Саясат • 04 Ақпан, 2021

Экспорттық әлеует – өңір дамуының кепілі

450 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ төрағалығын қабылдауына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің басшыларына жолдаған Үндеуінде бірқатар маңызды мәселені көтерді. Соның ішінде сыртқы нарықтарға шығуды кезең-кезеңімен кеңейту, үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың маңызы зор.

Экспорттық әлеует – өңір дамуының кепілі

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Еуропалық одақпен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға қол жеткізді. Орталық Азия мемле-кеттері ішінде бірінші болып Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бүгінде бұл одақ – еліміздің басты сауда және инвестициялық серіктесінің бірі екені белгілі. ЕО мемлекеттері еліміздің мұнай, газ, түсті металдар секторына, уран саласына әркез қызығушылық танытып келеді.

Ал еліміздің өңдеу өнеркәсібі көлемінің үштен бір бөлігі Павлодар облысының кәсіпорындарына тиесілі. Өңірлік өнеркәсіптік кешен металлургия, металл өңдеу, машина жасау, электр энергиясын өндіру, мұнай өңдеу өнімдері, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібіне бағытталған. Сондықтан бұл өнімдерге Орталық және Шығыс Азия, Шығыс және Орталық Еуропа елдері қызыға назар аударатыны белгілі.

Облыстық Кәсіпкерлік, сауда және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірде экспортқа жұмыс жасайтын 100-ге жуық кәсіпорын бар. Жаңа жобалар еліміздегі «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын» іске асыру шеңберінде іске қосылып, нәтижесінде 70-ке жуық жаңа өнім түрі пайда болды, оның 35 пайызы экспортқа бағдарланған. Жергілікті кәсіпкерлер өзге елдермен ынтымақтастық байланыстар орнатты. Өңірде дәстүрлі түрде металлургия, тау-кен өндірісі, химия өнеркәсібі, машина жасау және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының өнімдері үлкен үлеске ие. Жергілікті өндірушілердің өнімдері әлемнің 40 еліне жеткізіледі. Өндірушілер өнімдерінің ірі тұтынушылары – Ресей, Қытай, Жапония.

Бірақ қазір індеттің таралуына орай, металл бағасының тұрақсыздығы және Қытаймен шекарадағы сауда шиеленісі жағдайында облыстың экспорттық валюта түсімінің төмендеу қаупі бар. Өткен жылдың 11 айында өңірлік отандық тауарларының экспорты 2,5 млрд АҚШ долларынан асқан. Жыл қорытындысы бойынша экспорттың құндық көлемі
3 пайызға азаяды деген болжам да бар.

Яғни, өңірдің сыртқы сауда көлемінің төмендеуі – экспорттық жеткізілімдердің 99,7 млн АҚШ долларына, импорттың 144,7 млн АҚШ доллары мөлшерінде азаюына байланысты орын алуда.

Өткен жылы өңірдегі феррохром, ферросиликохром өндіру бойынша экспорт көлемінің қысқаруы есебінен металлургия саласында экспорттың төмендеуі байқалды. Бұл төмендеу – баға өзгерісінің салдары, Лондон тауар биржасының деректері бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, глиноземге орташа баға –15,8 пайызға, алюминийге – 5,3 пайызға, ферроқорытпаға 2 пайызға төмендеген.

Сондай-ақ жергілікті тауарлардың экспортына ҚХР тарапынан енгізілген шектеу шаралары теріс әсер еткен.

– Бірақ жергілікті экспорттың жалпы көлемінің төмендеуіне қарамастан, минералдық өнімдер, химия саласының өнімдері, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, тоқыма сынды тауар топтары бойынша экспорттық жеткізілімдер тау-кен өндіру саласындағы (оның ішінде энергетикадағы) экспорт мыс кендері мен концентраттарының, сұйытылған бутандардың экспорты көлемінің өсуі есебінен 1,3 есе, машина жасау өнімінің экспорты темір жол құралдары мен дөңгелектерінің, дизель-электрлік локомотивтер экспорты көлемін ұлғайту есебінен 2,2 есе, химия өнеркәсібіндегі экспорт алюминий оксиді (глинозем) экспортының көлемін ұлғайту есебінен 5,1 пайызға артты. Сонымен бірге азық-түлік тауарларының экспорты бидай мен басқа да өнімдер, бидай ұны, сыра уыты экспортының көлемі 1,4 есеге дерлік көбейген, – дейді басқарма басшысы Айбек Тұрсынғалиев.

Қазір облыстағы «Проммашкомплект» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «KSP Steel» ЖШС кәсіпорындары індеттің өршуі мен сұраныстың төмендеуі жағдайында жаңа нарық іздестіріп, Израильге кабель-өткізгіш өнімдерін, Канадаға құбыр өнімдерін жеткізуді бастап кетіпті.

Бұл ретте мемлекетіміздің белсенді түрде қолдау көрсетуі қазір ерекше маңызды. Отандық экспорттаушыларды қолдау үшін оларды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту бойынша барлық мүмкін шара қабылдануда.

Еліміздегі KazakhExport, Қазақстан QazIndustry Индустрия және экспорт орталығының өкілдері Павлодар өңірінің кәсіпорындары үшін мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша онлайн-вебинарлар мен облыс кәсіпорындарына көшпелі консультациялар өткізуде.

– Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша экспорттық шығындарды өтеуге 23 нысаннан 77 өтінім берілді, оның ішінде 16 субъектінің жалпы сомасы 183,8 млн теңгеден асатын 30 өтінімі мақұлданды. Биыл экспорт бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жүзеге асырады. Өтінімдерді қабылдау 26 қаңтардан 1 маусымға дейін жалғасады, – дейді басқарма басшысы.

Ал өңірдегі ұн сату экспортымен ай­налысатын кәсіпкерлер індет тарал­ғанға дейін Өзбекстан арқылы Ауған­стан сұранысына сай жұмыс істеп келді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының мәліметінше, өткен жылы ұн, картоп, көкөніс, ет, сүт сияқты агроөнер­кәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 59,7 млн АҚШ долларын құраған. Өнімдер ТМД елдері және Ауғанстан, Германия, Польша, Аустрияға жеткізілген.

Бірақ індет кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау барысында біраз мәселе туындады. Мәселен, елден әкетуге тыйым салынған тауарлар және квота белгіленген тауарлар белгіленді. Соған орай кәсіпкерлер ұн мен бидайды белгілі мөлшерде кедергісіз экспорттауға мүм­кіндік алып, жеткізу шарттарын жаса­ғанымен, арнайы бөлінген квота жеткіліксіз болды. Тек былтырғы 1 мау­сымнан бастап, экспорттық өнімдерді кво­тасыз және әдеттегі тәртіппен сыртқа шыға­руға рұқсат берілді.

Былтыр павлодарлық кәсіпорындар 8152 тонна ұнды экспортқа жөнелткен. Бұл өнім жақын шетелдермен бірге, Германия, Польша, Аустрияға жөнел­тілген. Экспорттаушы кәсіпорындар қатар­ында «Ертіс диірмені», «Ақтоғай Агро», «РубиКом», «КЭММИ» сияқты ірі кәсіп­орындар бар.

– Өнімді экспорттау кезіндегі ке­дер­гілер аз емес. Өтініш тапсырасыз, ол прокуратурада тіркеледі. Бір апта күтесіз. Қызмет ақылы. Өндіріс нысанының есептік нөмірін алуға кезекке тұрасыз. Кедендік одақ реестріне тіркеу жұмысы басталады. Елімізде экспортты жүргізу мерзімі импортпен салыстырғанда 12 күнге көп екен. Қысқасы «Бір терезе» жүйесін тиімді жасамай, жағдай тү­зел­мей­ді, – дейді Май ауданындағы «Ақ­жар өн­діріс» ЖШС басшысы Гүлзира Қызы­лова. 

Індет таралуына орай азық-түліктің кейбір түрлерін сыртқа шығаруға шектеу де қойылды. Кәсіпкер Ербол Досбаевтың айтуынша, біздің еліміздегі кедергі – көліктік логистика бойынша қолдау болмай тұрғандығы. Нақты айтқанда, экспортқа бағытталған өнімдерді шығаратын кәсіпорындардың салықтық және басқа да шығындары аз емес.

Өткен жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мәліметке үңілсек, қаңтар-қыркүйекте өңірдің ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттермен өзара сау­дасы 1229,6 млн АҚШ долларын құраған. Өзара сауда құрылымында экспорт басым, 57,1 пайыз (облыстан 702,4 млн АҚШ долларына тең тауар шығарылды), импорттың үлесі 42,9 пайыз, (облысқа әкелінген тауарлардың көлемі 527,3 млн АҚШ долларына тең).

Облыс орталығындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ алюминийді Еуропаға жеткізудің экспорт көлемін 77 пайызға жеткізген. ERG компания­лар тобының баспасөз қызметінің мәлі­ме­тінше, індет таралған уақытта да бұл кө­лемнің бір бөлігін көрші Ресей нарығынан Еуропалық Одаққа қайта бағыттау үшін үлкен жұмыс жүргізуге мәжбүр болған. Керісінше, алюминийдің Өзбекстанға экспорты өскен.

 – Біз өз өнімдерімізді сыртқы нарық­тарға жеткізу барысын есептедік, – дейді облыс орталығындағы «Гофротара зауы­ты» ЖШС-нің басшысы Гүлнәр Қай­дарова. – Тіпті Омбыда өнімдерімізге өте төмен баға сұрап отырған сатып алушыларымыз да бар. Бірақ ондай жағдайда біз тек шығынмен жұмыс істейміз, бұл біз үшін тиімсіз.

Ал Омбы облысының сыртқы сауда айна­лымының 30 пайызы біздің елдің солтүстік өңірлеріне тиесілі. Шекаралас өңірлердің арасында машина құрастыру, химия және агроөнеркәсіп кешені саласында ынтымақтастық орнаған. Ресей тара­бы келешекте құрал жасау бойынша ұзақ мерзімді әріптестік орнатуды ұсы­нуда.

Гүлнәр Қайдарова басқаратын кәсіп­орын үш қабатты және бір қабатты гофрокартоннан жасалған бұйымдар жасап шығарады. Кәсіпорын еліміздің барлық өңірі­мен өндірістік байланыста. Ал Ресей­ге экспорттауға келетін болсақ, кәсіп­кер­лерді қосымша құн салығы бөгейтін көрі­неді.

Павлодардың полипропилен зауыты­ның өнімдеріне де алыс-жақын шетелдерден сұраныс жоғары. Алдағы уақытта кәсіпорын өңірдің экспорттық әлеуетіне барынша үлес қоспақ. Кәсіпорын басшысы О.Ықыласовтың айтуынша, жасалатын өнімдердің экологиялық сапасы өте жоғары, 35 пайызы Ресейге, 15 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне барады. Экспорттық әлеуеті жоғары өнім – метил-трет-бутил эфирі мен полипропилен қоспасы арқылы 500 килодан бастап, сыйымдылығы 60 тонналық көлемдегі салмақты көтеретін жұмсақ контейнерлер жасалады. Түрлі өлшемдегі қаптардың қазір жылына 1 миллион 200 данасы шығарылуда.

Экспорт демекші, 2019 жылдың жазында Екібастұз ГРЭС-1 стансасы Ресейге электр энергиясын жеткізуді тоқтатты. Ресейліктердің стансадағы үлесін «Самұ­рық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры сатып алды. Осындағы қуаттылығы 636 МегаВаттқа тең № 3 энергоблоктың ұзаққа созылған құрылысы 2024 жылы аяқталса, Өзбекстанға электр энергиясын жіберуге мүмкіндік алады.

Дамыған экономиканың айнасы – экс­порт. Экономист ғалым Сәуле Құния­­зованың айтуынша, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуі бұл салаға серпін беретіні анық. Өйтке­ні Еуропалық Одақтың әлеуеті мол. Еура­зиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас жанданып, екіжақты ынтымақтастық нығайса, біз­дің елімізге үлкен жетістік әкелері сөзсіз.

 

Павлодар облысы