Мәселен, АҚШ-тың The Times басылымы Жапония үкіметі 2021 жылға шегерілген Токио Олимпиадасын коронавирус пандемиясына байланысты өткізуден бас тартуды көздеп отырғаны туралы жазды. Басылымның мәлімдеуінше, қазіргі таңда Жапония өз абыройын сақтап қалудың және осы күнге дейін шығындалған қаржысын қайтарып алудың түрлі жолын қарастырып жатқанға ұқсайды. «Қазір бұл туралы (Олимпиададан бас тарту – Ә.Б) ешкім бірінші болып хабарлауға ниетті емес. Бірақ барлығы дәл қазіргі жағдайда Олимпиаданы өткізу қиынға соғатынын біліп отыр. Менің пікірімше, Жапония үкіметі биылғы Олимпиаданы өткізе алмайды», деп жазады мақала авторы. Сонымен қатар Жапония билігінің бұл шешіміне коронавирустың жаңа толқыны себеп болғаны да айтылып жатыр.
Жапония биылғы Олимпиаданы өткізе алмайтын болған соң алдағы 2032 жылға жоспарланған жазғы Олимпия ойындарын Токиода қабылдауға ниетті. Ал оған дейінгі 2024 (Париж) және 2028 (Лос-Анджелес) жылдары өтетін Олимпиаданы қабылдайтын ел әлдеқашан анықталып қойған.
Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің басшысы Ёсиро Мори The Nishinippon Shimbun атты жапониялық басылымға берген сұхбатында Олимпия ойындарын өткізу немесе өткізбеу туралы соңғы шешім 25 наурызда қабылданатынын айтқан. Ол Халықаралық Олимпиада комитетіне Олимпиаданы өткізу бойынша ештеңе өзгермегені туралы баяндап, алайда «ең нашар сценарийлердің» де қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Дей тұрғанмен, Жапония үкіметі The Times басылымының ақпаратын жоққа шығаруда. Бұл туралы Жапония үкіметі бас хатшысының орынбасары Манабу Сакаи мәлімдеді. Ол жергілікті журналистер сауалына: «Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды», деп қысқа қайырды.
The Times басылымы таратқан ақпараттан кейін АҚШ-тың Флорида штаты қаржы бөлімінің бастығы Джимми Патронис ХОК басшысы Томас Бахқа хат жолдап, егер Жапония билігі Олимпия ойындарын өткізуден бас тартып жатса, төрт жылдықтың басты додасын өткізуге өз штатының дайын екенін жеткізген. Хатта Патронис «2021 жылғы Олимпия ойындарын Токиодан Америка Құрама Штаттарына, дәлірек айтқанда, Флоридаға көшіру мүмкіндігін қарастыруды» ұсынады. Шенеунік Флоридада жарыстарға қажетті барлық жағдай жасалғанын және пандемия кезінде штатта спорттық іс-шараларға рұқсат етілгенін атап өткен.
Бұған дейін Киодо агенттігі бірнеше аты аталмаған дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Жапония Үкіметі жалғасып жатқан коронавирус індеті аясында биыл жазда Олимпиада мен Паралимпиаданы көрермендерсіз, яғни «жабық есік» жағдайында өткізуді де қарастыру үстінде екенін мәлімдеген болатын.
Токио Олимпиадасына қатысты осындай әңгіме жиілеп кеткен соң, өткен аптада ХОК президенті Томас Бах Ұлттық Олимпиада комитеттерінің басшыларымен кеңейтілген телеконференция өткізді. Аталған онлайн-жиынға Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы да қатысты. Екі сағаттан аса уақыт бойы қатысушылар ғаламдық пандемия, спортшыларды вакцинациялау, БҰҰ қарары мен алдағы Токио-2020 және Бейжің-2022 Олимпиадаларына дайындық мәселелерін талқылады.
Жиын барысында сөз алған Томас Бах 2021 жылдың қарбаласқа толы болатынын атап өтті. Өйткені Токио Олимпиадасынан 6 ай өткен соң Қысқы Олимпия ойындары басталады. Мұндай жайт тарихта алғаш рет болғалы тұр. Қазіргі сәтте ХОК екі ірі спорттық іс-шараға толыққанды дайындық жүргізуде. Сонымен қатар Томас Бах 2020 жылғы Токио Олимпиадасы қарсаңындағы түрлі сыбыстар мен қауесеттерге тойтарыс беру үшін Олимпиадалық қозғалыстың бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігіне ерекше тоқталып өтті.
«Қазір Олимпиадалық қозғалыстың бар назары 2020 жылғы Токио ойындарына бағытталған. Бірер күн бұрын жаңалықтарда Жапонияның Олимпиаданы өткізуден бас тартатыны туралы арандатушылық бағыттағы ақпараттар қаптап кетті. Бірақ бұл – жалған ақпарат. Мен баршаңызды тек ресми дереккөздер мен ХОК-тың ресми мәлімдемесіне сенуге ғана шақырамын. 22 қаңтарда Жапония билігімен телефон арқылы сөйлестім, олар өз тараптарынан ешқандай ресми мәлімдеме мүлде болмағанын айтты. Тағы да қайталап айтамын, Олимпия ойындары мен барлық жарыс пен іс-шара жоспарланған уақытында өтеді. Осы салаға қызығушылық танытқан тараптардың бәрі де Олимпиаданы сәтті өткізу үшін тынымсыз еңбектенуде. Сондықтан «Б» жоспарын ойластыруға негіз жоқ. Жапония нақты қадамдар арқылы айтулы доданы өткізуге дайын екенін баршамызға мәлімдеп отыр. Сондай-ақ елдегі саяси пікірталастарға қарамастан, Қытай да Қысқы ойындарды өткізуге әзір», деп мәлімдеді ХОК президенті.
ХОК басшысы өз кезегінде Олимпия ойындарына қатысушыларды вакцинациялау туралы да айтып өтті. Томас Бах осы сұраққа қатысты Ұлттық Олимпиада комитеттеріне көмектесуге уәде беріп, барлық спортшыны вакцина қабылдауға шақырды. Алайда вакцинациялау әр спортшының еркі бойынша жүргізілетінін де тілге тиек етті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Жапония және ХОК-пен бірлесе отырып, коронавирусқа қарсы шаралар тізбегін жетілдіруде. Осы орайда спортшылардың келуі, олардың жүріп-тұруы, тестілеуді ұйымдастыру және жарысқа қатысуы сияқты барлық аспектілер есепке алынған. Жапония билігі жарыс кезінде көрермендер мен жанкүйерлерді трибунаға кіргізу мәселесін мұқият зерттеуде. Томас Бах барлық сауалдар мен маман кеңестерін талқылаған соң, ХОК өз ұсынысын жеткізетінін мәлімдеді.
«Жапония Олимпия ойындарын асыға күтуде. Олимпиаданың басталуына бар болғаны алты ай қалды. Дайындық қарқынды жүріп жатыр, әр минут сайын алға ілгерілеу байқалады. Жапония билігінің ойыннан бас тартатыны туралы жақында жарияланған ақпараттар шындыққа жанаспайды. Біз күн сайын түрлі халықаралық және жергілікті ұйымдар мен спортшылардан қолдау хатын аламыз. Бізге мұндай қолдау аса қажет», деді Жапония Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Ясухиро Ямашита.
ХОК басшысы наурыз айында өтетін ХОК-тың 137-сессиясы 2020 жылғы Олимпия ойындарына дайындықтың аяқталуы мен ковид кезеңіндегі Олимпиадалық қозғалыстың болашағына бағытталатынын атап айтты. Сессия аяқталған соң Ұлттық Олимпиада комитеттерімен тағы бір кездесу өткізу жоспарланған. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қашанда басымдық беретінін мәлімдеді. Қазіргі сәтте Ұлттық Олимпиада комитеті Қазақстан ұлттық федерацияларымен бірлесе отырып, алдағы Олимпия ойындарына дайындықты жалғастыруда.