Руханият • 05 Ақпан, 2021

Сәбит Оразбаев: Сахнаның келбеті – актер

826 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Сәбит Оразбаев: Сахнаның келбеті – актер

– Сәбит аға, карантиннің кедергісі болмаса, 85-ке келіп отырған сізді былтырға дейін спектакльдерден көріп, көз­айым болып жүретін едік. Оқыс­тан келген оңаша өмірге үйрене алдыңыз ба, уақы­ты­ңызды қалай өткізіп жатырсыз, театры­ңызды сағынған болар­сыз?

– Бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйғызған бұл індет, басқадан бұрын, бізге, әсіресе қарт адамдарға қиын соғып тұр. «Аға, ешқайда шықпаңыз, үйде отырыңыз» деп дәрігер де күн сайын телефон соғып, қадағалап отырады. «Көбелектің кәрісі жоқ, кәріліктің дәрісі жоқ» деген мақалымды естіген ел мырс-мырс күліп жатады. Бірақ рас, жатқан сайын қурай түсетін қарттық онсыз да үйден алысқа ұзатпай тұсап жүретін еді, оған карантин қосылып, оңашада ой баққан үйкүшікке айналып шыға келдік. Бірақ демімізді ішімізге алып, жанымыз иненің ұшында тұрса да, осы қиындықтан қуаныш табуға міндеттіміз. Өйткені ерте ме, кеш пе, бұл күн де өтеді, бастан өт­кізген осы кезеңді қайтып оралмас өмірімізден сызып тастай алмаймыз, сол үшін бұл мұнартқан белгісіз күндерден де қуаныш пен ғибрат қалуы керек. Бар саналы өміріміз сахнада өткеннен кейін театрымызды сағынамыз, әрине. Жас күнгідей жасын болып жарқылдаған ойын үлгісін көрсетпесек те, ескі дағдымен жай ғана аяңдап, күніне бір мезгіл театрға барып, үлкен-кішімен қауқылдасып қайтудың өзі мерекемен пара-пар еді. Амал не, ендігі жерде ел қатарлы тәртіп пен ережеге бағынуымыз – міндет.

– Жылдағы дәстүрмен мара­патталғандар қатарында І дә­режелі «Барыс» орденін ал­ды­ңыз, құтты болсын! Атақ пен даңқ­­қа байланысты түйген ғиб­­ра­тыңызбен де бөлісе отыр­саңыз.

– Мақталу, марапатталу жа­ғынан кемшін қалған жерім жоқ. Еңбегімнің нәтижесі дәл уақытында аталып, дер кезінде бағаланып келеді. Бұған дейін  «Отан» орденін алған едім. Жалпы, орден-медаль, сый-сияпатқа жұрттың пікірі біркелкі емес екенін байқадым. Естіген туыс-таныстың бәрі құттықтап жатады. «Соның сізге не керегі бар? Бас тартыңыз орденнен» дегендер де болды. Сұрап алғам жоқ, біреуді сорлатып алғам жоқ, еңбегім бағаланып, құрмет көр­сетіліп жатса, неге бас тартуым керек? Бұйырған бақты адам басқа тебе ме? Олай етсем, адамға жараспайтын астамшылық болар бұл.

– Атақ туралы әңгіме қоз­ғалып кетті ғой, кейінгі жылдары атақ пен марапаттың шүлен таратқандай оңды-солды таратылуы қоғамның наразылығын тудырып отыр. Сіз ұзақ жылдар Мемлекеттік сыйлықты беру жө­ніндегі комиссия мүшесі бол­дыңыз, «нағыз спектакльді сон­да көрдім» деген едіңіз. Бү­гін­гі атақ беру процесі дұрыс па?

– Атақ туралы ұғым әртүрлі болады. Атаққа да, басқаға да бас ауыртпайтын жастау күнімізде «Мұхтар Әуезов театрының ак­тері жасаған образ» деген бір ауыз сөз бүгінгі кез келген атақ­тан биік тұратын еді. Серке Қо­жамқұлов, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаевтармен бір театрда жұмыс істеймін деген ойдың өзі анау-мынау марапатыңды жолда қалдыратын. «Той да өтер, думан да өтер, қызық та өтер, арқырап ағар уақыт судан бетер. Құлпырған қу дүниенің қыр соңынан, Құс салып, құрық салып қуу бекер»» дейді бабаларымыз. Дүниені бостан босқа қуу емес, еңбек етіп, табыс тауып қуу керек. Сенің еңбегіңнің жемісін айналаң көріп, жүрегіңнен шық­қан нұр мен шапағатты төңірегің, көрермен сезініп, содан ләззат алуы керек. Қай жерге барсаң да «орта таланттар неге лауреат болады, неге атақ алып кетеді?» де­ген сұрақ көп әңгіме болады. Бұрынырақта болашақ атақ иесі адал еңбегі мен қажыр-қай­ратының арқасында танылып, алдыменен қоғамдағы орнын белгілеп, өзінің белгілі бір са­тысына шығып алатын. Со­дан кейінгі «Халық әртісі» деген саты шың сияқты көрі­нетін. «Алдамшы үміт жетелер, сездірмеген салмағын. Әркім өзі көтерер, Тәңірдің бас­қа салғанын» дегендей, еткен еңбегінің жемісі біртіндеп алға жетелеп, ол өмірінің біраз жеріне дейін жететін. Ал қазір саты-сатысымен өсіп-жетілу деген ұмыт қалып, жанын салып еңбек етуге қалыптаспаған жас балалар бірден бастан асып секіруді, тұрған жерінен жолындағысын қаға-маға қарғуды дағды етіп алды. Қазір әртістерде «Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» деген жалғыз атақ бар. Жанталасып жүріп сол атаққа қолы жеткендер кешегі еңбекті де, ізденісті де ұмытып, жалпаяды да қалады. «Шаршап» қалады. Асылында, керісінше болуы керек емес пе еді. Атақтың салмағын сезініп, бұрынғыдан екі есе маңдай терін моншақтатып, ізденісін үстемелей түсуі керек еді. Жоқ. Тобырға айналдық. То­быр деген көкжиектен арғы­ны көрмейді, бірақ мінберді бер­мейді. Ал Мемлекеттік сый­лық туралы айтып аузымды ауыртқым келмейді. Әкесі – атақ, шешесі – мансап секілді, сол үшін неден болса да тайынбайтын жанкеш­тілердің араға небір көкелері мен ағаларын салып, мезі еткенінен шаршағаным сондай, қолымды бір сілтеп комиссия мүшелігінен баяғыда шығып кеткенмін.

– Өзіңіз қызмет етіп келе жатқан М.Әуезов атындағы дра­ма театры «ұлттық» деген мәртебеге ие болып, бүкіл ұжы­­мыңыз мәре-сәре болып қуа­нып жатыр. 95 жылдық тарихы бар театрға алғаш жұ­мыс­қа қабылданғаныңызда, театр­ға қанша жыл толған еді?

– Мен өнердің қарашаңы­ра­ғына жұмысқа келгенімде театр 34 жылдығын тойлап жатты. Міне, содан бері алпыс жылдан асты. Театрымыз ұлт руханиятының ұйытқысы болған қызметінен айныған емес. Корифейлердің көзін көрдік, аманатын арқалап келеміз. Заманына сай ол уа­қыт­тағы мерейтойдың мәні де, мазмұны да бөлек болатын. Театр­дың туған күні елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға ретінде аталып өтіп, жыл сайын жиын шақырылып, ресми баяндамалар жасалатын. Орден-медальдар табысталып, сыпыра мақталатын. Бәрінің көзі тірі, жайсаңы мол жақсы уақыт еді ғой ол.

– Кеңестік республика­лардың әдебиеті мен мәдение­тіндегі мықтылар бір-бірімен ажырамас досқа айналуды дәс­түр етіп, ол достықтың бер­тінге дейін жалғасқанын біле­міз. Сіз де «Қан мен тердегі» Сүйеудің рөлімен Иннокентий Смок­туновский сияқты әлемге әй­гілі сахна өнері әулиесінің наза­рына ерте іліктіңіз. Сол та­ныс­тықты достыққа айналдырып жіберуге талпынбадыңыз ба?

– Сүйеудің рөлі Елағаңа – Елу­бай Өмірзақовқа арналып, ол кісі аяқасты ауырып қалған соң, ассис­тент болып жүрген маған амалсыз берілген рөл еді ғой. Елағаң келе алмай репетиция шегеріле берген соң театрға жиі келетін Ғазиза Ахметқызы күйеуіне: «сен осы Сүйеудің рөліне анау Сәбит деген баланы салып көрмейсің бе?» деген екен. Әзекең ойланып қалады. Өйткені Ғазиза апа­мыз дана адам еді, Әзекең ол кісінің айтқанына құлақ асатын. Мәмбетов ол кезде мені сырттай танығанымен, атымды да білмейтін. Менің бұған дейінгі ойнаған рөлдерімді көрген, кө­ңілінен шықсам керек, «әй, бала, бері кел» деп бірде сахнаның қапталындағы бөлмеге шақырып алды. Сүйеудің рөлін ұсынды, естіген бойда, шошынғаным сон­ша, көздерім бағжаң етіп, кейін қарай серпілдім. «Жо-о-оқ, ата­маңыз!» Бір күні түнгі сағат үште Әзекең телефон шалады: «Әй, идиот, не істеп жатырсың?» «Ұйықтап жатырмын». «Идиот, мына спектакль құлағалы тұр, ал сен ұйықтап жатырсың. Адам емессіңдер, адамға жаны ашу деген болмайды ғой сендерде» деп менің бас тартатынымды біліп, алдын ала соққының үстіне соққы беретін боксшы сияқты тілге келтірмей төпелеп жатыр мені. Бас көтертпей төпелеп-төпелеп алып: «Ертең тоғыздан кешікпей кел, гримге отырасың» деді. Бітті. Сүйеудің бейнесі жаныма, сүйегіме дейін сіңгені сондай, аз уақытта шал сияқты қартайып, жүдеп кеттім. Одан кейінгі әңгіменің бәрі жұртқа аян. Спектакльдің атағы жер жар­ды. Орыстың ұлы актері Инно­кентий Смоктуновский Мәс­кеуге гастрольдік сапармен барғанымызда «Қан мен терді» көріп, Сүйеу рөліне жо­ғары бағасын берді. Қазақ өнерін бұрын-соңды мойындап көрмеген белгілі сахна шеберінің мен туралы айтқаны бірден Одақ көлеміне тарайтын басылымның бәрінде жарияланып, бір-ақ мезетте атағым дүркіреп шыға келдім. Спек­такль аяқталған соң «Где мой казахский степной старик?» деп Смоктуновкий сахна сыртына бізді іздеп келді. Мені көрді де: «Мен ойлағаннан әлдеқайда жас екен» деді. Жанында тұрған Әзекең: «Менің актерлерім жас­ты да, кәріні де ойнай береді» деп мақтанып қояды. Мен орыстың бірде-бір актерімен жақын танысқан емеспін. Өйткені орыстың атақты кино және театр актерлерінің көпшілігі арақ пен темекіге үйір келеді. Ал Смок­туновский мен сияқты ішімдік те ішпейтін, темекі де шекпейтін адам екен.

– Бір театрда табан аудармай алпыс жылдан аса жұмыс істейсіз, сонау жас күнінен хорда әнші болған үйдегі Сәуле апамызбен де бір шаңырақ астында осынша жыл бірге отасып келесіздер. Қоғамдағы отбасы құн­дылығының құлдырап, адал­дықтың, тұрақтылықтың құны тым-тым қымбатқа түсіп бара жатқаны сізді де қамық­тыратын болар?

– Нарыққа бейімделген за­манның заңы қатал. Қоғамдағы бұл қа­талдық асқына келе адам­ның болмысын, мінезін, тіршілігін өзгертпей қоймайды. Аз жылдың ішінде біз адам танымастай өзгеріп кеттік. Тегін білім алып, тегін емделу дегенді айтпағанда, қол ұшын созу, ауыл баласының жүгіріп барып біреуге көмектесе салу дейтін жанашырлық, кісілік қасиеттері бойдан алыстап барады. Жап-жас балалар қиындыққа шыдамай, өзіне өзі қол салып, қыршынынан қиылып жатыр. Аштықты да, соғысты да көрген бұл қазақ бір езуінен бал, бір езуі­нен май ағып отырған мамыражай заманда қолына арқан алып асыла салатындай жанынан мұнша неге безінді? Айналаның бәрі алдау, арбау. Ол үшін намыстанып жатқан адамды көрмейсің, аяғы аспаннан келіп аяқасты сорлап жатқандарды көріп тұрып, басқалары айылын жимақ түгілі, ұрлығы мен қылмысын тыятын емес. «Заман солай» деп қа­шан­­ғы заманға қарай аудара салып, кінәсіз адамның кейпін жасап қарап отырамыз? «Көппен көрген ұлы той» деп өзімізді жұбат­қанымызбен, кері кеткен қиын кезеңге кездестік. Құдай ақырын берсін дейміз, басқа не шара?

– Аға, осы сахна мен сая­саттың, театр мен биліктің арасы қандай болуы керек?

– Сахна – өнер алаңы ғана емес, халықтың бетпердесі, міне­зі, тарихы. Театрсыз ел – мәде­ниеті төмен ел.

Театр қоғамның өзекті мәсе­лесін екшеп алып, кемшілігін, қайшылығын көрсетіп, спектакль етіп қоя алса, соған халық пен биліктің назарын аудара алса, өз міндетін орындағаны. Жеке актердің санын сабалап, аттандап шы­ғуы міндет емес. Айғайлап шығу ба­тырлыққа жатпайды. Азаматтық көзқарасын өнерімен көрсетсін. Бұл үшін театрдың репертуар саясаты қоғамның жүгін көте­ретін мәселелерге байланыс­ты құрылуы керек. Сахна мен саясат­тың арасының қандай екені сонда көрінеді. Ал жалпы шындықты сахнадан айту қай кезде де оңай болмаған. Көлгірсіген өтірік айтылып жатқан жерде шыдай алмай, қынынан алмас қылышын суырып алып, тіліп тұрып айтатын жүрегінің түгі бар жігіттер де болды, бірақ кейіннен жұмысынан айрылып қалды. Баяғыда Нұрмұхан Жантөриндер жұмыстан сөйтіп кетіп қалған. Мінезі қиын еді ғой жарықтықтың, он жылдан артық өкпелеп жүріп, Райымбек Сейітметов директор болғанда театрға қайта оралды. Райымбек Мәскеуден Мажурин деген режис­серді арнайы шақырып, Жантөринге арнап «Жендеттер» деген спектакль қойды. Керемет спектакль болды. Көрерменмен қайта қауышқаны Нұрмұханның жанарына жас әкелді. Бұл спектакльде жеке тұлғалардың қорлық көруі, биліктің олардың үнін шығармай, табанының астына басып-жаныштауы сөз болатын еді. Нағыз Нұрмұханның өміріне ұқсас, өз тағдырына сәйкес келеді. Содан да болар, ол жасаған бейне көрерменді тебірентіп, еңіретіп жіберді. Амал не, жаңа келген директормен жұлдызы қарсы болып, Нұрмұхан тағы да театрдан кетуге мәжбүр болды және сол кеткеннен қайта оралмады. Ал ол ойнаған «Жендеттер» «саясатқа қайшы келеді» деген желеумен репертуардан мүлде алынып тас­талды...

– Сіз сахнадағы серіктес­теріңіз туралы көп жаздыңыз, «Та­зарғың келсе, театрға бар», «Өмірдің өзі – театр» ат­ты екі бірдей кітабыңызды оқыр­ман жылы қабылдады. «Сах­надағы жақсы серіктес» деп сіз кімдерді атар едіңіз?

– Бұл сұраққа кеңінен тол­ғанып жауап бергім келеді-ақ, бірақ бір қиын жері бар. Өнер адамы, оның ішінде театр әртісі бала сияқты, бір ауыз жақсы сөзге жаны семіреді, негізсіз қаралаған қияс сөзге өзегі өртеніп, жараланып қалады. Сол себепті біреуін айтып, біреуін атамай кетсең, бұртаңдап ренжиді. Бірақ кәсіби тұрғыда өссем, талантым жарқырап көрініп, азғантай абыройға бөленсем, сахнадағы сол серіктестерімнің арқасы деп ойлаймын. Өзің қанша жерден жаныңды салып ойнағаныңмен, сахнадағы серіктесің әлсіз болса, еңбегіңнің бәрі далаға кетеді. Актерлік өмірімде сахнада серік­тес болған әріптестерім жетеді, қайсыбірін айтайын. Солардың әрқайсысы бір бейнені әр сахнаға шығарғанда алуан қырынан дамытып, көрерменді өзіне тартып отыратын. Актер де, спектакль де бір ғана көрініспен көрер­меннің есінде қалады. Екі серіктес бір-біріне лайықты болса ғана, спектакльдің мәні, ажары ашылады. Бізді асыраған да, өсірген де осы өнер ғой.

– Жақында театрды мерейтойымен құттықтауға келген Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова алдағы жылы әкемтеатрда күрделі жөндеу жүр­­гізілуі мүмкін екенін, театр­дың жобасын жасауға қа­тыс­қан, құрылыстың басы-қасында болған мәскеулік екі ар­хитектордың бірінің әлі күнге Мәскеуде тұратынын, жа­қында ғана онымен телефон арқылы сөйлескенін айтты. Ресей архитекторы жөндеу жүр­гізгенде өте абай болу ке­регін, себебі театр ғимараты біре­гей архитектуралық нысандар қатарына жататынын ескертіпті. Айтпағым, М.Әуезов атындағы театрдың ашылу салтанатына сол кездегі КОКП Бас хатшысы Леонид Брежневтің өзі келіп қатысқан көрінеді, сол оқиға есіңізде ме?

– Есімде болғанда қандай! Өз уақытында тарихи оқиға ретінде қабылданған театрымыздың пайдалануға берілгеніне келесі жылы бұйырса, 40 жыл болады. Біз жаңа ғимаратқа 1982 жылы көшіп бардық. Брежнев ашылу салтанатына емес, сәл кейінірек келді. Ғимарат жобасы жаңашылдығымен, ерекше сәулеткерлік шеберлігімен үздік деп танылып, жоба автор­ларына Қазақстанның Мем­ле­кеттік сыйлығы берілді. Әкем­театрдың жаңа үйін көруге Лео­нид Ильичтің өзі келетін болды. Бұл деген сол кезде үлкен құрмет болатын. Дайындық барынша тыңғылықты әрі қатаң тәртіппен жүргізілді.

Содан не керек, генсек те келді-ау. Ғимаратты аралап көрді. Әрине, Димекеңнің өзі бас­тап алып жүрді. Біз бөлмемізден шықпай отырдық. Аралап болған соң жиналысқа шақырды. Төрде отырған генсектің әжетханаға шық­қысы келді ме, орнынан тұрып, сахна сыртына беттеді. Қасында, әрине, нөкері бар. Қырсық шаламын десе, аяқасты ғой. Дәл сол сәтте театр дирек­торының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Говарюк те әжетхана маңайында жүрсе керек. Одақ басшысының келе жатқанын көріп, алдын кес-кестемей, бір қалтарысқа бойтасалап тұра қалады. Генсек кеткен соң қуыстан шыға бергенінде күзетшілер ұстап алады. «Кімсің? Не істеп жүрсің? Неге тығылдың? Кім жіберді?» «Мен директордың орынбасарымын, әжетхананың әзірлігін тексердім» дегеніне қарамай, әбден қинайды. Не керек, сол орынбасарды жарты жыл тексерді-ау. Әйтеуір жоғарғы жақтың араласуымен ғана жаны аман қалды, бірақ жұмыстан кетіп тынды. Театр өмірі осындай оқиғаларға да толы, сонысымен де қызық.

– Сіздің майын тамыза айтатын әңгімеңізден екі қайтара естіп қалған Елбасымыздың сыйлығы туралы бір эпизод ылғи да сұхбатымызға ілінбей қалып қояды. «Нью-Йорктің мэрі берген» деп тағатын тағы бір галстугыңыз бар еді, айтулы шараларда алыстан көз тартатын әдемі галстуктеріңіздің сырын айту­дың реті келіп-ақ тұр бүгін...

– Сонау 90-жылдардың бел ортасында қазақстандық делегация құрамында АҚШ-қа бардық. Нью-Йорк қаласының мэрі қара нәсілді адам екен. Америкалықтарға танымал бо­луының себебі, өте іскер адам болған. Біз оған домбыра сый­ладық. О, ғаламат, қо­лына домбыра ұстап еді, әл­гі сү­­лікқарам қазаққа ұқсады да қал­ды. Міне, домбыраның құдіреті. Бейтаныс аспапты ары-бері тыңқылдатып шертіп отырды да: «до қайда?» деді. «Біздің домбыраның алдыңғы ішегі «ре»-ге негізделген» дедім қарап тұрмай. «Сіз музыкантсыз ба?» деді маған. «Жоқ, ак­термін». Мэр маған галстук сый­­лады. Нұрекең сыйлаған тағы бір галстук бар. Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен достығымыз сонау жас күнімізден басталып, содан бері жалғасып келе жатқанынан жұрт хабардар болар. Ол уақытта Нұре­кең хатшы-тұғын. Кейіннен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрекең делегация жасақ­тап Америкаға ресми сапармен барды. Ұмытпасам, Джордж Буштың президенттігі тұсында болса керек. Сол сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы маған галстук сыйлады. «Әй, Сәбит, мынау тым сәнді, тым ашық түсті галстук екен, мұны менен гөрі сен тақсаң жарасады, осыны сен ал, жарқырап жүр» деп маған тарту етті. Содан бері қанша жыл өтті, әлі өңі түскен жоқ. Мойынға тағатыным жетіп арты­лады ғой, не ғажабы барын білмеймін, анда-мұнда осы галстукпен ел алдына шықсам, өзім жайыма қалып, бәрі галстугымды қызықтап кетеді.

– Жетпіс жылға жуық өмі­ріңізді өткізіп келе жатқан театр­да актерлердің бірнеше буы­ны алмасты. Театрда буын­аралық алмасу үрдісі қа­лай жүр­ді, ол кезең мен бұл ке­зең­дегі ойын өрнегінен айыр­ма­шылық, өзгеріс байқайсыз ба?

– Баяғыда көрермен біздің театрға тек Фариданы көру үшін ғана келетін еді. Сәбира апам мен Хадиша апамды сағынып келетін көрерменде тіпті есеп болмайтын. Әнуардың Ванясын көру үшін келетіндер театрды басып қалатын. Билет жоқ, есікті сындырып жібере жаздап, сыртта сеңдей соғылысып жүретін еді халық. Ваня қазір де ойналып жатыр, оны ойнап жатқан Азамат та, Еркебұлан да талантты балалар, бірақ бәрібір мен үшін Әнуардың ойын өрнегі бөлек. Жаныма жақын. Қазір сын жоқ. Сараптау болмай қалды. Тек көпіртіп мақтай беретін болдық. Әйтеуір мақтай берсек, қателеспейміз дейтін болса керек. Кейінгі режиссерлер драматургияға, пье­саға қолын тым батырып жі­береді. Шетелдік режиссерлер­ге көп еліктеу байқалады. Спек­такльдерде би шамадан тыс көп қойылады, ән мен жыр да орынсыз көп. Қаллеки мен Ыды­рыстардың күндей күркіреп тұра­тын дауысы өздерімен бірге кетті, ендігі жас актерлер қанша күшенсе де, дауысы шықпайды. Сахнаның келбеті – актер. Драма театрының актері деген атқа лайық болу үшін жаныңды салып жұмыс істеуге тура келеді. Олай болмағанда жеңіл-желпі шоу-думанда жұртты күлдіргенге мәз болып, сайқымазақ актер бол­ғаныңды өзің де білмей қала­сың. Сөйлеген сөзіңе немесе айтқан әніңе шапалақ сұрап масқара боласың. Қалай дегенмен, театрға жаңалық та, атақ-абырой да жоғарғы деңгейде қойылған спектакльдер арқылы келеді. Осыны ұмытпағанымыз абзал.

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»