Парламент • 04 Ақпан, 2021

Мәслихаттардың мәртебесі артады

212 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заң жобасы мақұлданды. Атап айтқанда, депутаттар аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәслихаттардың мәртебесі артады

 

Жаңа заң жобасына сәйкес енді ауылдық округтердің бюд­жеттері салықтардың жаңа төрт түрінен түсетін түсімдер есебі­нен ұлғайтылады. Мәжіліс Төр­ағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, жергілікті бюд­жет­тердің дер­бестігін дамытудың жаңа кезеңі бас­талмақ. Осылайша, ауылдың әлеуметтік мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар Нұрлан Нығма­тулин бюджет қаражатын тиімді әкім­ші­лендірудің маңыздылығын және әкім­дерді даярлау деңгейін арттыру қажет­тігіне тоқталды.

Айта кету керек, 2018 жылы қабыл­данған «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес бөлінген қаражат бірінші кезекте қайда жұмсалатындығы ауыл тұрғындарының жиналысында анықталады. Жаңа заң жобасы бойынша әкім аппаратына өз бюджеттерін 20 пайыздан аспайтын мөлшерде түзетуге мүмкіндік беріледі. Бюджетті бекіту рәсімдері оңайлатылады, сондай-ақ меншікті түсімдер көлемінің 10 пайыздан аспайтын мөлшерінде ауылдық бюджет резервін құру көзделеді.

«Бұл қаражат жергілікті қоғам­­дас­тықтың бастамасы бо­йынша кезек күттірмейтін шы­ғындарға бағытталатын болады және өз кірістерінің он пайызы­нан аспайды. Жоғары тұрған деңгейлердегі бюджетке ұқсас ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке түзетулер енгізу мүмкіндігін беру көзделіп отыр», деді аталған мәселе бойынша баян­дама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Бюджет кодексіне аудан және ауылдық округ бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемінің өзгеруіне жол бермейтін нақтылаушы нор­ма енгізіледі. Сондай-ақ мәсли­хаттардың шешімдерін әділет органдарында тіркеу қажеттілігі бо­йынша норманы алып тастап, бюд­жеттерді бекіту рәсімін оңайлату ұсы­нылып отыр.

«Әкімшілік-аумақтық бір­лік­тер санатын өзгерту тәртібін анықтауды ұсы­намыз. Осы Заң­да белгіленген талап­тарға сәй­кес келмеген жағдайда қала мәртебесін бес жыл ішінде, ал ауыл­­дардікін үш жыл ішінде өзгер­ту жүзеге асырылады. Жергі­лікті атқарушы және өкілді орган­дар осы мерзім ішінде елді мекендердің келешегін ескере отырып, олардың экономикалық дамуы үшін шаралар қабылдауға тиіс», деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзету қарастырылған. Мәс­лихат сессиясы төрағасының қызме­тін таратып, оның өкілеттігін мәсли­хат хатшысына беру ұсынылып отыр. Со­нымен қатар әрбір облыс пен респуб­ликалық маңызы бар қалаларда мәсли­хаттың тұрақты комиссиялары төраға­ларының босатылған екі лауазымын енгізу қарастырылған.

Айтпақшы, осы заң жобасын талқылау барысында депутат Берік Дүйсенбинов Ұлттық экономика министрі Әсет Ерға­лиевті сынға алды. Себебі ол өз баянда­ма­сын қағаздан қазақша әрең оқып берген еді.

«Сіз бүгін алғаш рет Мәжіліске ке­ліп тұрсыз. Бірақ қазақша қойылған сұ­рақ­тардың барлығына еш рұқсат сұрамастан, орыс тілінде жауап беруге көштіңіз. 18 миллион адамның ішінен министр болуға жараған екенсіз, жасыңыз да тәуелсіздікпен шамалас. Бірақ өз ана тіліңізде жауап бермегеніңіз ұят деп санаймын», деді Берік Дүйсенбинов.

Жалпы отырыста депутаттар «Суға батып кеткен ке­мелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған құжатты депутаттарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов таныстырды.

Конвенцияның негізгі мақсаты – суға батып кеткен кемелерді тез әрі тиімді түрде жою және кеме иесінің келтірілген залал үшін өтемақы төлеуі жөніндегі бірыңғай халықаралық қағидалар мен рәсімдерді әзірлеу және оны енгізу. Құжатқа 53 мемлекет қосылған.

«Конвенцияда теңіз апатынан келген залалды қаржылай өтеуді кепілдендіру бойынша кеме иесінің және туды көте­ріп жүзетін мемлекеттің міндеттері бекі­тілген. Каспий теңізінде кеме қатына­сының артуына байланыс­ты құжатты рати­фикациялау қажет. Бұл ретте Қазақ­стан жүк тасымалдайтын негізгі мемлекет. Каспий теңізіндегі жалпы жүк айналымының шамамен 31 пайызы Ақтау және Құрық порттарында тиеледі. Бүгінгі таңда Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді түрде дамытып келеміз. Иранның Каспий маңы порттарымен жаңа автомобиль-паром қатынасы ашылды. 2021 жылы Ресейдің Махачкала портымен теміржол-паром қатынасын ашу жоспарланып отыр», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, 2025 жылға қарай Каспий теңізінің қазақстандық секторына кіретін кемелер саны екі есеге ұлғаяды. Тиісінше теңіз апаттарының ықтималдылығы да артпақ. Осыған байланысты конвенция­ны ратификациялау теңіз апаттары кезінде Қазақстан мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.

Конвенция суға батып кеткен мүлікті жою үшін азаматтық жауаптылықты міндетті сақтан­дыру және туын көтерген мем­лекетінен сақтандыру полисінің бар екенін растайтын куәлік алу жүйесін енгізеді, сондай-ақ сақ­тандырушыға өтемақы бойынша тікелей талаптар қоюға құқық береді.

Мәселен, Конвенцияның 5-бабында кеме капитанының, кеме иесінің не суға батып кеткен мүліктің меншік иесінің өзінің суға батып кеткен мүлкі туралы хабарлау міндеттері белгіленеді және мұндай хабарламаларды беру тәртібі регламенттеледі.

Сонымен қатар Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.  

«Бұл – қылмыстық сала бо­йынша Болгариямен арадағы соңғы келісім. Бұған дейінгі адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер тұрғысында құқықтық көмек туралы шарттарға ратификация жасалды. Шарт сотталған адамдарды өз еліне жазасын өтеу үшін беру және олармен алмасу тәртібін реттейді», деді заң жобасын таныстырған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Шартқа сәйкес тараптар сот­­талған адамдарды беруге қа­тыс­ты барлық жағдайда өза­ра ын­тымақтастықты жүзеге асы­ра­ды. Құжатта сотталған адам­­дарды берудің және одан бас тар­тудың нақты негіздері көз­дел­ген. Шартты ратификациялау сот­­талған адамдарды олар­дың аза­­мат­тығы тиесілі қоғамға қайта ин­те­грациялауға ықпал етеді. Мұн­дай шарттар 21 елмен жасалған.

«Сотталған адамның жазбаша келісімі болуы тиіс. Осындай талаптар сақталмаса, адам берілмейді. Жалпы, екі ел арасында қарым-қатынас жақсы дамып келеді», деді Марат Ахметжанов.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық са­уалдар жолдады. Олар: Аманжан Жамалов, Александр Милютин, Берік Дүйсенбинов, Снежанна Имашева, Жамбыл Ахметбеков, Серік Ерубаев, Айқын Қоңыров, Сергей Решетников, Мақсат Раманқұлов, Қазыбек Иса, Ғалым Әміреев, Андрей Линник, Лариса Павловец.

Сондай-ақ жалпы отырыста бұған дейін ант қабылдамаған VII шақырылым депутаттары Берік Әбдіғалиұлы, Ана­то­лий Бойчин, Юрий Жулин, Вера Ким, Юлия Кучинская және Айгүл Құспан ант берді.  

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20