жобаның ерекшелігі де сол, балаларға оқытушылар ретінде ардагерлер үйіндегі қариялар мен мүгедектер шақырылады. Алайда оларға қойылатын арнайы талаптар бар.

«Оқытушыларды жұмысқа қабылдауда өзіндік ережелері бар. Дипломын, жұмыс тәжірибесін қараймыз. Егер балаларға үйретер өнері болса, жұмысқа аламыз. Бұрын оқытушы болған ардагерлер, музыканттар, әртістер тәрбие жұмыстарына атсалысып жатыр. Бүгінде Алматы қаласында 5 аудан бойынша 102 оқытушыны жұмысқа алдық», деді Н.Исабекова.

Қазіргі кезде Алматы қаласының 5 ауданында аталған жоба аясында клубтар жұмыс істеуде. Енді Бостандық, Медеу, Түрксіб аудандарында ашылмақ. Бір клубқа 2 ауысымға бөлініп 60 оқушы келеді. Олар тегін тамақтанып, үйірмелерге қатысады. Сонымен қатар үй жұмыстарын үлкендердің көмегімен орындайды. Н.Исабекова үйірме балаларға ұнап жатқанын айтты.

«Шыңға өрлеу» жобасы сәтті болды. Бірінші маусымға қатысқан балалар мен ата-аналар жобаға алғыстарын білдіріп жатыр. Екінші лекпен де қатысқысы келетіндерін айтты. Алайда біз кез келген баланы үйірмеге жаза алмаймыз, бізге тізімді мектеп әкімшілігі береді», деді Н.Исабекова.

Айта кетейік, жоба ел бюджетінен қаржыландырады.