Оңтүстік Қазақстан • 03 Ақпан, 2021

Түркістанның экспорттық әлеуеті қарқынды дамып келеді

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында алғашқы өңірлік экспорттаушылар кеңесі өтті. Жиында облыс әкімдігі тарапынан инвестициялар тарту және экспортты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанның экспорттық әлеуеті қарқынды дамып келеді

Кеңеске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директоры Азамат Асқарұлы, «Атамекен» ҰКП және әкімдіктің тиісті басқарма басшылары және Түркістан облысының 62 ірі экспорттаушысы қатысты.

Басқосуда экспорттаушыларды қолдау бойынша мемлекеттік шараларды кеңейту және оларды бір терезеге шоғырландыру мәселесі сөз болды.

Сондай-ақ, өңделген отандық тауарларды жылжытуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мәселесі ортаға салынды.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өңірдегі экспорттың қазіргі жағдайы мен өңірдің экспорттық әлеуеті туралы айтып берді.

Мейіржан Мырзалиевтің айтуынша, облыста экспортқа бағытталған 224 кәсіпорын тізімі жасақталған.

Оның ішінде машина жасау, металлургия, тамақ, жеңіл, фармацевтика және ағаш өңдеу салаларында жұмыс істейтін 60-тан астам белсенді экспорттаушы компания жұмыс істейді.

«Өткен жылы экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындар есебінен біз экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлардың жоғары үлесін сақтап қалдық – қазір ол шамамен 50% құрайды»,  деді Мейіржан Мырзалиев.

Әкім орынбасары экспорттаушыларды қолдаудың мемлекеттік шараларын кеңейту және оларды бір терезеге шоғырландыру өңір өндірушілеріне елеулі қолдау көрсететініне сенім білдірді.

Бұл экспорттық желіні кеңейтіп, сыртқы нарықтағы отандық өнім көлемін арттыратынын баса айтты.