Өкініштісі, әлеуметтік желіде осы тақылеттес пікірлер толып жатыр. Болат Бек есімді азамат: «Біздің жақта бәрі ата-анасына «сен» деп сөйлейді, бұл өзімсіну, жақсы көру, жақын тартудың белгісі. Бұл ретте басқа варианттар адамның миына келмейді. Сырттың адамына болмаса...» десе, Анар Мұстафина: «Жалпы бөтен адамдарға «сіз» деп сөйлеу дұрыс. Бірақ ата-анаңмен «сен» деп сөйлеген дұрысырақ деп ойлаймын. «Сіз» деп тұрып, оған ішкі бар дүниеңді, ренішіңді айта алмайтын сияқтысың. Білмеймін, мен өзім «сен» деп сөйлеп, олармен құрбы-құрдастай әңгімелесіп, еркелеп жүре беремін. Бірақ бұл сыйламағандықты білдірмейді» деп пікір жазыпты.
Мұндайда Бұқар жыраудың: «Сыйлағаннан не пайда, сізді қойып, «сен» десе» деген тәмсіліне жүгінуге тура келеді. Мағжан ақын: «Сен» деп сізге не дейін, тамұқта мәңгі күйіңіз!» деп, өкпе-наздың өзін мәдениетті қалыпқа сыйғызып, «сен» деу тамұқтан бетер ауыр сөз екеніне ден қойғызады. Ал Шортанбай Қанайұлы: «Сен демек қиын емес пе, Бұрынғы туған үлкенге?» деп жырласа, Майлықожа ақын бір толғауында: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген» деп өнегелі өсиет арнады. Қазақы тәрбиенің түпкі идеясы қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біл деген әдепке барып тірелетіні содан. Қазан төңкерісінен бұрын қазақтың бар баласы алдымен, ата-анасына, одан қалды өзінен жасы үлкендердің бәріне «сіз» деп сыпайы түрде тіл қатса, кеңес кезінде салт-санамыз тұрпайыланып, өзге мәдениеттің қанжығасына қалай өңгеріліп кете барғанымызды байқамай да қалдық. Өзінен жасы кіші адамның өзіне «сен» деп сөйлемей, бауырым, шырағым, қалқам, қарғам деп, т.т. осындай қаратпа сөздерді қарым-қатынас әдебі ретінде қалыптастырған халықтың қазіргі ұрпағы бұл сөздердің кейде мән-мағынасын толық ұғудан қалып барады. Жалпы «сен» деп сөйлеу әу баста қайдан, қалай келген дегенге тоқталсақ, тарихтың түбіне терең батып кетуіміз мүмкін. Бұл ретте мамандар алға тартқан мынадай тарихи деректі мысалға келтірсек жеткілікті: «1794 жылы мемлекеттік төңкеріс арқылы билікке қол жеткізген Француз «қызыл коммунарлары» коммунистерінің алғашқы заңдарының бірі «сізді» «сен» деген сөзге алмастырып, ал «мырзаны» «азамат» деп өзгерту болды. Бір-біріне «сен», «азамат» деп айтудан бас тартқандар елдің қас жауы ретінде Париж алаңында бастары шабылды». Қазақ қоғамына «сен» деген ұғым кеңес заманында орыс мектептерін бітіргендерден келді. Кеңестер Одағы құрылмай тұрғанда ондай сөз аузынан шығып кеткен адам әдепсіз, көргенсіз саналған. «Сен» деп сөйлеу жасы ұлғайған кісіге тіл тигізу, сыйламау деп есептелген. Сол себепті халқымыз «сіз-біз» дескен сыйластықты «сеннің» сеңі шайып кетпеуіне баса мән берген. «Сіздің» ар жағынан баланың ата-анаға, ел-жұртына деген сүйіспеншілігі, құрметі мен ізеті сезілсе, «сеннің» артынан дөрекілік, өктемдік пен кеудемсоқтық ызғары есетінін байыпты бағамдаған. Пушкинді ғаламат санасақ та, «Простое – Вы, чудесное – Ты» дегені қазақы менталитетпен тәрбиеленген санаға сәйкес келмейді. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әлемде «сіз» деп сызылып тұрғаныңызды сыйластық деп қабылдамайтын, ұнатпайтын халықтар да бар деп естіп жатырмыз. Бұл өз алдына бөлек әңгімеге арқау болатын тақырып шығар. Біздің айтпағымыз, ұлттық болмысымыз бен салт-санамызды, төл мәдениетіміздің ерекшелігі мен сыйластыққа құрылған қарым-қатынасымызды сақтап қалуға мән бермесек, қазақтың бүкіл ағзасы бөтеннің насихатына бейімделіп, байырғы сабасына түсуге асықпай, бейқам жата беруі мүмкін. Жоғарыдағы мысалдар ата-баба жолынан адасып, басқа сүрлеуге түсіп кеткен ондайлардың қарасы қазірдің өзінде арамызда аз емес екенін аңғартып қалады. Тәрбиедегі осы ақауға көңіл бұратын кез келді. Болмаса ұлы әкесіне, қызы шешесіне өктем дауыспен «сен» деп сөйлеп тұрса, несі жақсы?!