Білім • 03 Ақпан, 2021

Павлодарда 10 млрд теңгеге салынған ғимарат қаңырап тұр

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2009 жылы құрылысы басталған оқу орны әлі қаңырап бос тұр.  Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы отын-энергетикалық кешен мамандарын оқытуға арналған нысан осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын салтанатты түрде ашылу рәсімі өткенмен, бұл оқу орны бірде-бір студентті қабылдаған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.Бұл туралы inbusiness.kz сайты мәлімдеді. 

Павлодарда 10 млрд теңгеге салынған ғимарат қаңырап тұр

2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі еңбек нарығына энергетика, көмір өндірісі мамандары ауадай қажет екенін алға тартып, Екібастұз қаласында дәл осы сала қызметкерлерін дайындайтын орталық салуды ұйғарды. Сөйтіп, қазынадан 4,5 млрд теңге бөлініп, 2009 жылы аталмыш оқу орнының құрылысы басталды. Бұл ғимарат 2011 жылы пайдалануға беріліп, жылына 700 түлектің қолына диплом ұстатуға тиіс еді. Арада 10 жыл уақыт өткенмен, білім ордасынан түлеп ұшқан ешкім жоқ. Себебі ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен жобада дренаждық жүйе болмай шықты.

Соның салдарынан ғимарат ел игілігіне берілмей жатып-ақ суға «батты». 13 оқу корпусы, 480 орындық жатақхана, 100 келушіге арналған қонақүй, кітапхана, асхана, мәжіліс пен спорт залдары – барлығы түкке жарамсыз болып қалды. 2014 жылы  шатырдың жартысы ұшып кетіп, төбесі опырылып түсті. 2015 жылы министрлік әуелде дұрыс жоспарланбаған «сақалды» құрылысты әкімдіктің қарамағына өткізбек болды. Бірақ сол тұста Павлодар облысын басқарған Қанат Бозымбаев жергілікті бюджетте ғимаратты қалпына келтірер қаржы жоқ екенін алға тартып, балансқа қабылдаудан бас тартты. 2016 жылы бірнеше ай бойы жалақы алмаған күзетшілердің төзімі таусылып, жұмыстан кеткен.

Содан соң оқу корпустары есік, терезелерсіз, тіпті сантехникалық жабдықтарсыз қалды. 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі «бұл жоба көп қаржыны қажет етеді, оның керегі жоқ» деген мәлімдеме жасап, бәлен жыл бойы бос тұрған ғимаратты әйтеуір әкімдікке өткізіп тынды. Бюджеттен тағы 4 млрд теңге бөлініп, дренаждық жүйе салынып, корпустар қалпына келтіріліп, 2019 жылдың желтосқан айында салтанатты түрде ашылды. Сол кезде облыс әкімі Болат Бақауов бұл орталық ERG компаниясының сенімді басқаруына беріліп, оған қарасты кәсіпорындардың мамандарын дайындайтынын айтқан еді. Бірақ бұл жоспар да жүзеге аспайды. Әйтеуір өткен жылдың көктемінде бір кәдеге жарады.

Екібастұз қаласында коронавирустық инфекцияға шалдыққандар қатары күрт көбейген тұста мұнда провизорлық орталық ұйымдастырылды. Қазір тағы да бос тұр. Облыстық білім беру басқармасының өкілдері қажет болған жағдайда оқу орталығының емдеу орнына айналатынын айтты. Сондай-ақ, оны Торайғыров университетінің сенімді басқаруына беру мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.