Экономика • 03 Ақпан, 2021

Мұнай нарығы мұңайтар ма екен?..

353 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2021 жыл мұнай нарығы үшін жаман басталған жоқ. ОПЕК+ кезекті кездесуін өткізгеннен кейін «қара алтынның» бағасы біршама өсті. Бірақ бұл нарықтағы жағдай тұрақталды деген сөз емес. FinReview.info сарапшылары нарыққа тікелей әсер ететін тәуекелдердің әлі де жоғары екенін хабарлады.

Мұнай нарығы мұңайтар ма екен?..

Қаңтар айының басында ОПЕК+ мүшелерінің бас қос­қаны белгілі. Кездесу қ­оры­тын­дысы бойынша ішкі нарық­тың сұ­ранысын өтеу үшін Қазақ­стан мен Ресейге мұнай өндіруді арттыруға мүмкіндік берілді. Дәлірек айтсақ, біздің ел тәулігіне 10 мың баррель өндіруге рұқсат алса, Ресей тәулігіне 65 мың баррель мұнайды артық өндіретін болды.

Ал ОПЕК-ке мүше Сауд Арабиясы керісінше, ерікті түрде мұнай өндіруді қысқарту туралы шешім қабылдады. Арабтар бекітілген квотаға қарамастан, ақпан және наурыз айларында «қара алтын» өндіруді тәулігіне 1 млн баррельге азайтпақ. Дәл осы жағдайлар мұнай бағасының өсуіне түрткі болды. Осылайша, Brent-тің бағасы барреліне 50 АҚШ долларына жетті.

Ақпан айында мұнай өндіру тәулігіне 8,1 млн баррельге қысқармақ. Бұл ретте ОПЕК мүшелері үшін ақпан айында жекелеген квоталар бойынша ешқандай өзгеріс енгізілмегенін атап өткен жөн. Жоғарыда айт­қа­ны­мыздай, тек Сауд Арабиясы ғана өндіру көлемін азайтпақ. Бірақ бұл квотаға түзету енгізілді дегенді білдірмейді.

Жалпы, 2020 жыл мұнай нарығы үшін тосын сыйларға толы болса да, кезең табысты өрілді. Жыл басында Brent-тің бағасы барреліне 64 АҚШ долларына дейін көтерілді. Сәуірде 18 АҚШ долларына дейін құлдырап кетті. Бұл 1999 жылдың ақпанынан бері тіркелген ең төменгі орташа айлық баға ретінде тарихқа енді.

«Мұнай бағасының құлды­рауы­­на жаппай енгізілген каран­тиндік қатаң шектеулер мен мұ­найды тұтыну көлемінің едәуір төмендеуі себеп болды. Соңғысы әлемдік қорлардың күрт өсуіне тікелей байланысты. Сондай-ақ ОПЕК+ мүшелерінің қысқа мерзімде келіссөздер жүргізуге ниет білдірмеуі де кері әсер етті. Саяси қитұрқылықтардың да ықпалы болғанын естен шығармау керек», дейді FinReview.info сарапшылары.

Дей тұрғанмен, 2020 жылдың мамырынан бастап мұнай бағасы біртіндеп өсе бастады. Бұған шектеу шараларының жеңілдетілуі, экономиканың қалпына келе бас­тауы оң ықпал етті. Сонымен қатар мұнайды тұтыну көлемінің өсуі мен өндірудің қысқаруы әлем­дік қорлардың төмендеуіне жол ашты.

Қыркүйек пен қазанда баға тағы да төмендей түсті. Бұл жолы пандемияның екінші толқынына қатысты қалыптасқан теріс ахуал тыныштықты бұзды. Ал жел­тоқсан айына қарай Brent-тің бағасы барреліне 50 АҚШ дол­ларына дейін өсті. Бұған әлем­дік экономиканың қалпына келуі­не қатысты оң болжамдар мен COVID-19 вирусына қарсы бір­неше вакцинаның пайда болуы туралы жағымды жаңалық әсер етті. 2021 жылдың қаңтар айын­да Brent-тің құны барреліне 55 АҚШ долларын құрады. Бұл соң­ғы тоғыз айдағы ең жоғары көр­сеткіш екенін ұмытпайық.

– Бағаның қалыптасуына һәм өз­геруі­не әсер ететін факторлар көп. Біз оны ке­ле­сі­дей үш топқа бөлдік: іргелі, алып­­­сат­ар­лық және геосаяси. Іргелі фак­тор­ға мұ­­най өндіру және тұтыну, эко­но­ми­­ка­лық даму және өсім, жинақталған қор­­лар жатады. Өндіру мен тұтыну қаты­на­­сын­да тепе-теңдік сақталуы керек. Сұ­ра­­­ныс­тың ұсыныстан асып кет­пеуі ма­ңыз­­ды. Өйткені бұл – мұнай бағасын төмен­ге тар­татын теріс сигнал. Мұнайдың жи­нақ­­тал­ған қорларының индикаторын еске­ру қажет. Себебі ол өндіру мен өн­д­іріс­­тің ара қаты­насын теңестіре алады. Эко­­но­­­микалық даму мен өсу – тұтыну көлемі­­нің артуына ықпал ететін негізгі фак­­тор­­лар. Экономиканың өсу қарқыны не­ғұр­­лым жоғары болса, мұнай өндіру со­ғұрл­ым тез өседі. Тиісінше тұтыну көле­мі де жо­ға­ры­лайды. 2021 жылы мұ­най баға­сы­ның өсуінің басты факторы ретін­де эко­но­миканың қалпына келуін, жаһан­дық ішкі жал­пы өнімнің өсуін және адам­дар­дың әдеп­кі тұтыну тәсілдеріне оралуын айту­ға болады, – дейді FinReview.info сарапшылары.

Мұнай тауар биржаларында сатыла­тындықтан, оған қор нары­ғындағы ахуал да әсер етеді. Оны алыпсатарлық факторлар деп қарастырған дұрыс. Мұндағы жағдай инвестор­лар­дың ықпалына қарай қалып­тасады. Инвесторлардың қор нарық­тарындағы болжамы мұнай бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін немесе керісінше жағдай орын алуы да ықтимал.

– Геосаяси факторда бағаны бол­жау мүмкін емес. Мәселен, қа­зір ОПЕК+ ұйымына мүше және мү­ше емес мемлекеттер арасында же­дел шешуді қажет ететін мәсе­ле­лер жинақталып қалды. 2020 жыл­­дың сәуірінде елдер квота бо­­йын­ша ұзақ уақыт бойы келі­сім­ге келе алмағаны есімізде. Бір жағы­нан біз Ресейдің мұнай өнді­­ретін елдер арасындағы ық­па­лы­­ның өсіп, ал керісінше ОПЕК әсері­­нің төмендеп келе жат­қанын бай­­қап отырмыз. Екінші жағы­нан, тақтатас мұнайы тарапы­нан да қау­іп­тің бары білінуде. Бұл на­рық­­­қа тұ­рақ­сыздық әкелуі әбден мүм­кін, – де­лін­ген FinReview.info зерттеуінде.

2020 жылы Brent-тің орташа бағасы барреліне 42 АҚШ долларын құрады. Сондықтан сарапшылар биылғы баға 45-50 АҚШ доллары аясында құбылады деп болжам жасауда. Болжам халықты вакциналаудың жылдамдығына және одан кейінгі тұтынушылық жағдайдың өзгеруіне байланысты болмақ. Әлемде халықты жаппай вакциналау басталғаны белгілі. Бұл процесс алты айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін.

– Мұнай бағасы белгілі бір дәрежеде болжамдардан тұрады. Егер экономика тез қалпына келмесе, мұнай бағасы 5-10 пайызға түзетілуі мүмкін. Тәуекелдердің жоғарылығы АҚШ-тағы тақтатас мұ­найының өнеркәсібіне тікелей байланысты. Соңғы мәліметтер бойынша тақтатас мұнайының кірістілігі 46 доллардан 52 дол­ларға дейін өзгеруі ықтимал. Егер Brent бағасы көтеріле бас­таса және ол 55-60 доллар кө­ле­міндегі тұрақты деңгейге жетсе, АҚШ тақтатас мұнайын бұрғы­лау қондырғыларының санын кө­бейтеді. Тақтатас мұнайын өн­діру ОПЕК+ ұйымының нарық­ты қолдауға бағытталған күш-жігеріне де кедергі келтіруі ықтимал, – дейді FinReview.info сарапшылары.

Қорыта айтқанда, АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндіру­ді қалпына келтіруі баға тұрақты­лығына үлкен қауіп төндіреді. Егер бір жыл ішінде баррельдің бағасы 55-65 АҚШ доллары аралығында құбылса, онда АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру жан­дануы мүмкін. Бұл жағдай «қара алтын» бағасын 35-45 доллар деңгейіне дейін төмендетуі ық­тимал. Қазақстан мұн­дай сценарийлердің бәріне дайын. Өйткені 2021-2023 жылдар­ға арналған бюджетте мұнай бар­релі­нің бағасы 35 доллар дең­гейінде белгіленген.