Экономика • 03 Ақпан, 2021

Тауарлы сүт фермасы – табыс арнасы

790 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында тауарлы сүт фермасының саны көбейіп келеді. Бүгінде осындай 82 шаруашылық мал басын өсіріп, өндіріске қажетті өнім дайындап отыр. Ал аймақтағы сүтті сиырдың саны 25,7 мың басқа жетті.

Тауарлы сүт фермасы – табыс арнасы

Жалпы, өткен жылдың де­регі бойынша облыста 547,5 мың тонна таза сүт сауылған. Оның ішінде 89 мың тонна өнімді жоғарыда айтқан тауарлы сүт фермалары дайындапты. Енді бұл көрсеткішті 92 мың тоннаға дейін жеткізу мақсаты тұр. Осы бағытта жұмылып жұмыс бастаған шаруалардың бір тобы Панфилов ауданында еңбек етіп жүр. Олардың сүт өндірісі бағытындағы қадам­дары нәтижесіз емес.

Мысалы, Жаркент өңірінде ауыл шаруашылығы өнеркәсібін жандандыруға үлес қосып отыр­ған шаруашылықтардың ал­дыңғы легінде «Көктал Агро» серіктестігі тұр. Былтыр осы серіктестік 2,5 млрд теңге инвестиция тартып, жаңадан та­уарлы сүт фермасын ашқан болатын. Қазір мұнда 110 бас асыл тұқымды сауын сиыр бар. Күйі келіскен Ойсылқара тұқымын күніне бірнеше мәрте сауғанда, жалпы көлемі 2 600 литр сүт жиналады. Өнімді Талдықорған қаласындағы «JLC сүт» зауытына жөнелтеді. Серіктестік басшылығы сүт өндірісінің аясын кеңейтпек. Жақында Аустрия елінен 189 бас тұқым асыл тұқымды сауын сиыр сатып әкелді.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, панфиловтық шаруалар тауарлы сүт фермасын ашудың тиімділігін түсініп, тағы бір өндіріс орнын ашпақ. Аудандағы «Al Cut» серіктестігі де өз фермасының іргесін көтеріп жатыр. Жер аяғы кеңи сала құрылыс басталатын тауарлы сүт фермасын салуға 40 млн АҚШ доллары кө­лемінде инвестиция құйылуы тиіс. Заманауи үлгіде жұмыс істейтін сүт фермасының құ­ры­лысы үш кезең бойынша жүргізіліп, 2023 жылы толық­тай аяқталмақ.

Қазір «Al Cut» серіктестігі 1200 бас ірі қара сатып алуға келісімшарт жасасып та қойды. Ал аудан әкімдігі өндіріс орнын ашуға арнайы орын бөліп отыр. Мұның сыртында мал бағу мен жемшөп өсіруге де қолайлы жер берілген. Енді болашақ тауарлы сүт фермасының аумағы 87 гектарға жетіп, басқа да қа­жеттілік үшін 2 400 гектар суармалы жер және игерілмек. Бү­гінде қажетті орынға 87 гек­тар мен 2 400 гектар суарма­лы жер бөлінген. Ферма жұмысын бастаған сәтте сүт фермасында 100 адамға дейін жұмыс орыны ашылса, күрделі жем өндіруге тағы 150 адам жұмыспен қам­тылмақ.

– Жазиралы Жаркент өңі­рінде мал басы көбейіп, егін түсімі артып отыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 51 млрд 200 млн теңгенің өні­мі өндірілді. Яғни таза түсім арғы жылмен салыстырғанда 2,5 млрд теңгеге артты. Істің ілгерілеуіне мемлекет тарапынан жасалған қолдау да ұйытқы болуда. Оның ішінде етті, сүтті мал басын көбейтуге берілген субсидия көлемі артып, егін­шілікті дамытуға қаржылай да, техникалық жағынан да де­меу болып отыр. Мәселен, был­тыр ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген 1 млрд 130 млн теңгеге қажетті техника сатып алдық, – дейді Пан­фи­лов ауданының әкімі Талғат Өмір­әлиев.

 

Алматы облысы