45 тәулік қамауға алынады
Комитет басшысының айтуынша, осыған дейін қолданылып келе жатқан заң тым әлсіз болғандықтан табиғат қаскөйлері жауапкершіліктен оңай құтылып кететін. Бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен қылмыстық және әкімшілік кодекстерге өзгерістер енгізіліп, енді жасыл желекті заңсыз кесетіндер қатаң жазаланатын болды.
«Бұған дейін «Қызыл кітапқа» енген өсімдікке зиян келтіргендерге 4 АЕК көлемінде айыппұл салынған еді. Қазір кез келген азамат сирек кездесетін ағаштарға зиян келтірсе, оған 500 АЕК-ке дейін, ал жойған жағдайда 1000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған», деді А.Қайнарбеков.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске де өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес, мемлекеттік орман қоры аумағында ағашты заңсыз отағандар келтірген шығын мөлшері 100 АЕК-ті құраса, онда 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Егер де ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсетін ағаштардың кесілгені тіркелсе, заңсыз оталған ағашты тәркілеумен қатар 500 АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылып отыр.
«Алайда шығын көлемі 100 АЕК-тен асып кетсе, онда Қылмыстық кодекстің нормалары қолданылатынын айта кету керек. Бұл жағдайда заңды бұзған тұлғалар 45 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін», деді ведомство басшысы.
Қалалық, өңірлік елді мекендер аумағында ағаштарды заңсыз кесу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретіні белгілі. Әйтсе де салалық ведомство тұтастай республика көлеміндегі өсімдіктерді сақтау мен қорғауға жауапты орган ретінде ағаштар мен талдарды заңсыз кесу, жою, сол секілді табиғатқа шығын келтіруге байланысты жауапкершілікті қатаңдату туралы базалық мөлшерлемеге толықтырулар енгізуге бастама көтергенін айта кеткен орынды.
Қандай жағдайда ағашты кесуге рұқсат?
А.Қайнарбеков ағаштарды жоспарлы түрде кесуге рұқсат беретін жағдайлар болатынын жасырмайды. Бірақ бұл үшін арнайы рұқсат қажет.
«Әр өңірде орман иеленушілері болады. Атап айтқанда, оның қатарына әкімдіктерге қарасты орман мекемелері, ұлттық парктер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кіреді. Олар кесілуі тиіс ағаштың көлемін анықтайды. Оның санатына қураған талдар немесе жас өскіндер, сондай-ақ өртенген ағаштар жатады. Мұндай ағаштар орман ауруларын тудырып, жас тал-теректерге қауіп төндіретіндіктен оны уақтылы алып тастаған абзал. Бұған қоса ормандардың іші тұрмыстық қалдыққа толы. Бұл өртті сөндіруді қиындатып қана қоймай оның ұлғаюына әкеліп, өрт сөндіру көліктерінің өтуіне кедергі келтіреді», деді комитет төрағасы.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, орман иеленушілері өз деректерін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына ұсынады. Осыдан кейін экологиялық сараптама жүргізіліп, комитет бұл ағаштарды кесуге рұқсат береді.
«Мысалы, ағашты кесуге байланысты бір реттік көлеміне рұқсат берілсе, іс жүзінде белгіленген көлемді тым асыра орындайтын жағдайлар кездеседі. Бұл заңсыз ағаш кесу деректеріне де қатысты. Белгіленген лимиттің орындалу барысын бақылауда ғарыштық мониторингтің септігі мол. Ай сайын көрсеткіштерді «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясымен салыстырып отырамыз. Егер де заңбұзушылық байқалса, онда құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп, залалды анықтаймыз», деді А.Қайнарбеков.
Орман қоры 5%-ға ұлғайтылады
Қазір Қазақстан аумағының орманмен қамтылу деңгейі – 4,8%. 2030 жылға қарай оның көлемін 5%-ға ұлғайту межесі қойылып отыр.
«Аталған көрсеткішке қол жеткізу сәл қалғандай көрінуі мүмкін. Десе де еліміздің территориясының ауқымдылығын есепке алсақ, бұл үлкен жұмысты талап ететінін ескеру керек. Осы орайда Мемлекет басшысының елімізде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы бұл міндетті орындауға оң ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінде орманды алқапты молықтыру мен оны ұлғайтуға қатысты кешенді жоспар әзірленіп, әр өңір өз көрсеткіштерін ұсынды. Біздің министрлік жанынан жұмыс тобы құрылып, облыстардың бұл бағыттағы жоспарлары зерделенетін болады. Содан кейін Үкіметтің қарауына жіберіледі», деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы.
Комитет басшысы бұл жүйелі әрі тиянақты жұмысты қажет ететінін айтады. Өйткені көшеттерді отырғызып, өсірместен бұрын орман дақылдары қорына кешенді талдау жүргізіледі. Сол секілді отырғызылатын ағаштың көлемі мен қажетті техниканың саны анықталып, топырақтың құнарлығына, орман тұқымы базасының нысандарына және тұқым қорына талдау жасау көзделуде.
«Тұтастай алғанда, жыл сайын 60 мың гектар алқапқа орман өсіру жұмыстарын жүргіземіз. Алға қойылған міндеттерді ескеріп, оның көлемі ұлғайтылмақ», деді ведомство басшысы.
Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл Қазақстан» жобасын әзірлеуді тапсырып, елімізде ауқымды көгалдандыруды жүргізудің маңыздылығын айтқан еді. А.Қайнарбеков бұл бастама табиғи-климаттық конъюнктураға мультипликативті әсер береді деген сенімде. Сонымен қоса оның айтуынша, экологиялық мәдениеттің төмендігі де табиғатқа айтарлықтай зиянын тигізіп келеді. Тәрбие тал бесіктен басталатынын ескерсек, бұл бағытта ағартушылық жұмысты күшейтуге басымдық беру қажет деп ойын қорытындылады құзырлы органның басшысы.