Аймақтар • 04 Ақпан, 2021

Өткен жылғы өрелі іс жалғасын табады

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек  Нәлібаев Тасбөгет және Белкөл кентінің тұрғындарына онлайн форматта есеп берді. Есептік кездесуде шаһар басшысы қаланың және кенттердің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен жылғы өрелі іс жалғасын табады

Өткен жылы 17,5 шақырым болатын 15 көшеге малта тас төселіп, 3,6 шақырымға созылған 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Тасбөгетте бұдан бөлек 5 көше жарықтандырылып, спорттық жаттығу және стритбол алаңы салынды. Кентке қарасты Сабалақ саяжайында  ауыз су желісінің екінші кезеңін жүргізуге, 17,6 шақырым электр желісін тартуға қаржы қаралды.

Ал, Белкөл кентінде 2020 жылы 6 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп,  кварталаралық жылу жүйелері жаңғыртылды, «Балапан» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, Зеленая көшесінің 1,6 шақырымына түнгі жарық шамдары орнатылды. Кентке қарайтын Бірқазан елді-мекенінің кіре-беріс жолы жөнделіп, ауылда балалар ойын алаңы салынды.

Есептік кездесуде сөз алған кент тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, биыл да жұмыс  қарқынды жалғасса деген тілектерін жетізді.

Қала әкімі қос кентте де кезегін күткен мәселелер жұмыс жоспарына сай жүзеге асыралатындығын айтып, биылғы жасалатын біраз істі саралап өтті.

Осы жылы белкөлдіктердің ұсыныс-тілегіне орай темір жолдан өтетін аспалы көпірдің құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі. Қала іргесіндегі кентте тұратындар темір жолдың арғы беті аталып кеткен аумақтағы ауыз су жайын да көтерді. Бұл сауалға қала әкімі сол адандағы 200-ге тарта тұрғын үйді ауыз сумен қамту жоспарға енгендігін айтып, жыл соңына дейін мәселе толығымен өз шешімін табатындығын айтты.

Ал соңғы жылдары қомақты қаржы қаралған Тасбөгетте биыл да жолдарды жөндеу мен көшелерді жарықтандыру басты назарда болмақ.