Саясат • 04 Ақпан, 2021

Жұрт санасына сіңірмей болмайды

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің жанынан азамат­тардың сенімі мен адалдық пен парасаттылық қағидаларына бейімділігін артыру мақсатында құрылған Ақпараттық-ағарту штабының жылдық жұмысын қорытындылауға арналған кеңес өтті.

Жұрт санасына сіңірмей болмайды

Іс-шараға агенттіктің және аумақ­тық департаменттердің басшылары,  жергілікті ақпараттық-ағарту штабта­рының жетекшілері мен қоғам өкілдері қатысты.

Республикалық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада құрамында Мырзатай Жолдасбеков, Ермек Тұрсынов, Ғос­ман Төлеғұл сияқты беделді қоғам бел­сен­ділері бар штабтардың қызметі жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің іргетасын қалауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның дәлелі ретінде өткен жылы жасалған жұмыстардың алғашқы оң нәтижелерін келтіруге болады.

Атап айтқанда, онлайн форматта штабтың 400 мүшесі өткізген 5 мың­ға жуық іс-шарамен 1,2 млн азамат қамтылған. Әрбір іс-шара ұлттық мәде­ниет пен бабалар мұрасы арқылы рухани құндылықтарды тәрбиелеу мақсатын көздеді.

Сондай-ақ парасаттылық идея­сы­ мен сы­байлас жемқорлыққа қар­сы мәде­­ниетті жастар арасында халық шығар­машылығы арқылы қалып­тастыру мақсатында еліміздің әр өңі­рінен 16 айтыс ақыны қатысқан Antikor-айтыс және Antikor Terme онлайн жобалары ұйымдастырылды.

Жиын барысында Шымкент қала­сы мен Ақмола, Жамбыл, Қы­зыл­ор­­да, Түркістан, Павлодар және Шы­ғыс Қазақстан облыстары штаб жетек­шілерінің  баяндамалары тыңдалып, оң тәжірибелері өзге өңірлерге үлгі етілді.

Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев ақпараттық-ағарту штабының бас­ты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету екендігіне тоқталды. Оның пікірінше, әрбір өңір ғана емес, әр ауылдық елді мекен тұрғындарының бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты жаппай сіңіруі маңызды. Сондықтан да аудандық деңгейде де ақпараттық-ағарту штабтарын ұйымдастыру қажет. Олардың жұмысына халық арасында абыройға ие белсенді азаматтарды, оның ішінде жастарды және әдеп жөніндегі уәкілдерді кеңінен тарту керек.