Руханият • 05 Ақпан, 2021

«Ақынды елі елемесе, сол қайғы...»

750 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында өткен жыр жұлдызы Жұматай Жақыпбаевтың еске алу кешінде Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев «Жетісулықтар, жарты байлықтарыңды сатсаңдар да ақынға арнап көше беріңдер» деп тебірене сөйлеген екен. Сол жылы лебіз Жетісу жұртының жадында. Сонда билік басындағылар туған ауылының іргесіндегі алма бақты тарту етпекке уәде етіпті. Міне, содан бері ширек ғасырдан асты. Ақынның туған топырағы тырп етер емес. Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Амандық Баталов халық алдында уағда байласып, арнайы тапсырма бергенімен, мәселе оң шешімін тапқан жоқ. Әлі де кеш емес дейміз-ау, әйтсе де...

«Ақынды елі елемесе, сол қайғы...»

 

«Айыбым болса кеше гөр, Асқақтау жердің маралы». Алдүзік ақынның Ләйласына арнаған осы бір сұлу өлеңін әдебиеттегі інілері өзіне қара­тып айтып жүр, қазір. Рухани қарызы үшін бе, жоқ қолында билік болмаған соң ба, кім білсін!? Әй­теуір, жылда ұрандаумен келеді. Әзірге, ақын атын ар­қа­лаған ауылындағы шағын мектеп қана...

Қаламгердің трагедиясы сол, со­ңың­нан біреу іздемесе, сорлайсың да қа­ласың. Жұматай өңірдің не аймақтың жырын жырлаған көп ақынның бірі емес, ол – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Сол нұрлы жұлдызға қарап қаншама жыр перілері қанатын түзеді. Оны түстеп айтсақ, таңды таңға созуға болады. Біздің бүгінгі әңгіменің бөгенайы бөлек.

«Егер ақындарды бір-бір тау деп елестетсек, Жұматай Жақыпбаев – баурайы миуа жеміске толы, қарағай, самырсыны сыңсыған, ғажайып тау. Ал егер ақындардың әрқайсысы бір-бір өзен десек, Жұмаға – жағасы нулы, жазы-қысы құс кетпейтін, берекелі, ағысы баяу, сұлу өзен... Жақыпбаевсыз қазақ поэзиясын елестету қиын. Ол – қара өлеңге өзгеше мәнер, өзгеше бояу берген тұлға». Бұл – Жақыпбаев құрған қағанаттың нояны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Гүлнәр Салықбайдың жүрек сөзі. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Себебі, ұстазының еске алу кешінде шәкірті де көп айтқан тілекке қосылып, әдебиеттің айтулы перзентіне көше бұйырса деген пікірді үстейді.

«Дүниеден өткеніне қанша жыл өтсе де, мен үшін Жұмағаңның орны ылғи да ойсырап тұрады. Қағанның жырлары әлі талай ұрпақтың жанына сәулесін түсірер. Әлі талай жастың жүрегіне махаббат дәнін себер. Алайда қазақтың Жұматайдай дарынды ақынының атында өзі Сарноқайдан бас­тап, жырға қосып өткен Жетісу орталығында бір көшенің болмауы ұят-ақ», дейді Г.Салықбай.

Ақынның туған күні сайын аймақ­тағы әдебиет ақсақалдары мен жас ақын-жазушылар осы мәселені көтергенімен – жетер жеріне жетпей қала береді. Енді қараңыз, 2019 жылы Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласынан ақынға көше беру туралы ұсыныс айтылған. Облыс әкімінің халық алдындағы есептік жиынында. Сол кезде мәселені мұқият тыңдаған аймақ басшысы сол тұстағы идеология жөніндегі орынбасары Ақан Әбду­әлиевті тұрғызып, Ж.Жақыпбаевқа көше беру мәселесін шешуді тапсырған еді. Алайда берілген тапсырманы қанша төбеге көтеріп күткенімізбен, жыл аяғына дейін ешқандай жаңалық болған жоқ. Сөйтіп, жыл айналып облысы әкімінің алдында осы мәселе қайта көтерілді. Яғни Ж.Жақыпбаевқа көше атын беруге қатысты былтырғы ұсыныс ешқандай шешім таппай, тиісінше әкім орынбасарлары мен басқарма басшыларының әрекетсіздігі әшкереленді. Мұны сол жиынға қатысқан дүйім жұрт жақсы біледі. Бұл мәселені әкімнің алдында айтқан журналист, ақын Қозыбай Құрман болатын.

«Мәселен, зиялы қауым жылы қа­был­дап, қарапайым оқырман еріксіз бай­ланған «Қаламгер» деген киноны алыңызшы. Біздің алып Жұматай, анық Жұматай, жарық Жұматай сонд­а қашалып тұр ғой. Бұлар тым құры­ғанда жыр қағаны атанған, бір өзі бір қала тұрыпты, тұтас республиканың мақ­танышына айналуы тиіс Жұматай Жақып­баевты «гуглдік» біліммен де біл­мегесін не айтасыз?! Өкінішке қа­рай, «Жұматай – истинный и даже ред­к­ий поэт» деп мойындаған Олжас Сүлей­меновтей ақынның жақын досы Амандық Баталовтың өзі ұятқа қалып отыр. Өз тапсырмасы мен уәдесін өз атқа мінерлеріне орындата алмай. Бәлкім, бұл мәселе ел газеті «Егеменде» де көтерілсе, құлақ тү­ретін болар деп ойлаймыз», дейді Қ.Құрман.

Осыдан екі жыл бұрын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін бастаған бір топ қаламгер Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына «ұлт әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегін ескере отырып, облыс орталығында орналасқан В.Маяковский атындағы қала­лық орталық кітапханасына қазақ­тың айтөбел ақыны Жұматай Жақып­баевтың есімі берілсе» деген ұсыныс хат жолдаған. Хаттың соңында «Бұл сауалды осыдан 4-5 жыл бұрын қала тұрғындары, ізін басқан шәкірттері мен қаламдас достары көтерген еді. Мораторийге ілікті. Осы жолы оң шешімін тапса екен дейміз» делінген. Сол тұста басқармадан жақсы жаңалықты ымдаған арнайы жауап хат та келген. Бірақ...

Біз бұл істің анық-қанығын білмек ниетте бас­қарма басшысы Марлен Көлбаевқа хабарласқан болатынбыз.

«Көше беру – менің құзыретімде емес. Егер ел азаматтары ескерткіш ашам деп оқталса, құжатын реттеп, комис­­сиядан өткізіп беруге дайынмын. Оны жасайтын менде жеке қаражат жоқ. Ал кі­тапхананы әдейі тиіскізбей отырмын. Жұматай атын берейік деп. Тағы хаттар түсуі керек болған. Сол тұс­та мораторийге ілікті. Қазір қайта көтеріл­се, мен қолдауға дайынмын. Кешін өткі­зуге, кітап шы­ғаруға әзірмін», дейді М.Көлбаев.

Кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан ақын Владимир Маяковскийдің қазаққа қандай жақсылығы өткенін білмейміз. Оның үстіне, шағын шаһарда Чкалов, Некрасов, Мир, Матросов, Семиреченская, Ли секілді аты да, заты да белгісіз көшелер қаптап жатыр. Ал Есенқұл Жақыпбек, Мейірхан Ақдәулетов, Әбубәкір Қайран, Нүсіпбай Әбдірахым, Светқали Нұржан секілді қазақтың аяу­лы ақындарына «аға» болған жыр жампозының көлеңкеде қалғаны көңілге ауыр тиеді.

Жарайды, көше аты мен ескерткіш мәселесін бұл облыстың «шамасы» жетпейтін, әкімнің бұйрығы өтпейтін «күрделі» дүние делік. Ал сонда, өзгесін дәл осы жерде өлшеп-пішпегенде, атақты BBC-дің өзіне бейне-ролик түсіртерде қолы ұзын Алматы облысы Жұматай Жақыпбаевқа арнап ең құрығанда бір деректі, ия көркем туынды түсіруге шамасы жетпеді деп ойлайсыз ба?

Кезінде ақынның өзі қызмет еткен сүйікті қа­ласы Талдықорған қаласында көше атын беру туралы әңгіме жыр қағанының 70 жылдығында да, елеусіз өткен 75 жылдығында да көтерілген. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Бұған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысы Болат Керімбек бірнеше жыл көше беруге мораторий жарияланғанын айтып, тағы ұсыныс хат жазуға тура келетінін жеткізді.

«Менің қызметке келгеніме 2-ақ ай болды. Істің мәнін әлі толық бағдарлай алмай жатырмын. Алдағы уақытта бұл мәселені реттейміз», деді Б.Керімбек. Ал Жазушылар одағы Алматы облыс­тық филиалы директорының орынбасары Жангелді Немеребаев ұсыныстың жыл сайын нәтижесіз қала­тынына қапалы.

«Өткен жазда облыс орталығындағы солтүстік-батыс ауданынан бір шағын көшедегі үйдің сыртына «Жакипбаев» деген жазуды көзім шалып, қуанып қалып едім. Сөйтсек, «Жақынбаев» деген өзге адамның тегін тақтайшаға орыс тілінде қате ілген көрінеді. Өзі туып-өскен өңірдің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Алаштың ақыны Жұматай Жақыпбаевқа көшемен қоса қаланың бір көрікті жерінен еңселі ескерткіш қойса да артық етпес еді», дейді Ж.Немеребаев.

Әйдік ақынға көше аты мен ескерт­кіш орнатуға облыстың қауқары да, қаржы­сы да жетеді. Жетпейді дегенге кім сене қойсын?! Әмбе «ескертпеді» деп кінәні қаламгерлерге итеруге тағы келмейді. Тек ішкі идеологияның осалдығына жору­ға болатындай. Бұл мәселе күннен-күнге «сен тимесең, мен тимеге» ұқсап бара­ды. Әлде, ақынның:

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге қай бетіммен кектенем?

Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген? – деген сөзі рас па екен?! Әйтеуір, сол бақ Жақыпбаевтың басынан айналып ұша берді-ау?!