Президент • 04 Ақпан, 2021

Президент Қаржы министріне негізсіз бюджеттік шығындарды анықтауды тапсырды

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қаржы министріне негізсіз бюджеттік шығындарды анықтауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің 2020 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері, Президент Жолдауында қаржы саласына қатысты айтылған тапсырмаларының орындалу барысы, ведомствоның алдағы негізгі міндеттері жайында баяндалды.

Министр бюджеттің тең бөлінуін қамтамасыз ету, салық-кеден әкімшілігін цифрландыру, көлеңкелі экономиканың көлемін азайту, мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру, сатып алу мен мемлекеттік аудит жүйелерін жетілдіру туралы айтты.

Мемлекет басшысы үш жылдық республикалық бюджетті оңтайландыруға және сапалы әзірлеуге қатысты бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев салық-кеден әкімшілігін цифрландыру жұмысын толық ойластырып, белгіленген мерзімде орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Президент мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған барлық жаңа заңнамалық бастамалар әбден пысықталуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудиторлық қызмет тиімді болуы қажет және ресми органдардың негізсіз бюджеттік шығындарын анықтап, оның алдын алу шараларына баса мән беруі керек деп санайды.