– Еліміздің футбол федерациясының атқарушы комитеті кезекті отырыста Премьер-лигада ойнайтын командалар құрамын 14-ке дейін көбейту туралы шешім шығарды. Қазақстанның бірінші лигасында біздің облыстан үш команда қатысқан болатын. Олар – "Мақтаарал", "Арыс" және "Қыран" командалары. Біз осы үздік үш командадан іріктеу жүргізіп, облыстың, елдің намысын қорғайтын «Тұран» футбол командасын жасақтап жатырмыз. Жаңа футбол клубын құру мәртебесіне орай, облыс әкімдігі команданың жаңа логотипін қалыптастыру үшін бәйге жариялап отыр. Байқауға еліміздің барлық дизайнерлері мен суретшілерін қатысуға шақырамыз. Өңіріміздің тарихи, рухани ерекшелігі мен салауатты өмір салтын ұстануға бағыттайтын, үздік деп танылған логотип авторына «Тұран» футбол командасының ойындарына бір жылдық тегін билет сыйға беріледі. Байқауға «Coreldraw» бағдарламасымен дайындалған, осы жылдың 10 ақпанына дейін жіберілген жұмыстар қабылданатын болады», деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жаңа команданың басты ерекшелігі – құрамы тек жергілікті спортшылардан жасақталған. Яғни шет мемлекеттерден легионерлер шақырылмайды. Бұл – жергілікті талантты футболшылардың үлкен аренаға шығып, өз қабілеттерін көрсетуге мол мүмкіндік. Сондай-ақ брифингте облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиев федерация жанынан алдағы уақытта облыстық футбол академиясы құрылатынын жеткізді. «Футбол Түркістан облысында да кең өркендеп, халықаралық деңгейде дамитын болады. Оған жуырда ғана ашылған «Түркістан арена» стадионы толық жауап бере алады. Өңірімізде отандық футболды жаңғырту мақсатында футбол федерациясы құрылды. Жаңадан құрылған федерациясының басты мақсаты – облыстағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. Жаңадан құрылған «Тұран» футбол клубына алдағы уақытта жеңістер тілейміз», деді облыстық федерация басшысы.
Түркістан облысы