Аймақтар • 03 Ақпан, 2021

Солтүстіктің үздік анықтаушысы мен тергеушісі анықталды

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық ПД аппараттық кеңесінде тергеу және анықтау желісі бойынша «Үздік маман» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Солтүстіктің үздік анықтаушысы мен тергеушісі анықталды

2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 жылдық өтілімен Қызылжар ауданы ПБ анықтаушысы Күлмира Жармұқанова «үздік анықтаушы» болып, Петропавл қаласындағы Екінші полиция бөлімінде екінші жыл қызмет атқарып жүрген Үмітбек Фархадов «үздік тергеуші» деп танылды. Грамоталарды облыстың бас полицейі, полиция полковнигі Марат Төлебаев табыстады.

Бұл екі мамандықтың иелері де сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырады. Соның ішінде тергеу бөлінісі қылмыстың тек ауыр түрлерімен айналысады, айырмашылығы сол ғана. Күлмираның ең соңғы істерінің бірі алимент төлеуден жалтарумен байланысты болды. Аудан тұрғыны соңғы жылдары баласына көмек беруден жалтарып, еш жерде жұмыс істемеген. «Оның табыс көзі бар екендігін дәлелдеу үшін күш-қуат жұмсау қажет болды. Күлмира бір жылда 60 астам істі тергеген. Біздің жұмысымызда әділеттілікке қол жеткізу үшін барынша күш жұмсауымыз қажет», - дейді полиция майоры Жармұқанова.

Полицияның аға лейтенанты Ү.Фархадов: «Жұмысым өзіме ұнағасын қиындықтарға мән бермеймін. Менің жетістігім – кәсіп таңдаған кезде түсіністік білдірген, үнемі қолдап жүретін ата-анамның және де Екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Гүлмира Сағитованың еңбегі. Ол тергеуге жетекшілік етіп, жас қызметкерлерге кәсіби дағдыларын дамытуға көмектесті», дейді ол. Оның соңғы тергеген ісі – топ болып зорлық-зомбылық көрсетумен тонауға байланысты болды. Сотқа дейінгі тергеу 12-ақ күнге созылды. Нәтижесінде материалдар сотқа тапсырылып, айыпталушылардың барлығы жазаға тартылды. Жалпы, өткен жылы Фархадов 95 қылмыстық істі тергеді.

Солтүстік Қазақстан облысы