Парламент • 05 Ақпан, 2021

Каспийдегі балық аулау аумағы ұлғаяды

258 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Каспий теңізіндегі балық аулау аймағын ұлғайтуға қатысты заң жобасы қабылданды.

Каспийдегі балық аулау аумағы ұлғаяды

«Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне Каспий теңі­зінде қызметті жүзеге асыруға байланыс­ты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жоба­сындағы жаңа нормаларға сәйкес Қазақ­станның Каспийдегі теңіз белдеуінің ені 15 мильді құрайды. Ал қазақстандық ба­лықшыларға балық аулау үшін ішкі және аумақтық суларға тәуліктің кез келген уақытында шығуға мүмкіндік туады.

Осы құжат жөнінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді баяндама жасап: «Ақтау конвенциясы – жиырма жыл­дан астам уақыт алған ұзақ әрі аса күр­делі келіссөздердің нәтижесі. Ол теңіз жағалауындағы мемлекеттердің үйлес­тірілген халықаралық қарым-қатына­сының жаңа негізін қалап, заманауи талаптарға жауап беретін Каспийдің жаңа құқықтық режімін жасайды. Каспий жағалауы мемлекеттері акваторияны әр­түрлі режімдегі аумақтарға – ішкі суларға, ені 15 теңіз милі болатын аумақтық сулар­ға, он мильдік балық аулау және ортақ теңіз кеңістігіне бөлу туралы консенсусқа қол жеткізді.

Кеме қатынасы, биоресурстарды орынды қолдану, сондай-ақ суасты кабельдері мен құбырларын тартуға қатысты ортақ су кеңістігінің еркіндігі және жер қойнауын пайдалану бойынша егемендік құқықтарға қатысты жағалау мемлекеттерінің арасында теңгерім сақталған. Биологиялық ресурстарды қолдану және теңіз ортасын қорғауға қатысты мәселелер кешені реттелген», деді.

Министрдің сөзіне сүйенсек, конвен­циялық ережелерді заң жобасына импле­ментациялау шеңберінде аумақтық сулардың енін 12-ден 15 теңіз миліне дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ белгі­ленген акваторияда теңіз ғылыми зерт­теулерін және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігін жүргізу тәртібін анықтайтын балық аулау аумағының төңірегінде «балық аулау аумағының режімін» енгізу қарастырылған.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң жобасы ұлттық заңнаманы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерімен сәйкестендіреді. Конвенцияға Каспий жағалауындағы елдер басшылары 2018 жылы 12 тамызда қол қойғаны белгілі.

«Конвенцияның негізінде тиісті заң­дарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақ­тық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабылданған заң жобасы мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Кас­пийде еліміздің экономикалық мүдде­сін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалып­тас­тырады. Сондай-ақ заңның бірқатар нор­масы су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған. Жаңа нормалар біздің ұлттық мүддемізге сай келетіні сөзсіз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» тура­лы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа енгізілетін жаңа нормалар ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржы­ландырудың және ғылыми қызмет нәти­желерін коммерцияландырудың ашық­тығын көздейді.

Құжатты Сенат депутаты Еділ Мамыт­беков таныстырып: «Парламент депу­тат­тарының бір тобы қолданбалы ғылыми зерттеулердің тиімділігін, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін қолдау және коммерцияландыру тетік­терін арттыру жөніндегі бірқатар шараларды ұсынатын осы заң жобасына бас­тамашылық жасады. Заң жобасында ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, инновациялық қорлар, инженерлік зертханалар, технопарктер, коммерцияландыру кеңселері және ғы­лыми және ғылыми-техникалық қыз­метті сүйемелдейтін басқа да құрылымдар арасында ғылыми-инновациялық инфра­құ­рылымның жекелеген элементтері арасында орын алған даму теңгерімсіздігі мен экономикалық өзара іс-қимылдың болмауын жою қарастырылған», деді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасында ғылымның академиялық, жоғары оқу орындары мен салалық тармақтарын тиісті үйлестіруді жолға қоюға бағытталған  түзетулер енгізілген. Бұл қаржыландырудан бастап, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуге дейінгі процеске толыққанды мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

«Қазақстандық және шетелдік сарап­шылардың бірыңғай базасын құру нормасы көзделеді. Бұл рецензенттердің деңгейін, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған жобаларды сараптамалық бағалау тұрғысынан, ғылыми жобалардың деңгейімен барабар сәйкестікке келтіруге мүмкіндік береді.

Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру процестері мемлекет тарапынан бюд­жеттік қаржыландыру саласына тартыл­ған. Осылайша, екі негізгі буынды – тиімді гранттық қаржыландыру мен ғылы­ми нәтижелерді коммерцияландыру­ды қолдау шаралары күшейтіледі. Бұл – Қазақстанның нақты ұлттық инно­ва­циялық жүйесін қалыптастыру процестерін жандандырудағы маңызды қадам.

Әрине, ғылымның барлық түйткілді мәселелерін бір заң жобасында қамту мүмкін емес. Жеке нормалар нақты си­патқа ие. Атап айтқанда, ұғымдық аппарат нақтыланды, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда гранттық қаржыландыру қағидаларын бекіту жөніндегі Үкіметтің өкілеттілігі кеңейтілді. Ғылым және ғылы­ми-техникалық қызмет саласындағы салааралық үйлестіру бөлігінде ғылым жөніндегі уәкілетті органның жекелеген функциялары мен міндеттері қайта қа­рал­ды. Үкімет жанындағы Жоғары ғы­лыми-техникалық комиссияның, Ұлттық ғы­лыми кеңестердің міндеттеріне өзгеріс­тер енгізілді, Мемлекеттік ұлттық ғы­лы­ми-техникалық сараптама орталығы­ның құ­зы­реті кеңейтіледі», деді Е.Мамыт­беков.

Депутаттардың пайымдауынша, заң жо­басын қабылдау инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесін ұлғайтады. Қазіргі таңда 28411 кәсіпорынның небәрі 3206-сы ғана инновациялық-белсенді кәсіпорынға жатады.