Қазақстан • 03 Ақпан, 2021

Ақиқат пен Ардың жүгін арқалап өткен қаламгер

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халқымыз теңіздей терең ойлы кемеңгер қаламгерінен айырылып отыр. Белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарайдың өмірден озғаны туралы қаралы хабар бәріміздің де жанымызға ауыр тиді. Ол әдебиетшілер қауымына ғана емес, барша қазаққа ортақ тұлға еді.

Ақиқат пен Ардың жүгін арқалап өткен қаламгер

Әнес Төлендіұлы өте еңбекқор жазушы болды. Бұл жөнінде өмірлік жұбайы, жазушы, драматург, танымал қоғам қайраткері Алтыншаш Қайыржанқызы Жағанова телеарна журналистеріне берген сұхбаттарында айтқан болатын.

Әнес Сарай өнегелі ғұмыр кешіп, соңына орасан зор тарихи-әдеби мұра қалдырды. Оның тарихи тақырыптарға жазған кесек-кесек туындылары халқымыз үшін аса қымбат. Ол – Ақиқат пен Ардың жүгін арқалап өткен қаламгер. Өйткені жазушы қандай шығармасын да тек қана тарихи деректерге сүйене отырып жазған. Алтын Орда мен Ноғайлы дәуірінің шежіресін, қазақ халқының шығу тарихын жан-жақты зерттеді. «Исатай мен Махамбет», «Адайлардың арғы тарихы» және «Еділ-Жайық» атты трилогиясы құнды дүниелер екені даусыз.

Сабырлы да салмақты мінезімен қарапайым ғұмыр кешкен жазушының ерен еңбегі әлі шынайы бағасын алған жоқ. Кемел ойлы қаламгердің бағасын келер ұрпақ береді деп ойлаймын.

Біз Әнес ағамен елордада өткен әдеби-мәдени іс-шараларда кездесіп жүрдік. Сондай-ақ «Қазақстан әйелдері» журналының редакциясында жүздесіп, пікір алмасып, ел, жер, халық туралы терең ойларына қаныққан едік.

Бақұл болыңыз, Әнес аға... Қара сөздің қадірін білетін халқыңыз барда, рухани мұраңыз ұлттық құндылықтар төрінен орын алатыны сөзсіз.

 

Айбатыр СЕЙТАҚ,

ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі