Аймақтар • 03 Ақпан, 2021

БҚО полициясы жол мекемесін сотқа берді

382 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті жол сапасын жақсартуға байланысты бұған дейін берілген ұсынымхаттарды орындамағаны үшін «Қазақавтожол»мекемесіне қатысты 2 хаттама толтырып, материалдарды сотқа жолдады деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО полициясы жол мекемесін сотқа берді

Полицияның хабарлауынша, облыс аумағында ауа райының қолайсыздығынан 16 мәрте жол-көлік оқиғасы болып, көлік иелері материалдық шығынға батқан. Жолдың сапасына жауап беретін 17 лауазымды тұлғаның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Одан бөлек, халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарды қар мен мұздан тазарту жөніндегі ұйғарымды уақытында орындамағаны үшін «Қазақавтожол» мекемесінің облыстық филиалына қатысты іс Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.

Батыс Қазақстан облысы аумағында республикалық маңызы бар жолдардың көлемі 1414 км. Осы жолды 2021 жылы күтіп ұстауға республика бюджетінен 850 млн теңгебөлінген.

Соңғы күндері облыс аумағында жаңбыр жауып, тұман түсіп, жол қатынасы тағы қиындады. 1 ақпан күні Орал-Атырау тас жолында Лада Ларгус және Datsun автокөліктері бір-біріне соғылып, 7 адам Ақжайық аудандық ауруханасына жатқызылған.

3 ақпан күні облыста қалың тұман мен көктайғақ қатеріне байланысты төтенше жағдайлар департаменті хабарлама таратқан еді. Полиция автокөліктерді Орал қаласынан шығармай жатыр.

 

Батыс Қазақстан