Білім • 05 Ақпан, 2021

Жетісу мемлекеттік университеті енді акционерлік қоғамға айналды

1480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы елге танымал  оқу орны, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті акционерлік қоғам болып өзгерді, деп хабарлайды Egemen.kz

Жетісу мемлекеттік университеті енді акционерлік қоғамға айналды

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мемлекеттік атаудан шығып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы №752 қаулысына сәйкес «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып құрылды. Бұл туралы университет ректоры Қуат Баймырзаев жергілікті журналистерге берген сұхбатында мәлімдеген. 

- Қазіргі уақытта мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Алайда, біздің акцияларымыздың 100 пайызы ҚР Білім және ғылым министрлігіне тиесілі. Оның үстіне Президенттің өзі мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтыны туралы нақты айтты. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ, - деді университет ректоры.    

Сондай-ақ Қуат Баймырзаев бұл өзгерістің университет үшін оң тұсы көп екенін де атап өтті.

75898 

- Бұрын көп сұрақтарымызды министірлікке жіберетінбіз. Ал, қазір академиялық бостандығымызға байланысты ол мәселелердің барлығын өзіміз шеше алатын жағдайға жеттік. Оқу бағдарламасының 90 пайызы өзімізде құрастырылады. Қалған 10 пайызына тек міндетті пәндер кіреді. Енді біз оқу бағдарламасын құрастыру барысында «Атамекен» палатасымен және жұмыс берушілермен келісім жасаймыз. Неге? Себебі қазір жоғарғы оқу орындарының рейтингі университет түлектерінің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Мойындау керек, қазір жас мамандардың жұмысқа тұруында критерийлер бар. Осының алдын алу үшін біз жұмыс беретін мекемелермен келісіп, оларға қандай мамандар қажет екенін сұрастырамыз. Олар мамандықты көрсетіп және сол саланы меңгеріп шыққан жас маманнан белгілі бір кәсібилікті талап етеді. Біз осыларды ескеріп, оқу бағдарламасын құрастырамыз. Кейін өзімізден оқып шыққан түлектер ол жақта сапалы қызмет етіп жатыр ма, әлде біліктіліктері төмен бе деген сияқты сауалдар жолданады. Егер кем тұстары болып жатса, алдағы уақытта оның орнын толықтыруға күш жұмсайымыз. Яғни, бұл университетіміздің бәсекелестігін арттырады, - деп түсіндірді жетісулық ЖОО ректоры.