Әлем • 03 Ақпан, 2021

Келесі ашаршылықтың алдын алу қажет

527 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясының әлем елдеріне келтірген шығыны орасан. Көптеген адамның өмірін жалмағаннан бөлек, індеттің салдары экономикаға да ауыр тиіп отыр. Туризм секілді қызмет көрсетуге бағытталған көптеген сала қазіргі таңда үлкен тоқырауға ұшырады. Соның салдарынан шартараптың түкпір-түкпірінде жұмыс орындары жабылып, азық-түлік тапшылығы байқала бастады. БҰҰ келтірген мәліметтерге сүйенсек, биыл 800 миллион адам аштыққа ұрынуы мүмкін. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында пандемияның зардабы туралы сөз болады.

БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок пен Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры Аксель ван Троценбург бірлесіп жазған мақалада азық-түлік тапшылығына жол бермеу шешімдері жайлы айтылады. Авторлардың пайымдауынша, миллиондаған адамның аш қалмауы үшін алдын алу шараларына ерекше мән беру қажет. Сонда ғана жаһандық ашаршылыққа жол берілмейді.

Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі Каушик Басу өз мақаласында алдағы он жылдыққа болжам жасайды. Оның сөзіне сүйенсек, келешекте үш мемлекеттің экономикасы қарқынды дамымақ. Олар: Оңтүстік Корея, Вьетнам және Мексика. Аталған елдер бір-біріне ұқсамаса да, дамудың өзіндік тәсілін ұстанады.

Әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Келесі ашаршылықтың алдын алу қажет

НЬЮ-ЙОРК/ВАШИНГТОН. Климаттың өзгеруі, әскери қақтығыстар мен коронавирус пандемиясы секілді жеті ағайынды жұт әлемнің кедей және әлсіз елдерінде қатты білінді. Соның салдарынан 2021 жылы шартараптың түкпір-түкпіріндегі 235 миллион адам гуманитарлық көмек пен қамқорлыққа мұқтаж. Бұл – антирекорд. Өткен жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 40 пайызға ұлғайған. 

Мұндай сандармен біреудің миын ашытудың қажеті шамалы шығар. Бірақ бұл деректердің артында әр адам­ның өмірі тұр. Мұқтаж адамдарға коро­на­вирустың өзі ғана емес, пандемияның көрінбейтін әсері көп зиян келтірмек. Коронавирустан кейін басталған аштық қанқұйлы киллерге айналуы мүмкін.

Күнделікті азық таппай жүргендердің саны былтыр шамамен 130 миллионнан 800 миллионға дейін көбейді. Бұл көр­сеткіш сол кездегі вирус жұқтырғандар санынан 8 есе көп болатын.

Қақтығыстар мен климаттың өзгеруі­нен зардап шеккен мемлекеттер тамақ тап­шылығының зардабын қатты тартады. 

Сонымен қатар елдердің басшылығы халықты және экономиканы пандемиядан қорғауға бөлген бюджетін көбейтіп жатқанда да ашаршылық жалғаса берді. Мұндай апатқа жол бермеу мақсатында жасалған халықаралық ынтымақтастық қазіргі таңда қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана секілді. Бірақ аштық пен азық-түлік тапшылығының алдын алу – барлық адамзатқа қажетті қадам.

Десек де, біз жұмсалған әр доллар­дың тиімділігі мүмкіндігінше мол болуын қамтамасыз етуіміз керек. Сон­дықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дү­ниежүзілік банк гуманитарлық қа­жетті заттармен қамтамасыз етуге көбірек инвестиция салып отыр. Дағ­да­рыс басталмай тұрып-ақ, мұқтаж ха­лықты гуманитарлық қажетті заттармен қамту мақсатында ертерек әрекет етудің тиімділігі мол, пайдалы және эко­но­микалық жағынан ұтымды болатыны айқындала түсті. Мұндай стратегия қиын кезеңде дамуды да қамтамасыз етеді.

Мысалы, өткен жылы БҰҰ мен Қызыл Крест / Қызыл Жарты Ай қоғамы Бан­гладештегі мұқтаж адамдарға қолма-қол ақша беріп, олардың мал-жанының жойқын су тасқынынан зардап шекпеуіне жағдай жасап, апат басталмастан бұ­рын көмек қолын созды. Осылайша, тас­қыннан кейінгі қалдықтарды жинап алуға жұмсалатын қаражаттан екі есе аз сома жұмсалды. Әрі тұрғындардың көп­шілігіне көмектесті.

Ендеше, кейінгі кезде күшейіп келе жатқан аштық апатына жол бермес үшін осындай тәсіл қолданып жатырмыз. Яғни азық-түлік тапшылығы жаппай ашаршылыққа әкеліп соқпас үшін іс-әрекетке көштік. Оның қатарында тамақ тапшылығына тікелей әсер етіп келген аптап ыстық, зиянкестер, табыстың азаюы, өндіріс көлемінің баяулауы мен қақтығыстар секілді ұзақ мерзімді мә­селелерді шешіп, жаңа дағдарыстың алдын аламыз.

Осы мақсатқа жету үшін Халықара­лық даму қауымдастығы (IDA, Дүние­жүзілік Банктің кедей елдер үшін қоры) азық-түлік қауіпсіздігі үшін 2020 жыл­дың сәуірі мен қазаны арасындағы алты айда 5,3 миллиард доллар бөлді. Бұл сома қысқа мерзімде коронавирус пандемиясының алдын алу, ұзақ мер­зімде азық-түлік қауіпсіздігінің себеп­терін жоюға бағытталған іс-қимылдар мен инвестицияларға жұмсалды.

Дүниежүзілік банк қолданыстағы жобаларға бөлінген қаражаттарды қайта қарап, Бангладештегі 620 мың әлсіз шағын және сүт және құс өсіретін отбасына ақшалай көмек көрсетті. Пан­демия салдарынан ақша аударымдары азаяды деп күтілген Гаитиде IDA егін өсіріп, оны аман-есен жинау үшін фермерлерге тұқым мен тыңайтқыштар берді. Ұзақ уақыт бойы қызмет көрсетіп, тұрақ­тылықты қамтамасыз ететін суару жұмыстарына қаражат бөлді. IDA азық-түлік қауіпсіздігі мен аурудың өршуі бас­талған кезде Дағдарысқа қарсы әре­кет ету «терезесі» аясында 500 миллион доллар қаражат берді.

Сол сияқты, 2020 жылдың маусым айында БҰҰ-ның Төтенше жағдайларды жою жөніндегі орталық қоры Сома­ли­дегі азық-түлік дағдарысының алдын­ алуға қаржылай көмектесті.­ Шегірт­­ке шап­­қыншылығы, су тасқы­ны­ және ко­­ро­навирус үшеуінің ал­­дын алу ша­ралары нәтижесін­де дерт­­тің­ дендеп кетуіне жол беріл­ген жоқ. Бұр­­ғы­лау скважиналарын ерте жа­ңар­ту арқылы БҰҰ су көздеріне қа­тыс­ты дау-жанжалды болдыртпай, мал-жанды аман алып қалды, үй ша­руа­шы­лы­ғын қаржыландыруды жақ­сарт­ты, ха­лық денсаулығын ны­ғайтты және тұр­ғын­дар­дың ауқымды түрде қоныс аударуына жол берген жоқ.

Коронавирусқа қарсы тиімді вакциналар жасау – көп ұзамай әлем пандемия­ны жеңіп шығатынын білдіреді. Бірақ көптеген осал елдер үшін дағдарыстың терең және ұзаққа созылатын салдары бар. Бұл – мемлекет кірісіне, халық ден­саулығына, тамақтануға, білімге және бүкіл экономикаға келтірілген зардап.

Жылдам әрекет ету дағдарыстың салдарын жеңілдетуі мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда түрлі тәуекелдерді бақылап, оны күшейтетін факторларға назар аударуы­мыз керек. Болашақта шығындарды әлдеқайда көбейтіп алмау үшін тиімді ерте әрекет ету мен ұзақ мерзімді инвестициялар салу аса маңызды.

Дәл қазір қауіпке қарсы әрекет ету ақылды, моральдық тұрғыда құпталатын, тиімді стратегия болмақ. Адамдар өмірін сақтап қалу үшін бірлесе әрекет ету ар­қылы әлемнің ең мұқтаж тұрғындарын аштық пен азық-түлік тапшылығынан құт­қарамыз, бәріміз үшін жарқын келешек­тің іргетасын қалаймыз.

 

Марк ЛОУКОК,

БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары,

Аксель ван ТРОЦЕНБУРГ,

Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org