Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Әмірхан Сәлімбаев осылай дейді. Кейінгі жылдары ел ішінде жүйке ауруына шалдыққан науқастар көбейген. Оған озбырлықтың түр-түрін насихаттап жатқандай көрінетін бағдарламалардың теріс әсері, жаман жаңалықтардың салдары, жұртты үрейлендірген коронавирус та септігін тигізуде. Одан бөлек отбасылық мәселелер, несиелер, жанжалдар адамның жүйкесін жұқартады. Бас дәрігер осындай қиындықтардан психикалық ауытқу ауруына шалдыққан 26 мың науқас есепте тұратынын айтады. Ақыл-есінде туабітті кемтарлық, тұқымқуалаушылық дерті барлар бала күнінен бастап осы орталықта емдеу курстарынан өтіп тұрады. Соңғы жылдары амбулаторлық емдік шараларға көбірек көңіл бөлінуде.
– Айына бір рет, 30 күнде екі рет егілетін, тіпті тоқсанына бір-ақ мәрте салынатын емдік әсері күшті дәрілер қолданыста бар. Ондай препараттарды осы орталықта салып береміз және жергілікті емханасында әрі қарай емін кешіктірмей қабылдауын қадағалаймыз. Негізінен бізге науқастар жедел жәрдеммен, полициямен, туысқандарының алып келуімен, дәрігерлік жолдамамен жеткізіледі. Олар жатып емделгеннен кейін үйіне қайтар кезде жергілікті емханасындағы психиатр дәрігеріне сол күні хабар беріледі. Біздің мамандар пациенттің қабылдауы қажет деп тағайындаған дәрі-дәрмектің ауылында бар-жоғы да күні бұрын анықталады. Көбінде адамдар біз ұсынған емнің әсері болмады деп шағымданады. Оның бір себебі пациент тәуір болғасын ауылындағы емдеуші дәрігеріне бармауы мүмкін. Екіншісі – біз жазып берген, осы орталықта қабылдаған дәрілер ауылында болмауы мүмкін. Сондықтан ондай қайталауларды болдырмас үшін дәрілердің бар-жоқтығы алдын ала зерделенеді. Жоқ болса, емханаға жеткізілетін мерзімі сұралады. Дәрі-дәрмегі бар болса ғана үйіне шығаруға рұқсат етіледі. Орталық мамандары мен ауылдағы амбулатория, емханалардағы дәрігерлермен осындай тығыз байланыс орнаған, – дейді бас дәрігер.
Біздің қоғамда дәрігер жүйкесіне салмақ түскен пациентіне психологке қаралуға кеңес берсе, «жынды» еместігін айтып қарсылық танытатындар аз емес. Өйткені санамызда психологке есі ауысқан адам қаралады деген ұғым қалыптасқан. Психикалық денсаулық орталығының аумағына кіргендердің арасында «мені біреу көріп қоймады ма екен? Танитын адам көрсе, жынды екен деп ойлар» деп қуыстанып, жасырын келетіндер де кездеседі екен. «Дамыған елдерде әр отбасының психиатр дәрігері, психологі болады. Бізде дәл солай болмаса да жергілікті тіркелген емханаңыздағы психолог, психиатр, психотерапевт мамандарға жылына бір рет болса да қаралып тұрған дұрыс. «Мен саумын» деген адамның өзі дәрігердің тексеруінен өтіп тұруы тиіс. Психотерапевтен қашпау керек», дейді Ә.Сәлімбаев.
Орталықта ұзақ емделетіндер де бар. Жеті диагноз бойынша невроздар бөлімшесінде жатып емделетіндер жалпы тәжірибелі дәрігерлердің қарауына өткен. Олар психиатрдың қарауы қажет деп тапса, науқас жолдамамен жіберіледі. Алайда аудандарда жиі кездесетін мәселе – әлі де психиатрлар жетіспейді. «Былтыр 30 төсектік орны бар оңалту бөлімшесін ашқанбыз. Оның 15-і наркологиялық, 15-і психиатриялық ауруларға арналған. Ол жерде де әлеуметтік қызметкер, психолог, психотерапевт жұмыс істейді. Бұдан басқа, еңбек терапиясымен емдеу мақсатында оңалту орталығындағы пациенттер мен өзіміздің қызметкерлер Сарыағаш қаласындағы бөлімшеміздің жанынан жылыжай салып бітірді. Осы көктемде алғашқы жемісін көреміз. Одан бөлек бау еккенбіз. Бұл бөлімшеге сол төңіректегі Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес аудандарынан келген науқастар емделеді. Сол сияқты Кентаудағы бөлімшемізге Түркістан қаласы мен Отырар, Созақ, Бәйдібек аудандарынан барады. Дерті қайталанатындар, есепте тұратындар сол бөлімшелерде ем қабылдайды. Ал алғаш рет болғандар осы орталыққа жеткізіледі», дейді Әмірхан Молдаханұлы.
Орталықта науқас күтіміне байланысты ауыртпалықты көтергісі келмейтін, яғни іздеушісі жоқ науқастар да баршылық. Әлеуметтік қызметкер аяқтан сабылып, табан тоздырып науқастың туысын тапқанда, одан бас тартатындар да кездеседі екен. Мысалы, әлеуметтік қызметкер Жұмагүл Балтақожаева соңғы жылдары орталықта ұзақ жатқан 14 науқастың туыстарын іздеп, бірінің туыстарын Кентаудан тауыпты. «Баласы бар екен. Ол да ауырады. Туыстары күтіп баға алмаймыз деді. Сосын ағайын бір інісі бар екен. Сол алып қалды. Оған біз құжаттарын әзірлеп, мүгедектік зейнетке шығарып бердік. Баласын да мүгедектік зейнетке шығардық. Әжептәуір зейнетақы тағайындалады. Тым болмаса ауыртпалығын салмасын, материалдық шығыны болмасын дедік. «Егер ауруы қайталанғанда көндіре алмасам, өздеріңізге хабарласам. Болмаса, өткізем...» деп қалды. Қиын болса да бауырын қимады. Бір бала болды бізде. Әкесі ертелеу қайтыс болып кеткен. Шешесі де дүниеден өткен соң ауытқуы бар бала біздің Кентаудағы стационарға жатқызылған. Үш бөлмелі үйі бар екен. Оны рәсімдеп, қамқоршысы табылғанға дейін құжаты бізде болды. Туыстарын іздеп едік, туған ағасының баласын Сарыағаштан таптық. Оның да әкесі өмірден өтіпті. Соған барып, «мынау сенің немере бауырың, жақының» деп табыстырдық. Жаңа жыл мерекесінің алдында ғана ол інісін өзінің үйіне апарып, бір бөлмесіне жайғастырды. «Қатты қиналып жатсаңыз, Түркістандағы мүгедектер үйіне өткізіңіз... Орналастыруға біз көмектесеміз. Ал бауырыңыздың үш бөлмелі пәтері сізге беріледі. Оны атыңызға аударып аласыз ба, жоқ па, ол жағын өзіңіз шешіңіз» деп жұбатқан болдық», дейді Жұмагүл Балтақожаева. Осылай әлеуметтік қызметкер 2018 жылдан бері іздеуі жоқ, сұраушысы болмаған 14 адамның 12-сін туыстарын тауып табыстырыпты. Қамқорлығына алғысы келмеген ағайынның біразын райынан қайтарып, бауырмалдығын оятуға септігі тиген.
– 725 адамды жатқызып емдеуге қауқарлы психикалық денсаулық орталығы облыстың 2 миллионнан асатын халқына дәрігерлік қызмет көрсетеді. Мұнда 695 орын тәулік бойы қызмет көрсетуге арналған. Сарыағаш, Кентау қалаларында әрбірі 60 төсектік орны бар екі психатриялық бөлімше бар. Тәуліктік консультативті-диагностикалық бөлімше-емханамыз бір күнде 120 адам қабылдай алады. Орталықтың өзінде былтыр наурыз айында ашылған 10 адамдық күндізгі стационар жұмыс істейді. Өткен жылы маусым айында Сарыағаш қаласында 20 адамдық уақытша бейімдеу мен детоксикация орталығын ашқанбыз, – дейді бас дәрігердің орынбасары Зулфия Қалиева.
Психикалық денсаулық орталығында 338 маман қызмет көрсетеді. Өткен жылы 35 дәрігер мен 10 психолог Алматы қаласында біліктіліктерін арттырып қайтыпты. Психиатрия бойынша 3 дәрігер қайта даярлаудан өтіп, 62 мейіргер кәсібилігін жетілдірген. Орталықта еңбекпен емдеу ісіне баса назар аударылған. Бұл бағытта ағаш шеберханасында пациенттердің қолынан шыққан домбыра, шахмат тақтасынан бастап, басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті қолөнер заттары бар. Әйелдердің арасында тігіс тігіп, тоқымамен айналысатындардан басқа, сурет салумен әуестенетіндер де бар екен. Ал спортзалда денешынықтыру аппараттарының түр-түрі тұр. Пациенттер күніге бір сәт дене ширатады. Бас дәрігердің айтуынша, орталықтағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауытқу ауруларының қайталануы 3 есеге дейін азайған.
Түркістан облысы