Экономика • 05 Ақпан, 2021

Мал азығы қымбаттап кетті

600 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қысы ұзақ біздің өңірде төрт түлік басының көбеюі ең алдымен мал азығына байланысты. Биыл облыста мал шаруашылықтарына субсидияға 4,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Негізінде шаруалар қамқорлықтан біржола қағыс қалып отыр деуге болмайды. Былтыр әртүрлі қажеттіліктерге 9,4 млрд теңге көмек көрсетіліпті. Тек бір түйткілді жайт – қарастырылмаған да бағыт бар.

Мал азығы қымбаттап кетті

 

Малсақ қауымның уайымы – мемлекет тарапынан көр­сетілетін қолдауға қолының жет­пей қалуы. Азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосатын өңірдің ша­руа­­шылық басшылары кей-кей­де өкпе-наз да айтып қояды.

– Былай қарағанда, қолдау­дан құр қалдық деп өкпелеуге де болмайды. Шын мәнісінде мемлекет тарапынан өте жақсы көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ барлығын таразылап, бір жүйе­ге келтіру де қажет тәрізді. Мәсе­лен, былтыр облыс шаруаларына 9,4 млрд теңге берілді. Осы мол қаржы мал бағып отырған қауымдастықтардың бәріне бірдей жетпеді. Оның себебі, субсидия алу үшін берілетін өтініш облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында ақша болғанда ғана қабылданады. Негізінен, субсидияның негізгі түрлері мау­сымға байланысты ғой, – дейді «Құлан» шаруа қожа­лығының басшысы Құлан Батыров, – уақыты өтіп кеткен­нен кейін кейбіреудің қолы жет­пейтіні де шындық.

Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, мал басын көбейтудің азабы аз емес. Ең бірінші, шабындық жердің аздығы. Құрғақшылық жылдары бейнелеп айтқанда, тоқымдай ғана шабындықтан жиналған мал азығы бағымдағы малдың көлеміне шаққанда әлдеқайда жетімсіз болады. Ондай жылы егістік басынан жинайтын сабан да мардымсыз, егін нашар шыққан соң жем де қара күзде қымбаттап кетеді. Демек, мал азығына бөлінетін субсидия көлемін әр жылдың ерекшелігіне орай есептеген дұрыс шығар. Әйтпесе, төрт түліктің басын көбейтуге ынталылар аз емес.

– Қазір мал азығы қымбат­тап кетті, – дейді жеке кәсіпкер Манат Көшкенов, – қар түскелі бір қап жемнің құны 2,5-3,5 мың теңгеге жетіп қалды. Маған күні­не 8 қап жем азығы керек. Ен­ді есептей беріңіз, алты ай қыс­та тек жемге қанша қаражат жұм­сайтындығымызды.

Биыл біздің өңірде ет қымбат дейтін өкпе жиі айтылады. Оның қымбат болатын себебі, шаруа­лардың мал азығын қым­батқа алуынан. Егер мемлекет мал азығын дайындауға қар­жылай көмектессе, ет-сүт өнім­дері­нің құны да арзандауы әбден мүм­кін. Бір түсініксізі, өзге өңір­лерде мал азығына субсидия бө­лінеді екен. Негізгі табы­сы мал сүмесі болып отырған біздің өңірде бұл мәселе неге шешілмеген? Шаруалар бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Айтудай-ақ айтып келеді. Осы тақырыпты қаузаған 33 шаруашылықтың ұжымдық арызы өңірлік Кәсіпкерлер палатасында жатыр.

– Негізінде, малдың жем-шө­біне көмек жергілікті бюд­жет­тен бөлінуге тиісті,– дейді об­­лыс­тық Кәсіпкерлер пала­та­сы­­ның басшысы Жұлды­зай Әу­бә­кірова, – облыста мал азығына қар­жы бөлінбейді. Осы жайдың мал басын көбейтіп, өнім ба­ғасын төмендетуге әсерін тигізіп отыруы да әбден мүмкін.

Қаржы тапшылығы, әри­не, бюджетке байланысты. Ма­мандардың таратып, түсін­ді­ріп айтуына қарағанда, бір­неше жыл бұрын бекітілген қаржы көлемі өзгеріссіз қалған.

– 2014 жылдан бері субсидия көлемі өзгерген жоқ, – дейді облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасы басшысының орын­басары Қасым Итқұсов, – ал мал басы жыл сайын өсіп келе жатыр ғой. Сондықтан бұл – назар аударатын үлкен мәселе. Былтырғы қажеттілік Үкіметтен қаржы бөлу арқылы шешілді. Биыл да сұрау қажет. Әр жыл сайын алақан жа­йып сұра­ғанша, біржола шешіп тас­тағанымыз дұрыс болар еді. Бұл мәселе Ауыл шаруа­шылы­ғы министрлігіне де белгілі.

Төрт түліктің тағдыры мал азығын молайтуға, қат-қабат шығыннан басын көтере алмай жатқан малсақ қауымды демеуге байланысты. Осы бір жайды құлаққағыс ету арқылы қиын түйіннің шешімін табу­ға септігімізді тигізсек, абырой болар еді.

 

Ақмола облысы