Аймақтар • 04 Ақпан, 2021

Қызылорда қаласының әкімі қоғамдық кеңес алдында есеп берді

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есептік кездесуде шаһар басшысы қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жыл көлемінде қол жеткен жетістіктеріне тоқталып, биылғы жұмыс жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда қаласының әкімі қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Жалпы жыл қорытындысында Сырдың бас шаһары барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге ие болды. Атап айтқанда, қала бюджеті 94 млрд теңгені құрап, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд теңгеге жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 105 пайызға артығымен орындалып, облысқа салынған инвестицияның 52 пайызы Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі болды.

Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп беру барысында  қала әкімі 2020 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 371 мың 314 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты.

«Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да жаңа жобалар жүзеге асты. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген  9 млрд теңгеге 408 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді» -  деген шаһар басшысы бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, «Тағзым» мемориалы, "Сыр Ана" монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылғандығын да атап өтті.

Биылғы жұмыс жоспарын ортаға салған қала әкімі 51,3 шақырым болатын 94 көшеге қиыршық тас төселіп, Сырдария өзенінің сол жағалауынан апаттық үйлерде тұратын отбасылар үшін 50 пәтерлік  тұрғын үй құрылысы жүргізілетінін жеткізді,  Қала  әкімдігіне халықтан келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты болып отыр. Осыған байланысты қалада жеке инвесторлар қаржысына салынып жатқан тұрғын үйлерден 60 пәтер сатып алынады. Тұрғындар өтінішіне орай көп қабатты үйлердің аулаларына  ойын алаңдарын салу бағытында жұмыстар жүргізілетіндігін атап өтті. Сонымен қатар жоспарға сай негізгі басымдық – жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелерге берілгендігін айтты.

Есептік кездесуде  сөз алған қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев 2020 жылы қалада ауқымды жұмыс жасалғандығын айта отырып, жыл көлемінде қала әкімдігіне қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелмегеніне ерекше тоқталды. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі екендігін атап өтті.