Кездесуде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ел тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихында тұңғыш рет кәсіподақтың үш көшбасшысы Мәжіліс депутаты атанғанын айта келіп: «Сайлау қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелерінің қатарынан 300-ге тарта үміткер түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттары болып сайланды. Жалпы партияішілік праймеризге КФ мен оның мүшелік ұйымдарынан 2700 кәсіподақ белсендісі қатысқан болатын. Ал сайлаудың барысын кәсіподақтың 7 мыңға жуық белсендісі тәуелсіз байқаушылар ретінде бақылады», деді.
С.Дәулеталин депутаттардың назарын оларға берілген әрбір дауыстың артында еңбек адамы тұрғандығына аударды. Сонымен бірге ол жаңадан сайланған депутаттарға Кәсіподақтар федерациясының 2 миллионға жуық мүшесінің аманатын жеткізіп, бірлескен қызметтің бірқатар басым бағыттарын атап өтті. Олардың барлығы Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясына негізделген. «Біздің үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларына Федерацияның 26-съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясындағы міндеттер мен оларды жүзеге асыру жолдарын негіз етіп алды. Бұл құжат жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді әлеуметтік әріптестікті дамыту, жалақы мәселелерін шешу, жұмыс орнында қауіпсіз жағдай жасау, кәсіподақ және еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған», деді ол.
КФ төрағасы заң шығару мен шешім қабылдау сапасын арттыру бойынша күш біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар, еңбек заңнамасын жетілдіру, Әлеуметтік кодексті әзірлеу, «Қоғамдық бақылау туралы» заңды қабылдау, «Кәсіподақтар туралы» заңды жаңарту және Халықаралық еңбек ұйымының №102 және 131 конвенцияларын ратификациялау бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. «Кәсіподақтар федерациясы депутаттармен бірге «Әлеуметтік әріптестік туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге ниетті. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай жұмыскерлердің өкілдері, жұмыс берушілердің өкілдері мен Үкімет арасындағы қарым-қатынастардың негізгі қағидаттарын жетілдірілген заңнамалық деңгейде бекітуді талап етеді», деді С.Дәулеталин.
Сонымен қатар кәсіподақтардың депутаттық корпуспен жалақыны көтеру саласындағы бірлескен жұмысы туралы бастама жарияланды. «Ең алдымен, еңбекке қабілетті халықтың өмір сүру минимумына негізделген еңбекті бағалаудан дамушы тұтыну стандарттарына көшу тұжырымдамасын әзірлеу, тұтыну себетінің құрамын жаңарту және өзіндік құнын есептеу қажет. Оның ішінде жалақыны міндетті жылдық индекстеу туралы шешімді қабылдау маңызды. Индекстеуді осы және тағы да басқа жолдармен қамтамасыз етпейтін жұмыс берушілер бұл әрекеттен жалтарады, жұмысшыларды «тонап» қана қоймайды, сонымен қатар әлеуметтік шиеленісті тудырады, өйткені олар «Кедей жұмыскер» санатын қалыптастырады», деді КФ төрағасы.
Қабылданған заңдарға бірлескен талдау жүргізу қажеттілігі де айтылды. С.Дәулеталиннің айтуынша, заңның нормалары экономикаға қалай әсер ететінін, олардың еңбек адамын қалай қорғайтынын және оның мәселелерін қалай шешетінін талдау қажет.
КФ төрағасы Мәжіліс регламентіне өзгертулер енгізу қажет деген пікір білдірді. Оған сәйкес еңбек саласындағы заң жобалары алдын ала қаралуы үшін әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияға жіберілер еді. Кәсіподақтардың ең маңызды әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша заңшығарушылық қызметке толыққанды қатысуын қамтамасыз ету үшін КФ басшысы депутаттарды кәсіподақтарға заңнамалық бастама құқығын беру мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды. «2007 жылғы конституциялық өзгерістердің және пропорционалды сайлау жүйесіне көшудің нәтижесінде кәсіподақтар жоғарғы заң шығарушы органда өкілдік құқығынан айырылды. Кәсіподақтарға заңнамалық бастама құқығын беру әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін көтере алады және осылайша жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды арттырады. Ақпарат үшін бірер мәлімет келтірейін, сайлауға қатысатын барлық партия мүшелерінің саны шамамен 1,5 млн адамды құрайды. Ал бір ғана Кәсіподақтар федерациясы өз қатарына шамамен 2 миллион адамды біріктіреді», деді С.Дәулеталин.
Ол жұмыскерлердің мүдделерін тиімді ілгерілету мақсатында Мәжілісте Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен сайланған депутаттармен бірге фракцияаралық депутаттық топ құруға ниетті екенін мәлімдеді. «Оның құрамына кәсіподақ қозғалысымен ынтымақтастықты маңызды деп санайтын және өз қызметінде кәсіподақтардың пікірін ескеретін депутаттар кіруі мүмкін. Бұл топты құрудың басты мақсаты – әлеуметтік-еңбек және онымен байланысты экономикалық және қоғамдық қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіру», деді Сатыбалды Дәулеталин. Осындай ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін КФ төрағасы партиялық фракциялармен, сондай-ақ салалық кәсіподақтар мен Мәжілістің профильді комитеттері арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісім жасасуға ниетті.
Кәсіподақтар сонымен бірге жергілікті деңгейде әлеуметтік әріптестермен байланысты нығайтпақ. С.Дәулеталиннің айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ мүшелері қатарынан сайланған мәслихаттар депутаттарына кәсіпорындар мен ұйымдардың қарапайым жұмысшыларының мүдделеріне жауап беретін аймақтарды дамытудың тиімді экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын қабылдауда үлкен үміт артады.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Nur Otan партиясы мен Кәсіподақтар федерациясының қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартудағы мақсаттары сәйкес келетіндігін атап өтті. Осы уақытқа дейін Жамбыл облысының кәсіподақ орталығын басқарған Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген кәсіподақтар арасынан шыққан жоғарғы заң шығарушы орган мен жергілікті өкілді органдар депутаттарының аймақтардағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсартудағы бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Шымкенттегі партияішілік праймериздегі іріктеуден сәтті өтіп, Мәжіліс депутаты болып сайланған Берік Бекжанов өзінің басты мақсаты әлеуметтік-еңбек саласын дамыту үшін тиімді заң жобаларын әзірлеуге және қабылдауға қатысу екенін баса айтты. Бұған дейін Қостанай облысы кәсіподақ орталығының жетекшісі болған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева кәсіподақтардың биліктің барлық деңгейлеріндегі өкілдігінің жоғары жетістіктерін сөз етті. Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалын басқарған, Қызылорда облысы мәслихатының депутаты Гүлнәр Есқалиева бюджеттік сала қызметкерлері үшін жалақыны біртіндеп көтерудің маңыздылығына назар аударып, оларды шешуге өз деңгейінде бастамашылық жасайтынын жеткізді. Павлодар қаласы мәслихатының депутаты, «Ынтымақ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Павлодар облысы бойынша филиалының атынан Гүлзира Атабаева «Бұл сайлаудың бұрынғыларынан өзгешелігі – әйелдер мен жастарға арнайы квота беріп, қолдау болды. Сайлау процесінде кәсіподақ ұйымындағы жұмыс тәжірибеміз осы жолды абыроймен жүріп өтуде үлкен көмек болды», деді.
Қарағанды облысы көмір өндірушілерінің «Қорғау» жергілікті кәсіподағын басқарған Шахтинск қалалық мәслихатының депутаты Евгений Буслаев көмір өнеркәсібі жұмыскерлерінің аманатын орындау жоспары туралы айтты. «Бүгінгі күні кеншілерді алаңдатып отырған екі негізгі мәселе бар. Оның біріншісі – елдегі зейнетақы заңнамасындағы зиянды өндірістегі жұмысшылардың мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығуына қатысты өзгерістер. 63 жасқа дейін шахтада жұмыс істеу өте қиын екенін бәрі де біледі. Келесі мәселе – мүгедек кеншілер жәрдемақысының мөлшері мен мерзімі бойынша тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізу. Біздің кәсіподақтың осы мәселелерді шешуге арналған үлкен базасы бар. Біз осы бағыттағы жұмысымызды бірлесіп жалғастырамыз деп сенемін», деді депутат.