Аймақтар • 05 Ақпан, 2021

Ақтөбеде су тасқынына дайындық басталды

519 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық жұмыстары басталды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 155 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды egemen.kz.

Ақтөбеде  су тасқынына дайындық басталды

Облыс орталығы мен оның төңірегіндегі елді мекендер бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға 100-ден астам су сорғыш көлік, 20-дан астам арнаулы техника және 5 мотопомпа жұмылдырылады.Сондай-ақ қала шетіндегі бау-бақша ұжымдары орналасқан аумақтағы су деңгейін бақылауда ұстап, жеке тұрғын үйлерге кірмеуі үшін күрт көтерілген судың жолын бөгеуге 4 мың  тонна құм, саз, қиыршық тас дайындалды. Тасқынға қарсы шараларға 7 мердігерлік ұйым мен 160-тан астам арнайы техника қатысады.

Соңғы күндері Ақтөбе облысын аумағында ауа температурасының күрт жылынып, қыс ортасында көктем келгендей табиғат құбылысы күрт өзгерді. Кешеден бері ауа температурасы +2 градусқа  дейін жоғарылап, қар ери бастады. Синоптиктер  келесі аптада күн райы қайта қатаңдайды деген болжам жасап отыр. Соған қарамастан күн қайта суытса да жылдағыдай өңірде ақпан айының ортасынан ауа көктемгі жұмыстарға дайындық басталады. Биылғы қыста қар аз түскенімен, күзде тоң  жерге бірден қатты. Ылғалдың күзде жерге сіңіп кетпей,мтопырақтың беткі  қабатында сақталуы көктемде өсімдіктерге жақсы қорек болары анық.

Екі-үш күннен бері Ақтөбенің іргесінен арнайы бөлінген полигондарға қаладан  122 мың текше метр қар шығарылды. Қар қоқыс полигонына және  «Ақжар-2» тұрғын үй массиві жанынан арнайы бөлінген аумаққа тасылуда. Осы айдың соңына қарай коммуналдық мекеме қызметкерлері қала көшелеріндегі су арықтары мен су өткізетін шағын каналдарды тазалауды бастайды.Бүгіннен бастап төтенше жағдайлар департаментінің 63 қызметкері мен 18 техника қалада тәулік бойы кезекшілікке шығады.